Біздің сұхбат

«Жақсыкелдінің қадіріне жете алмай келеміз…»

    Қарашаның 27 күні Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында қазақтың біртуар әнші-композиторы Жақсыкелді СЕЙІЛОВТІ еске алу кеші өтеді дегенді естіп, ұйымдастырушыларға хабарласқанбыз. Жақаңмен бірнеше жыл әріптес болған әнші, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, әнші Береке КӨШЕНОВПЕН сөйлесудің сәті түсті.

– Аға, алдағы еске алу кешіне тоқтала кетсеңіз?

– Биыл қазақ ән өнері қоржынына өлшеусіз үлес қосушы теңдессіз талант, марқұм Жақсыкелді Сейіловтің о дүниелік болғанына – 20 жыл. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен соған орай ұйымдастырылып жатқан шара ғой. Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филормониясы мен «Алтын орда» ұлт-аспаптар ансамблі, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші Ғалым Мұхамедин, республикалық әншілер байқауларының жеңімпазы Қайрат Әбеуов, мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері Зәуреш Омарова, республикалық ән байқауларының лауреаты Перизат Несіпбаева, Асхат Сағындықов және мен, тағы басқа өнерпаздар өнер көрсетеді. Жақаңның жиырмаға жуық әні ұлттық аспаптармен, эстраданың сүйемелдеуімен орындалады. Ол кісінің бүгінге дейін ел біле бермейтін туындылары шырқалады. Концерт кешкі сағат 18.30-да өтеді деп жоспарланып отыр.

– Жақсыкелді Сейіловпен сіз қанша уақыт қызметтес болдыңыз? Ол кісі жайлы кеңірек айта кетсек?

– Жақаңмен 1970 жылдардың ортасынан бастап өмірінің соңына дейін 20 жылдан астам бірге жүрдім. Басында ол кісі өзі құрған атақты «Қаракөзде», одан кейін «Жезкиік» ансамблімен жүріп ел-жерді, шетелдерді араладық. Жарықтық, қазақ өнер өлкесінің жезкиігі, ән әлемінің айбозы еді ғой. Қадіріне жете алмай келеміз. Мөп-мөлдір, сәбидің үніндей даусы қандай еді?! Әр әні бір ғажайып, ұлттық ән мұрамыздың озық үлгісіндей. Соңында жинап-теріп, зерттеп жүрген ешкім жоқ, бірақ, мен білетін 30-ға жуық әні бар. Соның 20-дан астамын білемін. Мүмкін отыздан да көп әндері… Қазір ел солардың ішінен «Жез киік», «Неге солай?», «Кездесу», «Ұлытау» сияқты 4-5-ін ғана біліп, айтады. Қалғандары орындала бермейді. Себебі, керек қып іздеуші, насихаттаушы жоқ. Жезқазған, өзі туған Ұлытау өңірлерінде біз концерттерін беріп, шығармаларын барынша насихаттап жүргенімізбен, Жақсыкелді Сейіловті еске алу кеші облыс орталығы Қарағандыда тұңғыш өткелі отыр. Онда тұрған ештеңе жоқ шығар, алайда, ел ішіне жетпей жатқан әндерінің обалы кімге?

– Мүмкін насихатынан емес, эстрадалық жанрдан гөрі, ұлттық сарында шығар әндері. Қазір жастар заманауи дүниелерге ұмтылады дегендей?

– Олай емес. Өзі эстрада жанрының өкілі ғой. Сонымен қатар, ұлттық, классикалық талаптарға да толық жауап бере алады кез келген әні. Ұлттық ән өнерімізді барынша байытып кеткен композитор. Тек іздеушісі жоқ, насихат аз. Дүние салғанына қаншама жыл болды, не бір көшеге, не бір өнер ошағына есімі берілмеді. Осы уақытқа дейін әндерінің нотаға түскен жинағы да, күйтабағы да шықпады. Қолға алмайын демейсің, қаражатқа келіп тіреледі. Ертең концертке келсеңіздер, көресіздер, қандай әндері барын. Лирикалық сазға шаттық пен мұңды қоса шылайды. Бір ғажабы, қанша тағдырлы, туған соң шешек ауруына шалдығып, екі көзі көрмей қалған болса да, жылдам айтылатын ойнақы әндері жетерлік. Бірақ, астарында терең мұңнан бастау алған өмір философиясы жатады. Құдай берген өнерінің арқасы шығар, көзі көрмегенмен, керемет сезімтал, көкірек көзі ояу еді. Естігенін ұмытпайды, бір өткен жерінен екінші жолы жаңылыспайды. Бір танысқан адамы алдына 10 жылдан соң келсе, даусынан жазбай танып, атын айтып амандасады. Кейде гастрольдік сапарларда ол кісі ән салғанда, мүсіркей қараған жан болса, бірден сезіп, шығарып салатын. Сөйлесіп тұрған адамның өзіне деген көзқарасын сол бойда танып қоятын. Жақын араласқан біз болмасақ, көзі көрмейтінін ешкім байқай алмайды. Баян, гитар, барабан, тартпайтын аспабы жоқ-ты. Қазақшадан бөлек, орыс, татар тілдеріне судай.

– Осындай жанды еске алу кеші қандай сипатта болмақ?

– Негізінен эстрадалық бағытта болғанымен, ұлттық, дәстүрлі сарындар да болады. Жақаң әндері әмбебап қой. «Жез киік», «Неге солай?», «Кездесу», «Ұлытау» сияқты шығармалары халықтық сипат алып кеткен бүгінде. Кеш жаңалығы сол – композитордың ел көп біле бермейтін әндері шырқалады мұнда. Мәселен, жоғарыдағы «Ұлытау» әнінің сөзін ақын Сайлаухан Нәкенов жазып, алғашқыда «Туған жер» атаған ғой. Кейін «мынауың Ұлытаудың гимні ғой. Ұлытауға бұдан асырып не жазуға болады?» деп Нұрғиса Тілендиев Жақаңа айтып, өзгерттірген екен. Сондай-ақ, Жақсыкелді Шәмші, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиевпен заманында дос-жар болды. Хабарласып тұратын.

– Қысқа да болса, нұсқа шыққан әңгімеңізге рахмет! Кеш сәтімен өтсін!

Әңгімелескен

Жәнібек ӘЛИМАН.  

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button