Жақсы жұмыс – жанға тыныс
Былтыр Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен болған кездесуде орта кәсіпкерліктің дамуын жеделдету керектігін қадап айтты. Арада бір жыл өтті. Не өзгерді?
Мемлекет басшысының межесі
– Жалпы алғанда, Қазақстанда шағын және ірі бизнес үшін өте жақсы жағдай жасалған. Ірі бизнес орнықты дамып келеді және табысы мол. Ол үшін мемлекеттік саясат қолданыстағы ережелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуі, фаворитизм мен бәсекеге қабілетсіз тәжірибелердің болуына жол бермеуі маңызды. Бұл бағытта белсенді жұмысты жалғастырамыз, – деді Президент.
Иә, кәсіпкерлік жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыруда аса маңызды рөл атқаратыны түсінікті. Бұл бағытта кәсіп өкілдері үшін салық барынша төмендетілді. Негізсіз тексеру де іс жүзінде жоқ деуге болады. Қолдау тетіктері тегеурінді. Озық әрі жайлы цифрлық орта қалыптасып келеді. Әкімшілік кедергілер легі де кезең-кезеңімен кеміп келеді. Бірақ, атамекенімізде бизнесін бастаған, яки, қақ ортасында жүрген сегментіне ынталандыру жолдары қарастырылмағанын Президент тап басып, тиісті қорытынды шығару қажеттігін меңзеді. Өйткені, нарық айдынына тез бейімделе алатын да осы орта. Мұны ресми дерек көзі де растайды. Мәселен, соңғы 7-8 жылда жалпы ішкі өнім аясында шағын және орта кәсіпкерлік үлесі артқаны аңғарылады.
Енді саралайық. Жыл ара орта кәсіпкерлік тек 0,5 пайыз шамасында өсіп келіп, бүгінге дейін экономикадағы үлесін 5 пайыздан 6,2 пайызға дейін ғана ұлғайтқан. Бұл ретте Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінде оның үлесі орта есеппен 18 пайызға тең. Айырма – жер мен көктей. Ал, жекелеген мемлекеттерде бұл көрсеткіш, тіпті, 26 пайызға дейін жетіп жығылған. Әлбетте, кәсібін дөңгелеткен әркім де пайдасының молдығын, мехнатының кемдігін көздейтіні рас. Керісінше, құжаттық шеңберде олар, тіпті, кеңейген кезде де, формальді қалыпта шағын бизнес көзі ретінде қалу тиімдірек.
– Үкіметке және «Атамекен» палатасына осы мәселе бойынша ұсыныс енгізіп, нақты іске көшуді тапсырамын. Жолдауда заңнамаға шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруге ынталандыратын өзгерістер енгізуді тапсырдым. Салық шаралары, тексеруші органдардың тарапынан жүргізілетін тексерулерге белгілі бір иммунитет қалыптастыру, сондай-ақ, мамандандырылған қолдау құралдары мен мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізу осы ынталандыру шараларының қатарына кіруге тиіс, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сауалына сарабы
Демек, мемлекеттік қаржылық қолдаудың ерекше шараларын ұсыну жолымен қалыпты салық режимінде жұмыс істейтін бизнес үшін мемлекеттік тендерлерге жеңілдікпен қол жеткізу мәселелерін әбден пысықтаған абзал. Себебіне зер салсақ, отанымызда ешбір қиындық атаулысына қарамастан, қолдаусыз-ақ табысты дамып, экспорттық нарық алаңын икемді игеріп жатқан бірнеше жүз ғана орта кәсіпорын бар. Түсінген жан олардың көпшілігі мүлт кетпес мониторинг шараларынан, сонан соң сансыз себеппен құзыретті органдардың қудалауынан қорқып, мемлекеттік көмектен саналы түрде бас тартқан. Яғни, ет пен сүйектен жаралған кәсіпкер әлі де болсын, барынша сақтанып жүретіндігін жасыруға келмес, әрине.
«Сонда қайтпек керек?» деген заңды сауалдың жауабын межелі мерзім өткен соң Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысында тапқандай болдық. Отырыс барысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды екінші оқылымда қарады. Аталған заң кәсіпкерлік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіруге және бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар жасау үшін әзірленді. Басты міндет бизнеске әкімшілік жүктемені азайту және негізсіз кедергілерді жою екенін атап өткен жөн. Одан бөлек, мемлекеттік бақылау мен қадағалау тәртібін реттейтін нормалар қайта қаралды.
