Жақсылық жасасаң – өзіңе…
Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Қарағанды облысы бойынша Зекет және қайырымдылық қоры «Достық» білім беру орталығы бірлесе отырып, қайырымдылық іске мұрындық болды. 40 отбасыға азықтүлік таратты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, азықтүлік жиынтығын кей азаматтар мешітке келіп алса, жалғызбасты, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы апарып табысталды.
– Қайырымдылық – қайырлы іс деген. Садақа апаттан, тозақтан сақтайды. Алиден (р.а) риуаят бойынша былай дейді, Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Садақа беруге асығыңдар, өйткені апат садақадан оза алмайды». Сондықтан, қайырымдылықпен айналысу, жақсылық жасау мұқтаж адамнан бөлек, оны жасаушы адам үшін де аса маңызды, – деді «Зекет және қайырымдылық» қорының жауапты өкілі Асылхан Рахымжанұлы.
Бұл ретте «Достық» білім беру орталығы арнайы қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырғанын айта кету керек. Жәрмеңкеден түскен қаражатқа азықтүлік алынды.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қазақ даналығы. Жасаған жақсылық та, жаман іс те соны жасаушы адамға қайтып келетін өмір заңы бар екенін ұмытпайық. Мал-мүлік адамға сақтау үшін емес, жұмсау үшін берілген. Мұқтаждықтан артығы қайырымдылыққа жұмсалуы тиіс. Хазреті Әбу Умама (р.а.) пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) былай риуаят етеді: «Әй, адам баласы, жаныңдағы артық болғанын жұмса. Бұл – сен үшін қайырлы. Ол заттарды сақтап қоюың өзің үшін зиян. Өте зәру болса, дүние жинауыңда айып жоқ. Бергенде отбасыңа жақын жандардан баста. Үстіңгі қол астыңғы қолдан, яғни, берген қол алған қолдан қайырлы».
Өз тілшімізден.