Жаңалықтар

«Жалаңаяқ» журналист

Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Аудандарға жасаған сапарларымның бірінде естідім. Әңгімеші ақсақалдың айтуынша, ертеректе болған оқиға.
Күзгі жиын-терімнің кезі. Облыстық басылымның тілшісі іссапармен астықты ауданға келеді. Журналист – бойы еңгезердей, тұлғалы азамат болса керек. Ал, жол бастаған совхоз директоры шынашақтай жігіт. Шопырының да пошымы директордай. Үшеуі егін алқаптарын аралауға шығады.
Масағы күнмен шағылысқан егінді аралап келе жатқанда журналист көлікті тоқтатып, сурет түсіру үшін егістікке кіреді. Белуарға жетер бидайды кешіп жүріп, екі-үш кадр жасайды. Сөйтіп, кері айнала берген сәтте қайдан шыққаны белгісіз, бір қарсақ журналистің былғары бәтеңкесінің тобық тұсынан тістей алыпты. Тілшінің жанұшырған айғайын естіген директор мен шопыр да тез жетіп, әлгі қарсақты сүйменмен соғып өлтіреді.
Сол жерде «дені сау қарсақ адамға шаппайды» деп түйген үшеуі дала аңын құтырғанға шығарады. Журналистің бәтеңкесін қарсақпен қоса өртеп, аяғын тізеден төмен сөмкеде жүрген «көкмойынмен» жуады. Қалғанын дезинфекция үшін өздері ішіп, алдын алу шараларын жасайды.
Енді, журналистке аяқ киім керек. Директор мен шопырдың размерлері белгілі. Тілші ауылға жалаңаяқ келеді.
Бұл оқиға кейін де ұмытылып кетпеген. Ауыл адамдары кейбір әңгімені бастамас бұрын «анау жалаңаяқ журналист келетін жылы ше» деп нақтылап алады екен.
Әзіл астарынан журналистер қауымына қатысты әлеуметтік мәселенің құлағы қылтияды. Аты – тәуелсіз, заты – тәуелді қазіргі жазармандардың ха­лі нешік?! Аяғымыздағы бәтеңкеміз бүтін бе?!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button