МәселеМедицина

Жайлы орта – тең мүмкіндік

Адам – еліміздің басты құндылығы. Мүмкіндігі шектеулі болса да, ол – қоғам мүшесі. Осыны сезіндіріп, оларды шеттетпей, әлеуметтендіруге баса назар аудару керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау керектігін баса айтқан еді. Қолайлы жағдай дегеніміз – кедергісіз орта. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамдық көліктерден бастап, барлық мекемелер мен қоғамдық орындарға баруға толық құқығы бар. Алайда, мүмкіндігі жоқ. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.

Кей мекемелердің алдындағы пандусты көрсеңіз, кәдімгі сырғанақ дерсіз. Одан кембағал адам тұрмақ, он екі мүшесі сау адамның көтеріліп, түсуі қиын. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан бірқатар шаралар қолға алынған. Жоғарыда айтқан жобадан бөлек, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар бар. Ол 2021 жылы қабылданған.

Жоспарға сәйкес, 5 жыл ішінде ел бойынша 35 мың инфрақұрылым нысандарын бейімдеу қажет. Алайда, бүгінгі таңда оның 30%-ы ғана, яғни, 10 444 нысан ғана бейімделген. Жақында өңірге келген Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова осылай деді.

– «Кедергісіз» ортаны қамтамасыз ету – мүгедектігі бар адамдарды толыққанды интеграциялаудың негізгі факторларының бірі. Мониторинг нәтижелері бойынша бүгінгі таңда 35 мың инфрақұрылым нысандарының тек 30%-ы ғана бейімделген. Бұл мәселені шешу жолдарының бірі – көлік және сәулет-құрылыс саласында бақылауды күшейту, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жандандыру, – деген еді министр.

Ведомсто басшысының айтуынша, бейімделген нысандар көрсеткіші республика бойынша 30,4 болса, Қарағанды облысында сәл жоғары. Қарағанды мүмкіндігі шектеулі жандардың саны жағынан алдыңғы қатардағы аймақ екенін ескерсек, бұл мәселе әлі де өзекті.

Аймақта 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1 659 нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар 679 нысанның инфрақұрылымын бейімдеді. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті бақылау жүргізіп, аталған нысандардың 83-і толық бейімделгенін анықтады. Оның ішінде, барлық деңгейдегі әкімдіктер, бірқатар денсаулық және білім беру, мәдениет және спорт нысандары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, пошта сияқты нысандар бар. Департамент өкілдері мәлімдегендей, 150 нысан бейімделмеген, ал, 446 нысан ішінара бейімделген деп танылды. Оларда қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі заңнама талаптарын бұзған 1 606 факті тіркелді.

Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау шеңберінде департамент мамандары мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік және басқа да салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 38 тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша объектілердің басшыларына анықталған бұзушылықтарды жою туралы 24 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 2,8 млн. теңгеге 14 әкімшілік айыппұл салынды. Заңнама талаптарына сәйкес, бұзушылықтар алғаш рет анықталған жағдайда меншік иесін әкімшілік жауапкершілікке тартпай, жою туралы нұсқамалар ғана беріледі. Айыппұл нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда салынады.

Әдетте жекеменшік, коммерциялық нысан иелері мұндай ескертулерге бейжай қарайды екен. «Лучик надежды» қайырымдылық қорының директоры Татьяна Кравченко осылай дейді.

– Қозғалысында қиындық бар адамдар мүгедектер ғана емес. Бала сүйреген аналар, қоларбамен жүретін қарттар, жарақаттанып, балдақпен жүретіндер бар. Бір қарағанда, пандус бар, бірақ, олармен жүру мүмкін емес. Градусы ескерілмейді. Есік кері ашылады, тұтқасы жоғары немесе, тіпті, жоқ болады. Әдетте сауда үйлерінде бірінші қабатта азық-түлік, жоғарысында бутиктер болады. Кейбір сауда үйлерінде ғана лифт бар. Эскалаторда тұра алатын адамдар үшін. Мұның барлығын сол ұйымдардың адамдары бақыламайды. Неге жағдай жасалмайтынын сұрасаң, «қосымша қаражат керек» дейді. Бір дәмханаға бардық, орнатқан пандус­тары бағанмен қатар тұр. Одан түскен адам бағанға соғылады. Сұрасақ, «бізге ондай адамдар келмейді» деп жауап берді. Олар барғысы келмегеннен емес, баруға мүмкіндіктің жоқтығынан бармайды. Бұл ретте мемлекеттік, бюджеттік мекемелер ұсыныстарға құлақ асады, істеуге тырысады. Мұны айту керек. Ал, жекеменшік кәсіпорындар қаражаттың жоқтығына сілтейді. Бұл – жауапсыздық, – дейді Татьяна Ивановна.

Қор басшысы салынып жатқан мектептерде бұл қажеттіліктер ескерілсе екен дейді.

– Гапеев көшесінде салынған мектепке бірнеше рет барып, лифт бар-жоғын сұрадым. Оған қосымша қаражат керек екенін айтты. Яғни, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін лифт басынан қарастырылмаған. Қазір инклюзивті сыныптар көптеп ашылуда. Сондықтан, әуелі балалардың сол сыныптарға барып-қайтуы ескерілсе екен, – дейді Татьяна Кравченко.

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға жәрдемдесуді мақсат етеді. Партия Қарағанды облыстық филиалының саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Шаменовтің айтуынша, мемлекеттік қолдау, ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғам өміріне тартуға бағытталуы тиіс.

– Партияның облыстық және аумақтық филиалдары жыл басынан бері «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 5,1 мыңнан аса адамды қамтыған 145 шараны жүзеге асырды. Бұның ішінде әлеуметтік объектілерді бейімдеу және бейімдеу орталықтарының жұмысына қоғамдық мониторинг жүргізу, қалаішілік қоғамдық көліктердің бейімделуіне мониторинг жүргізу жұмыстары жасалды, – дейді Нұрсұлтан Шаменов.

Бұдан бөлек, «Ten qogam» орталығының жетекшісі Нияз Сүндеталиев құжатсыз жандарға құжаттарын рәсімдеу бойынша бірқатар істер атқаруда. Орталық заңгерлері мүмкіндігі шектеулі құжаты жоқ жандарға көмек қолын созуда.

«Кедергісіз келешек» – мемлекеттің ғана емес, азаматтардың, жұмыс берушілердің, жалпы, қоғамның ортақ жауапкершілігімен қол жеткізетін мақсат. Онсызда шектелген мүмкіндікті өз қолымызбен шектемейік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елде мүгедектігі бар 719 мыңға жуық адам тұрады. Соның 56 мыңға жуығы біздің облыста. Олардың әрқайсысы еш шектеусіз, қалыпты адамдармен қатар жайлы өмір сүруге құқылы.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button