Сенаторлар заңдағы новеллаларды концептуалды тұрғыдан қолдай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, құжатты Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылдап, заңды жаңа редакцияда мақұлдады. Сенат депутаттары енгізген өзгерістер заңның жекелеген нормаларын реттеуші саясаттың қағидаттары мен тәсілдеріне сәйкес келтіруге, сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган айқындайтын шекті сауда үстемесін қолдану тәртібін белгілеуге, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарын атаулы қолдауды ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағаларын тұрақтандыруды іске асыру тәртібін қарастыруға және өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз етуді жетілдіруге қатысты болып отыр.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жетілдіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бүгін палата депутаттары осы бағыттағы заңның жекелеген баптарының жаңа редакциясын мақұлдады. Енгізілген түзетулер арқылы кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңның кейбір нормалары бизнестің және қоғамның мүдделерін ескере отырып өзектендірілді. Алдағы уақытта бұл нормалар елімізде бизнеске арналған заңдарды қолдануды барынша жеңілдетуге және кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат Спикері.
Ой мен өрдің арасы
Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытудың тарихи контексті 1991 жылға дейінгі кезеңде Кеңес заманынан бермен экономикасы орталықтандырылған және жоспарлы сыр сипатта өрбіді. Яғни, біздіңше бизнес оның қазіргі дөп мағынасында іс жүзінде жоққа тең болды десек, сынға қаларымыз да кәдік. Өйткені, экономиканың негізгі бағыттары ауыл шаруашылығы, пайдалы қазбаларды өндіру және индустрияландырумен шектелді.
Содан соң 1991-2000 жылдар. Өтпелі кезең. КСРО-ның ыдырауы, ендігі Егемен Қазақстан экономикасында түбегейлі өзгерістерге жол ашты. Жекешелендіру басталып, бұл жеке сектордың дамуына серпін берді. Міне, осы тұста алғашқы шағын және орта бизнес (ШОБ) пайда болып, заңнаманың тұрақсыздығы және инфляция сияқты көптеген қиындықтарға тап болды. Ал, кәсіпкерлікті дамытудың қазіргі кезеңі деп, 2000 жылдан осы уақытқа дейінгі аралықты жатқызар едік.
2000-2010 жылдар. Тұрақтылық және өсім. Ел экономикасы тұрақтана бастады, бұл кәсіпкерліктің белсенді дамуын бастауға мүмкіндік берді. Мемлекеттік несиелер мен субсидиялар сияқты бизнесті қолдаудың әртүрлі бағдарламалары енгізілді. Онымен қоса, туризм және қызмет көрсету саласы сияқты соны салалар бас көтерді. 2010 жылдар экономиканы әртараптандыру мерзімі десек жарасар. Қазақстан мұнай мен газ экспортына тәуелділікті азайта отырып, өз экономикасын әртараптандыруды қолға алды. Мемлекет ШОБ-ты дамытуды, әсіресе, инновациялар мен технологиялар секторларында қолдауды жалғастырды. Қазақстандық өндірушілердің өнімдерін экспорттауды қолдау бағдарламалары енгізілді. 2020 жылдар. Цифрландыру және тұрақты даму. Соңғы жылдары Қазақстан экономикаға цифрлық технологияларды белсенді енгізуде, бұл бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер туғызуда. Тұрақты дамуға, жасыл технологиялар мен инновацияларға баса назар аударылады. Электрондық коммерцияның дамуы кәсіпкерліктің өсуінің негізгі драйверлерінің біріне айналды.
Арқа асуында
Облысқа оралсақ, кенді өңірдің тарихи маңызының өзі көп жайды аңғартады. Кейінгі жылдары Қарағанды өлкесі шағын және орта бизнестің, әсіресе, қызмет көрсету, бөлшек сауда және құрылыс саласында белсенді өсім деңгейін көрсетуге қауқарлы. Бизнеске арналған жаңа мүмкіндіктерді тілге тиек етер болсақ, жылма-жыл шағын және орта кәсіпкерліктің іскерлік белсенділігінің өсуін атап өтсек болар. Мәселен, жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 6,6%-ға өсіп, 99 190 бірлікке жеткен. Әрі осындай көрсеткіштің өсуі облыстың барлық аймақтарында сезіледі. Жыл соңына таман ШОБ-та жұмыспен қамту 5,1%-ға, атап айтсақ 237,1 мың адамға дейін ұлғайып, аймақтағы жұмыспен қамтудың 43%-дан астамын қамтамасыз етті. ШОБ субъектілері 1,9 трлн. теңгеге өнім шығарып, қызметтер көрсеткен. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 19,7% құрады. Бұл сандардың артында қолайлы бизнес ахуал құру мен кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру бойынша атқарылған кең тынысты жұмыс менмұндалап тұр.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және Қазақстан Республикасының Салық кодексіне енгізілген түзетулер шеңберінде 190 қызмет түрі бойынша бөлшек салық мөлшерлемесін 4-тен 2%-ға дейін төмендету бойынша өңірлермен жүйелі жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде бөлшек салық бойынша салық төлеушілердің саны 6 есеге, ал, бюджетке салық түсімдері 18 есеге өсіпті. Биыл қаңтардан бастап, бөлшек салық бойынша қызмет түрлерінің тізбесі 190-нан 364-ке дейін кеңейтілді. Көңілді мәйекті еткені осы деректер. Бұл жаңашылдық кәсіпкерлік белсенділікке оң әсер етіп, бизнеске салынатын салық пен әкімшілік жүктемені азайтады. Ең тиімді және сұранысқа ие құрал – субсидиялау құралы. Оны кәсіпкерлердің 65%-ы (3,6 мың жоба) пайдаланды. Салалық бөліністе қарасақ, жобалардың ең көп саны өңдеу өнеркәсібіне тиесілі – 25% құраса, сауда – 20% және көлік 15%-ды құрайды. Кәсіпкерлердің несиелік қорға қолжетімділігін кеңейту мақсатында кепілдік беру тетігі іске асырылуда. Бұл бойынша 400-ге жуық жоба қаржыландырылды.
«Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша ауылдық елдімекендерде тұратын жастарға, байыпты бизнес жобаларға 2,5% жеңілдікпен шағын несие беру аясында 1 мыңнан астам жоба шағын несиелендірумен қамтылды. Экономиканың басым секторларында моноқалалар мен облыс орталығының кәсіпкерлері үшін «Кәсіпкер» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасын қаржыландырудың жалпы көлемі 1,5 млрд. теңгені құрап, бұл қаражатқа 41 жоба қаржыландырылды. Жобалардың ең көп саны өңдеу өнеркәсібі саласына тиесілі, жеңілдікпен несиелеу есебінен лак-бояу өнімдерін, темірбетон конструкцияларын, кондиционерлерді, жеңіл өнеркәсіп пен тамақ өнімдерін өндіру өндірісі кеңейтілді. Бағдарламаны іске асыру есебінен сервистік салаға серпін әкелді.
Бизнеске бізден не керек?
Қаржылық емес қолдау да бизнес үшін сұранысқа ие. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы 2,7 мыңнан астам кәсіпкер мен кәсіпкерлік бастамасы бар жұртшылыққа 9,5 мың ақпараттық-консультациялық офлайн қызмет көрсетті. 1 мыңнан астам кәсіпкер сервистік қолдау қызметтерін пайдаланды, 509 нәзікжанды әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында консультациялық және оқыту қызметтерін алды. 44 кәсіпкер «Кәсіпке бағыт» жобасы аясында оқытылды. Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау жалғасуда. Өткен жылы біздің үш компанияға әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мәртебесі берілді. Сауда және қызмет көрсету жаңа объектілерінің құрылысы жалғасты. Сондай-ақ, сауда саласын қолдау кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның қаржы құралдары шеңберінде жүзеге асырылады. Барлығы 2,3 млрд.теңге несие сомасына 135 жоба субсидияланды және кепілдендірілді. Кәсіпкерліктің дамуына туристік сала үлкен серпін берді. Бұл ретте ішкі туризмнің өсу үрдісі сақталуда, өсім – 27,8%. Шетелдік қонақтар тарапынан да қызығушылық артуда, өсім – 36,3%. Сондай-ақ, туризм саласында 1,4 млрд. теңге сомасына 46 жоба субсидияланды және кепілдендірілді. Қарағанды облысының жаңа https://visitkaragandyregion.kz/ туристік порталы әзірленді. Осы жылы шағын және орта кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, сауда мен туризмді дамыту жұмыстары жалғасады.
Соңғы сөз
Батыс әлеміндегі көрнекті қаржыгерлер алыптарының бірі Уоррен Баффеттің «Керексіз затты сатып алған болсаңыз, түбінде керекті затыңызды сатуға мәжбүрсіз» деген постулаты бар. Ақылды сөз. Алпауыт елдер тырнақтап-тірнектеп жиғанын кәдеге жаратып, иненің жасуындай табысын игілігіне сақтайды. Бір қызықтысы, кейбір мемлекет тұрғындарын керісінше, тұтынуға үндеп, қалтасындағы қаражатын шығара алмай әлектеніп жататын жайттар да кездесіп жатады екен. Демек, олар қаржылық көзқарасты күнбе-күн жоғары қыла түсуге бейсана шақтан бейілді екендігі сезіледі. Кейде осы теңгесінің төрінде отырған мемлекет өкілі бізге шекесінен қарап, «Тактика, бауырым, практика!» дей қоятындай көрінеді әредік. Десе, дей берсін де! Бастысы, Мемлекет басшысының тамыршыдай тап басқан өзекті тапсырмасы орындалуда. Алып жатқаныңыз ұнамаса, беріп жатқаныңызды өзгертіп көріңіз. Әйтеуір, тоқсан түрлі тараптан ұшып келген тенденцияларға бас қатырмай, темірқазық тақыт-талғаммен бас қойған мүддеге тыңғылықты харекетпен береке кіргізбек жөн дейді біздің ой. Даңғыл арман өзі қағып, өзі ілер қаршығадай сандаған сана иесін шырмай түсуде. Арман деген ат-көлігіміз бүтін болса, қалғанына қол жетеді. Осы орайда Президент реформасы өміршең өзгерістерге бастайды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»