Жаңалықтар

Жақсының ізін жаңғыртқан

      Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі емеуріні – елдікті еңселендіру, ұлттық сананы жаңғырту. Мұның астарында бүгінгі жаңашылдыққа өткеннің өнегесімен қадам басу мақсаттары жатыр. Қолымыздағы «Заманының заңғары» (Астана, «Фолиант» баспасы, 2017 жыл) атты жаңа жинақ Елбасы емеурінін еркін еңсерген екен.

Кейіпкері – кемел тұлға. Іскерлігімен, боямасыз болмысымен, шынайы адами қасиеттерімен Арқа жұртының жүрегінен орын алып, өңір тарихында есімі қалған Жаманқұл Шайдаровты білмейтін жан жоқ бұл атырапта. Десек те, Жәкең жайлы білетінімізден білмейтініміз көп екен. Онымызды осы кітапты оқып шыққанда түйсіндік.

Иә, Жәкеңнің облыстағы ең шалғай екі ауданды (Ақтоғай, Ұлытау) басқарғанын, адалдығын, талапшылдығын, нағыз қажырлы қайраткер екендігін жақсы білетінбіз. Яғни, біздің білетініміз – кеңседегі кейпі ғана. Замандастарының, шәкірттерінің, бауырлары мен ұл-қыздарының естеліктері арқылы кітап кейіпкерінің азаматтық ажарына, күнделікті өмірдегі кескін-келбетіне қанықтық. Естеріңізде болар, осыдан ай жарым уақыт бұрын белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қасымбек аға Медиев замандас-әріптесінің азаматтық болмысы туралы ой толғап, «Жақсы Жәкең» атты естелігін жариялаған-ды. Ішіміз жылып қалған. Жасыратыны жоқ, «асыра-сілтеп жіберген жоқ па» деген күпті ойымыз да болды. Олай ойлауымыз – заңды. Өйткені, біз Жәкеңнің атын естіп, білікті басшы болғандығын біліп-ақ жүргенімізбен, тура Қаскең сияқты «тонның ішкі бауындай» араласқан жоқпыз ғой. Қасымбек аға емес, біз жаңылысқан екенбіз. Жаманқұл Шайдаров адамзаттың асылы, жігіттің жампозы екен. Жақсы Жәкең деуге тұрарлық бекзат ғұмыр кешкенін осы кітаптағы жүрек сөзімен жүлгеленген естеліктер дәлелдеп шықты.

…Ашығын айтайын, біздің буын оқырманы ортайған, жазарманы марқайған уақытқа дөп келді. Мұндай кітап – көп. Сөреміз сіресіп тұр. Мүмкіндігі бар ұрпақ әкесіне арнап тапсырыспен кітап жаздыруға машықтанып-ақ алды. Қызғанып отырған жоқпын. Дегенмен, тірлігінде есімі аудандық газеттің кішігірім хабар-ошарында аталып көрмеген адамға кітап арнау артықтау емес пе?! Мынау жалған дүниеден мұқабасы ашылмаған кітаптай белгісіздеу болып өткен жанды бір-ақ күнде кітап кейіпкеріне айналыра саламыз. Ол аз десеңіз, аудан басқармақ былай тұрсын, ауылдың бөлімшесін басқарған немесе есепші болған бір ақсақалдарымыз совхоздан басып қалған байлығына мемуар жазып, қарыс-қарыс шежіре бастырып жүр. Шындығы сол, ортамызда елеусіздеу ғұмыр кешкен кейбір әкелеріміз сөремізге кітап болып оралып жатыр. Ал, мына кітаптың орны – бөлек. Жақсы Жәкеңе деген сағынышымызды маздатып, ойымызды қоздатып жіберді. Ақтоғайдағы Шайдаров атындағы саябақтың тал-қайыңы бізбен бірге теңселіп, Тоқырауын жылап ақты. Жаңаарқа Жаманқұлы тіріліп келгендей жадырап, Ұлытаудағы Күмісбұлақ күнге шағылыса жарқырады. Дәл осындай кітапты жазып та, оқып та жүрген жанның бірімін ғой. «Заманының заңғарын» оқып отырып, салқар Сарыарқаны қиялыммен кезіп кеттім. Естеліктердің әсерлілігі сол, Жақсы Жәкеңмен бірге Жаңаарқаның жазиралы белесін шарлап, Ақтоғайдың асқақтаған Ақсораңына көтерілдім. Ұлытаудың Әулиетауына шығып, Хан ордасына аунадым. Қыстақтарды аралап, жайлаулардың жасыл кілеміне жантая кеттім. Енді бірде райкомның бюросында керітартпа-жалқаулардың мәселесін майшаммен қарап отырамын. Не керек, бірде Жәкеңнің заманынан кеш туып, әріптес бола алмағаныма өкініп, енді бірде Жақсы Жәкеңмен жерлес-жекжаттығым болғанына масаттанып кетемін. Осындай сезіммен кітаптың соңғы бетін қалай жапқанымды да аңғармай қалыппын. Жинақ бір деммен оқылып, Арқаның азанындағы саф ауасындай жұтыла салды.

Жалпы, естелік жанры ауыр оқы­лушы еді ғой. Несін жасырайын, кейбірі оқылмайды да. Бұл кітапқа топтас­тырылған естеліктердің өңделуі мен жүйеленуінде һас шебердің қолтаңбасы тұрғаны сезіліп тұр. Өзіміздің әріптес-ағамыз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жомарт Оспанның жорға қаламы мен биік талғамы кейбір естеліктердің қорғасындай ауыр мұңын қауырсындай үлпілдеткен екен.

…Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттер негізінде Қарағандыдағы рухани орта тұлғалар галереясын жасауға кірісуі керек деп ойлаймын. Осындай мазмұнды жинақ, маңызды бастамалар ғана өскелең ұрпақты әлеуметтік желіден алып шығып, әлеуетті ортаға бейімдер еді. Қолыңыздағы Жақсы Жәкеңнің ізін жаңғыртқан толымды жинақ осындай тұғырлы бастаманың басы болсын!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button