Жабық әлемдегі жазғы бәсеке
Түзету мекемелері – жазаны өтеу орны ғана емес, сонымен қатар, адамды ізгілікке тәрбиелейтін өмір мектебі. Қарағанды және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №31 түзету мекемесінде жазасын өтеушілер арасында «Жазғы спартакиада» өтті. Бұл спорттық шара жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.
Спорт тек тәннің саулығына ғана ықпал етпейді. Спорт адам психологиясына да оң әсерін тигізеді. Мамандар осылай дейді. Ауқымды спорттық шараның түзету мекемесінде өтуінің маңызы зор дейді ұйымдастырушылар.
Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінде түзету мекемесінің бастығы Қуат Араонов қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Баршаңызды кезекті «Жазғы спартакиаданың» ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! «Тәні саудың – дені сау». Әр күні спортқа көңіл бөліп, адам өзінің рухын шыңдай алуы тиіс. Сонымен қатар, додаға қатысу арқылы өзара достық пен ынтымақты нығайту – басты міндет болып табылады. Баршаңызға тек сәттілік тілеймін! Шын мықты жеңістің биік тұғырынан көрінсін деп тілейміз! – деді Қуат Араонов.
Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсіміне арнайы келген құрметті қонақтар да болды. Бокстан Қазақстан Республикасының чемпионы, Халықаралық турнирлердің жеңімпазы, бокстан спорт шебері Азамат Әбілдінов, бокстан Халықаралық турнирлердің жүлдегері, Қарағанды облысының бірнеше дүркін чемпионы Абдулла Нұрғалиев, қоян-қолтық ұрыстан және жекпе-жектен ел чемпионы, спорт шебері, ушу-саньдадан спорт шеберлігіне үміткер Айбек Бейбетов пен қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері, әскери самбодан, жекпе-жектен спорт шебері Мұхит Кеңесбай шара төрінде болды.
Спартакиаданы бастамас бұрын жазасын өтеушілерге құрметті қонақтардың бағындырған белестері хақында баяндайтын деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, сөз алып, өздерінің спорттық мансабы туралы айтып берді.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz