АймақҚарағанды

Өңірде соңғы үш жылда газға қосылған үйлер саны 1200-ге жуықтады

Облыста көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке сектордағы инфрақұрылым мәселелері жүйелі түрде шешіліп келеді. Бұл жұмысқа аймақтың әр тұрғыны тікелей қатыса алатын деңгейге жетті. Аталған өзгерістер мен жаңғырту жобаларын жүзеге асырушы – Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Орталық бірнеше жылдан бері облыс тұрғындары үшін нақты көмек пен оң шешімдердің мекеніне айналды. Шатырлар мен қасбеттерді жөндеу, ескі лифтілерді ауыстыру, инженерлік желілерді жаңарту сынды тұрғын үй инфрақұрылымына қатысты өзекті мәселелер орталық арқылы жүйелі түрде іске асуда. Өз қаражаты есебінен мұндай жұмыс жүргізуге мүмкіндігі жоқ тұрғындар үшін бұл тиімді.

Орталық қызметіндегі сұранысқа ие бағыттың бірі – жеке тұрғын үйлерді газдандыру. 2025 жылы осы бағдарлама аясында Қарағанды және Теміртау қалаларында 560 отбасы орталық газ жүйесіне қосылды. Бұл бастама тұрғындар арасында ерекше қолдау тауып отыр. Себебі, бағдарлама шарттары қолжетімді. Несие 5 жыл мерзімге беріледі, ал, ай сайынғы төлем 10-17 мың теңге аралығында. Бұл – талай отбасы үшін тиімді әрі ыңғайлы шешім. Соңғы үш жылда газға қосылған үйлер саны 1200-ге жуықтады.

Газдандыру тек тұрмыстық жайлылықты ғана емес, экологиялық жағдайды да жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, Пришахтинскідегі Шахтер кентінде 56 көпқабатты үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды, бұл өз кезегінде пешпен жылытудан бас тартуға және ауаның ластануын азайтуға әсер етті.

Орталық ескірген лифтілерді де ауыстырады. Бұл жұмыстар айналым қорының қайтарымды қаражаты мен лифт компанияларының инвестициялары арқылы жүзеге асырылады. 2025 жылы Қарағанды мен Теміртауда 31 жаңа лифт орнатылса, қосымша 20 лифт жаңартылған. Алдағы 2026 жылға 25 лифтіні орнату жоспарда.

– Бұл – тек техникалық жаңарту ғана емес, тұрғындардың күнделікті қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыс, – дейді орталық директоры Данияр Дүйсембаев.

Орталық көпқабатты үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру ісін де белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Бағдарлама қолға алынғаннан бері облыста 300-ден астам үй жаңғыртылды. Биылдың өзінде кезекте тұрған 8 үйге жөндеу жүргізу жоспарланған. Жөндеуге өтініш берген тұрғындарды орталық толық сүйемелдейді. Яғни, жобалаудан бастап, жұмыс аяқталғанға дейінгі барлық процесті қамтиды.

Тұрғын үйді жаңғырту – тұрғындардың өз мүлкіне деген көзқарасын өзгертетін фактор.

– Қазір тұрғындардың мүлікке деген жауапкершілігі арта бастады. Тиімді меншік иесінің психологиясы біртіндеп қалыптасуда. Біз тұрғындарға таңдау береміз: олар қаражатты өздері жинай алады немесе бізден ең төмен пайызбен несие рәсімдеп, жұмысын бастады, – дейді ­Данияр Дүйсембаев.

Орталық шатырларды, қасбеттерді, су және жылу құбырларын, электр желілерін жөндеуге өтінімдер қабылдап, жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде техникалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді. Бұл облыс бойынша тұрғын үй қорын кешенді жаңартудың тиімді тетіктерінің бірі ретінде өз нәтижесін беріп келеді.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button