Тұлға

Жақсылық жасаудан жалықпаған…

Қазақ ғылымына үлкен үлес қосқан ғалымдардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Хайролла НҰРМҰҚАНОВ. Қырық жылдан астам уақыт қазақ лингвистикасын дамыту жолында тер төгіп, қазақ тілінің жанашыры болған ғалым тірі болса, биыл 90 жасқа толар еді.

Осыған орай, қарағандылықтар ғалымның өткен өмірінен сыр шертетін «Сөз және шеберлік» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырып, мерейтойын кең көлемде атап өтіп жатыр. Бұл ретте, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі және ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері Х.Нұрмұқановтың еңбек жолын газет бетіне сыйдыру мүмкін емес. Дегенмен, қазақ ғалымының өмір-дерегін назарларыңызға қысқаша бере кетейік.

Өткен ғасырдың басында, 1929 жылы 16 маусымда Батыс Қазақстан облысындағы Жалпақтал (бұрынғы Фурманов) ауданына қарасты Таскүтір ауылында қазақтың болашақ ғалымы Хайролла Нұрмұқанов шыр етіп дүние есігін ашты. Жас Хайролланың балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы сұрапыл сәтімен тұспа-тұс келген. Елде бас көтерер азамат қалмай, бәрі соғысқа аттанған кезде 12 жастағы тумысынан зерек бала (әкесі сталиндік репрецияның құрбаны болып, жаламен атылып кеткен) колхозда есепші болып, отағасынан ерте айрылған қамкөңіл анасының ауыртпалығын бірге көтерісіпті.

Ауылда бастауыш мектепті бітіргеннен кейін, болашақ ғалым оқуын көрші совхозда жалғастырады. Ақжайық ауданында (бұрынғы Чапаев ауданы) еңбекке ерте араласып, сол жерде ауылдық кеңестің хатшысы, аудандық комсомол ұйымының хатшысы қызметтерін атқарады. Осылайша, еңбек ете жүріп Ақжайық ауданының №2 қазақ мектебін жедел түрде аяқтайды. Жастайынан оқуға зерек, білімге құштар ол, 1952 жылы Орал қаласындағы мұғалімдер институтына түсіп, оны үздік бітірген соң, 1954 жылы Қарағанды облысындағы Ақтөбе ауылына жолдама алып, анасы мен Нәсіболла інісін Сарыарқа төріне өзімен бірге көшіріп әкеледі. Айта кетеу керек, өмірінің соңына дейін қолында болған анасы 1981 жылы 97 жасында өмірден озды.

Х.Мырзағалиұлы сол ауылда мұғалім болып, көп ұзамай мектеп директоры қызметіне кіріседі. Соңынан үйленген соң Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін сырттай оқып бітірген.

1963 жылдан бастап Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтында, кейін, 1972 жылы осы оқу орнының негізінде ашылған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде филология факультетінің ең алғашқы деканы, кейін кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарады. Сөйтіп, 57 жыл білім саласында еңбек еткен Х.Нұрмұқанов, оның 46 жылында студенттерге сабақ берген екен. Ғалымның 50-ден аса ғылыми еңбегі, оның ішінде, «Сөз және шеберлік» атты монографиясы жарық көрген.

 Жазушы Ғабит Мүсірепов «Қарағандылық ғалым Хайролла Нұрмұқанов қазақ стилистикасымен терең шұғылданып  жүр, оның бұл саладағы еңбектерінен үлкен үміт күтуге болады», деп жақсы пікір айтқан екен.

Ғалымның көптеген студент шәкірттерінен бөлек, соңынан ерген ізбасарлары, яғни, алты ғылым кандидаты мен бір ғылым докторы қазақ ғылымында жемісті еңбек етіп жүргенін ерекше айтуға болады. Сондай-ақ, ғалым еңбектері бойынша 20 шақты адам ғылыми дисертациялар қорғаған.

Х.Мырзағалиұлы шәкірттерінің ғана емес, отбасының да қорғаны, тәрбиешісі мен ақылшысы болды. Ол жұбайы Орал Мансұрқызымен елу екі жыл бірге ғұмыр кешіп, екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп, оларды оқытып-тоқытып, бүгінде барлығы мемлекет дамуында өз үлестерін қосып, еңбек етіп жүр. Өмірі ғұмырдариядай болған ата мен әжесінен бүгінде 13 немере-жиендер мен 14 шөбере тарап отыр.

 Ғалымның үлкен перзенті Ғалия Хайроллақызы «Әкем 80 жасына бір айдай уақыт қалғанда, мерейтойын тойлай алмай 2009 жылы өмірден озып кетті. Ал, анамыз 2014 жылы, яғни, араға 5 жыл салып ол да өмірден өтті. Дегенмен, әкем қызмет еткен оқу ордасы, әріптес-замандастары және шәкірттері ұйымдастырып, әкеміздің 85 жасын атап өттік. Арнайы конференция ұйымдастырылып, әкем қызмет еткен оқу ордасында Х.Нұрмұқанов атындағы №216 кеңейтілген дәрісхана ашылды. Анам болса, математика саласы бойынша көптеген жылдар кафедрада сабақ беріп, соңғы жылдары оқу ордасының кеңсесінде қызмет атқарды. 50 жасында 6 баламен зейнетке шықты», – дейді.

Шыны керек, кез-келген азаматтың еңбек жолында үлкен жетістікке жетуіне тікелей себепкер көбіне оның қасындағы өмірлік жары болатыны сөзсіз. Ал Х.Мырзағалиұлының бұл тұрғыда жолы болған адам.

Бұл ретте, ұстаздардың ұлағатты ұстазы болған және Х.Мырзағалиұлының ғылыми докторлық еңбегін қорғауға жетекшілік еткен Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, ғалым Рабиға Сыздық Орал Мансұрқызы турасында «Орал үлкен ғалым, жақсы азамат Хайроллаға жан серік қана емес, нағыз демеуші, жәрдемші болды. Азаматының барлық игі істеріне қамқорлық жасап, ғылыми жетістіктерге жетуіне үлкен үлес қосты. Хайрекең өмірден озған соң да ер азаматының істеген игі істерін жазып, ғылыми еңбектерін халқына таратып, абыройын асқақтатып жүргеніне бәріміз де куә болдық. Осындай абзал азаматтың лайықты жары бола білген, аяулы ана, сүйікті әже – Орал да әйелдің сұлтаны деуге лайық еді-ау! Хайролла екеуі тату болды, бір-біріне сүйкімді де лайық болды. Аққу қаздай әдемі де мәнді өмір сүрді. Сондықтан да олардың отбасы махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналды. Орал әйел-анаға тән қазақи әдет-ғұрыптарын өмір бойы ұстай алған, көпке ақылшы, қамқоршы отана атанды. Өмірін адалдыққа суарып, абыройлы ғұмыр кешті. Айналасына шапағатын шашты. Жайған жапырақтары – ұл-қыздары да білімді, тәрбиелі, жауапты қызметтерді абыроймен атқарып жүрген ел азаматтары болып өсті. Қысқасы, ата-анасының үлкен үміттерін ақтады деп есептеймін», – деп естен кетпес естелік қалдырыпты.

Тельман БЕЙСЕНОВ,

журналист,

Бас редакторлар клубының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button