АбайАймақ

Жақсылардың жұрнағы

Қазір көріп жүрген ақсақалдарымыздың салиқалы сөз айтары аз. Ал Топар кентінде тұратын, біз білетін Бейсекеңмен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Арғы-бергі шежіре мен тарихқа жетік, мәдениет, әдебиет пен техниканың қай саласынан болсын хабардар, ол сөйлегенде, құлақ қойып, тыңдай бергің келеді. «Тегінде бар тегін болмас» дегендей, оған мұндай қасиет өз атасы Соқыр Қақпан мен нағашы жұрты Сазанбай батыр тұқымынан дарыған тәрізді.

Бейсембай ақсақал

Бейсенбай Құттыбек ағамыз Шет ауданының бұрынғы «Көктіңкөлі» кеңшарының Әлихан бөлімшесінде туып-өскен. Марқұм әкесі Маймақ теміржолшы болып, үй шаруасындағы шешесі Зәуренің бар көңілі мен ықылас-пейілі осы бір жалғыз ұлының үстінде еді. Бірақ қанмен берілген қасиет қойсын ба? Бейсенбай 4 жасында Әрін атты нағашысының үйіне қонаққа барғанда табақтағы етке көңілі толмай:
Әрін, Әрін,
Жегенім қарын.
Нағашым маған
Асыпты бәрін, – деп бір түйресе, келесіде тағы бір нағашысының үйінде ас келе қоймай, қарны ашқан соң сол кезде кең тараған «Ақтамақ» әнінің ізімен:
Айналайын, Ақтамақ,
Көлде жүзген бес шабақ,
Нағашым үйі бере ме,
Бермей ме әлде бесбармақ, – деп салады. Осыдан кейін ол қатты ауырып, мұрттай ұшады. Мұны тіл-көзге жорыған марқұм анасы бұдан былай оның өлең шығаруына тыйым салады. Әйтпесе, атасы Құттыбектің туған інісі Батырбек қазақ даласына аты жайылған ақын атанғаны белгілі. Шешектен екі көзден бірдей айырылған оның жыр жинағы «Болашақ» баспасынан жарық көргенімен, соңында қалған ұрпағы жоқ. Тіпті, әлі күнге дейін қай жерде қайтыс болып, жерленгені де белгісіз. Елден естуінше, ол ауыл аралап жүріп, Баянауыл жақта дүние салған дейді. Бейсекеңнің ендігі ой-арманы – осы. Тауып алып, басын қарайтып, белгі қойсам дейді. Ал, анасы Зәуренің төркіні де осал емес. Көкжайдақ атты өзбектен алып келіп, қазаққа бұйыртқан Сазанбай батырдың нәсілінен.

Осындай текті тұқым жұрағаты Бейсенбай Көктіңкөлідегі орта мектепті 1972 жылы бітіріп, сол жылдың күзінде әскер қатарына алынады. Отан алдындағы борышын өтеп, танк командирі болады. Жазуы маржандай, суретті де әдемі салатын оны командирлері де, тіпті, дивизия командирі генерал-майор Постников те әскери училищеге түсуге үгіттеп баққаны есінде. Алайда, қарт ата-анасына алаңдаған ол елге оралып, Қарағанды политехникалық институтының механика- технологиялық факультетіне оқуға түседі. Көп ұзамай ондағы оқуын үзуге тура келеді. Отбасы жағдайымен туған ауылы Әлиханның сегізжылдық мектебінде математика, физика, сызу пәндерінен 3-4 жыл сабақ береді. Кейін аталған институттың инженерлік құрылыс факультетіне ауысып, оны 1986 жылы педагог-инженер мамандығы бойынша аяқтайды. Сол жылдан оның құрылыс саласындағы еңбек жолы басталады.

Алғашында 9 жыл бойы көршілес «Дария» кеңшарында құрылыс цехының мас­тері, одан соң Шет аудандық жол пайдалану мекемесінде учаске бастығы болып істейді. Ал 1998 жылы үй ішімен Топар кентіне көшіп келіп, осындағы ГРЭС-ке жұмысқа орналасады. Сосын 2003 жылдан 2017 жылы зейнет демалысына шыққанша Топар ауылшаруашылық және Абай көпсалалық колледждерінде арнайы пәндер оқытушысы, өндірістік оқыту шебері болып еңбек етеді. Оқушыларды құрылысшы кәсібінің қыр-сырына баулиды.

Бейсекең өлең шығаруды қойып кеткенімен, өзіне ұнаған Есенин, Высоцкий, Евтушенко сияқты орыс ақындарының поэ­зиясын қазақ тіліне аударумен де айналысады. Әскерде жүргенде армиялық газетке көптеген мақала жазып тұрған ол 2021 жылы зейнеткерлік жасында Абай аудандық газетінде журналист болып істегені де бар.

– Мен жасымда журналист болсам деген арманыма қартайған шағымда жеттім. Кезінде генерал Постников журфакқа жолдама бермек болғанда, ауылдағы үлкендеріме қарайлап, бас тартқаныма кейде өкінемін, – дейді ол.

Иә, ауылдағы қазақтың қаншама дарынды баласы осы себептермен алысқа ұзамай, құлашын кеңге жаза алмай қалғаны шын. Сөйтсе де Бейсекең қазіргі күніне шүкіршілік етеді. Қолынан домбырасын тастамай, жиын-тойларда қоңыр дауысымен әнін шыр­қап, Роза жеңгемізбен 4 бала, 6 немересінің ортасында шалқып өмір сүріп жатыр. Тегінде «Ауылында қартың бар болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген сөз тура Бейсенбай ағамызға арналған сияқты.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button