АймақЖаңалықтарҚарқаралы

“Жаймадан” үйрен, шаруагер!

Жалпы үкімет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға арналған кешенді бағдарламаларды жүзеге асыруда Қарқаралы ауданы шет қалған емес. Ата кәсіпті қолға алған аудан тұрғындары ірі-ірі шаруа қожалықтар құрып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Сондай шаруашылықтың бірі – Қоянды ауылдық округіндегі «Жайма» шаруа қожалығы. Жақында аталмыш шаруашылық алдағы жұмыстарының таныстырылымын өткізді.


Аудан әкімі Халел Мақсұтов, аудандық мәслихат хатшысы Сләмиден Нұркенов, ауыл әкімдері, қожалық басшылары қатысқан келелі жиында «Жайма» шаруа қожалығының басшысы – Батырбек Алдабергенов шаруашылықтың жұмысына тоқталды.
2013 жылдан бері мал өсіріп, 55987 га жерді игеруші шаруашылық мал азығын дайындауды да жақсы жолға қойған. Мұнда 700 ірі қара, 900 жылқы бар. Шаруашылықтың ендігі тындырар ісі – «Жайма» мен Қоянды елді мекенін бөліп тұрған Ащысу өзенінің бойына 11 млн текше метр су қоймасын тұрғызу. Жұмыстарды жүзеге асыруда облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының келісімін алған.
Бүгінде барлау жұмыстары аяқталып, нысанның құрылыс аумағына геодезия жұмыстары жүргізіліп, жобалау сметалық құжаттары дайындалуда.
Құрылыс жұмыстарының барлық құжаттамасына жұмсалатын қаржыны шаруа қожалығы мойнына алса, ал, жобаны қаржыландыру – бюджеттен.
Су қоймасының құрылысы осы жылдың қыркүйек-қазан айларында басталады. Жобаның тиімділігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен егін шаруашылығының өнімділігін арттыруға, басқа да аудандағы шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз етуге, аналық мал басының өсіміне және 25 адамға арналған жұмыс орынын ашуға зор мүмкіндік беруінде болып отыр.
Заман талабына сай ауыл шаруашылық саласын дамытудың алғы шарты – әртараптандыру. Ол агроөнеркәсіп кешенін дамыту және экспортқа отандық сапалы өнім шығаруға оң әсерін бермек. Сонымен қатар, шаруашылық басшысының сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылық саласындағы еңбек өнімділігін арттыру өнімдерді өңдеуді күрт молайтып, жаңа технологияларды қолдануға ықпал етпек. 

Мәселен, «Жайма» шаруа қожалығындағы еңбеккерлерге күнделікті тұтынатын азық-түлік, еңбекақысынан бөлек, мал басының өсіміне қарай, белгілі бір көлемде пайыздар төленеді. Сондай-ақ, еңбегіне қарай мал басымен де есеп айырысады.
Ал, бұл шаруашылық басшысы мен көмекшілері арасындағы қарым-қатынастың дұрыс жолға қойылып, жауапкершіліктің артуына мүмкіндік туғызуда. Жобаны қорғау жиынында малды жайып суару технологиясы туралы да айтылды. Бұл жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылмақ. 

Бүгінгі күнге Айып шатқалынан 900 га жерге дамба құрылысын салу үшін жұмыстар жүргізілуде. Жайып суару өз деңгейінде ауыл шаруашылық саласындағы өнімділіктің еселеп артуына әкеледі. Сонымен қатар, көктемгі су ағысын тежеп, жер қыртысының мүжілуін азайтып, ылғалдануына, ішкі ылғал айналымын күйшетуге ықпал етеді. Жобаның құндылығы, көп қаражатты қажет етпейді, құрылысы қарапайым әрі суаруды үздіксіз пайдалануға мүмкіндік береді. Әрі жайылым алаңы жоғарыда орналасса да, судың көтерілуі кедергісіз жүзеге аспақ. Әрине, осындай табиғи мүмкіндіктерді пайдалану біріншіден, жайылымды қамтамасыз етуге, екіншіден, тиімділікте, яғни, қаражатты үнемдеуге, үшіншіден, өнімнің сапасы мен өнімділігін арттыруға көп көмек болмақ. Сонымен қатар, шаруа қожалығы Өзбекстан мемлекетіне төртінші класты бидай мен ет экспорттау жұмыстарын да қолға алмақ. Сорты төмен бидай мен жас мал етін Өзбекстанға жоғары бағада өткізуге әлеуеті жетеді. Жиын соңында, аудан басшысы, шаруашылықта атқарылып жатқан іргелі істерді көріп, тәжірибе алмасуға аудандағы өзге де шаруашылықтарды шақырды. Әрі осындай жобаларды басқа да шаруа қожалықтарында жүзеге асыруға мүмкіндік бар екендігін жеткізді. 

Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»

Қарқаралы ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button