Жаңашыл жоба іске қосылды

«Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы аясында Шет ауданында аймақтағы алғашқы «ашық әкімдік» бөлмесі ашылды.

Аталған шара ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Енді, өңір тұрғындары «ашық әкімдік» бөлмесі арқылы аудан басшысы Марат Жандәулетовтің жеке қабылдауына кедергісіз келе алады.

«Ашық әкімдіктегі» алғашқы кездесуге базынасын айта келген тұрғындар қарасы қалың болды. Аудан басшысы жұртшылық тарапынан тұрғын үй, әлеуметтік көмек төңірегінде көтерілген түйінді түйткілдерін қаперге алып, тұрғындардың талап-тілектерін ретіне қарай шешу мәселесін тиісті орындарға жүктеді.

«Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы шеңберінде ашылған «ашық әкімдік» бөлмесі үлкен кісілерге, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін атқарушы орган өкілдерімен жеке пікірлесіп, сұрақсауалдарын алға тартатын ашық алаң болады деп ойлаймын. Себебі, «ашық әкімдік» арқылы қабылдауға келген азаматтар кезек күтпей, дер кезінде тікелей қабылданатын болады. Ал, алыс ауыл, шалғай елді мекендерден келген тұрғындарды әлбетте, кестеге қарамай қабылдай береміз, – дейді.

Сондай-ақ, бұл күні Шет ауданына жұмыс бабымен келген «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасының басшысы Малика Күсенбаева аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан жастарымен кездесу өткізіп, жоба аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында мағлұмат берді. Сонымен қатар, М.Күсенбаева аудандық жұмыспен қамту орталығы, Ы.Алтынсарин, Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияларында жоба шеңберінде атқарылған шараларға куә болды.

Думан ҚАБЫЛ.

ШЕТ ауданы.