Біздің сұхбат

Жаңашыл реформа – өркендеу кілті

    Әрбір адам өзіне ерте ме кеш пе: “Зейнет жасында қалай өмір сүрем?”, – деген сұрақты қояры сөзсіз. Біз бүгін осы сұраққа «БЖЗҚ» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Андрей Мордвинцевпен  бірге жауап беруге тырысамыз.

Андрей Валентинович, зейнет жасына дейін лайықты қаржы жинауға бола ма? Соңғы кездері бұл сұрақ қоғамда жиі көтеріле бастады. Сіздің ойыңызша, бұл сұрақ бірінші кезекте кімге бағытталған? Мемлекетке ме, жұмыс берушіге ме әлде жұмыскерге ме?   

– Бұл сұрақ барлығымызға қатысты. Қазақстанның ұрпақтар ынтымақтастығына негізделген ортақ зейнетақы жүйесінен зейнетақы қорындағы зейнетақы шоттарына қаржы жинауға негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне ауысқанына жиырма жылға жуық уақыт өтті. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің басты қағидаларының бірі – салымшының меншігі болып табылатын зейнетақы жинақтары және зейнетақы жарналарының инфляция деңгейін ескере отырып сақталуына мемлекеттің кепілдік беруі.

Ортақ жүйеге қатысушылар – 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде алты айлық еңбек өтілі бар азаматтар.

Ал 2040-шы жылдары зейнеткерлікке шығатындарда мұндай еңбек өтілі болмайды, сәйкесінше олар негізінен өздерінің жеке зейнетақы шоттарында жинақталған зейнетақы жинақтарына ғана үміт арта алады.

Зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер үшін, 2014 жылдан бері, олардың жеке зейнетақы шотына жұмыс берушілердің өз қаражаты есебінен жұмыскердің айлық табысының 5 пайызы мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылып келеді. Жекелеген өндірістер, жұмыстар, денсаулыққа зиянды еңбек жағдайлары кәсіптер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысымен бекітілген ерекше Тізбеде көрсетілген.

2020 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тағы бір құрамдауышы – шартты-жинақтаушы құрамдауышты енгізу жоспарланып отыр. Бұл ретте барлық жұмыс берушілер (еңбек жағдайларына қарамастан) өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына олардың айлық табысының 5 пайызы мөлшерінде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын зейнетақы Қорына аударатын болады. Бұл жарналар жұмыскердің табысына кері әсер етпейді.

Бұл жинақтар жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Егер міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары зейнеткерге таусылғанша төленетін болса, шартты зейнетақы шотындағы жинақтар оған өмір бойына ай сайын төленіп отырады. Заң бойынша шартты зейнетақы шоттарындағы жинақтар зейнеткерлікке шыққан жандарға, сондай-ақ, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге төленеді. Бірақ, бұл үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары шартты зейнетақы шотына кемінде 60 ай (5 жыл) тұрақты түрде аударылған болуы керек.

Сонымен, барабар зейнетақы мемлекет және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдерден құралады.

Мемлекет зейнетақының базалық деңгейін қамтамасыз етеді (2018 жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептелетін болады) және зейнетақы жинақтарының инфляция деңгейін ескере отырып сақталуына кепілдік береді.

Бірақ, негізгі жауапкершілік жұмыскерге және жұмыс берушіге жүктеледі. Бұл ретте жұмыс беруші зейнетақы жарналарының Зейнетақы қорына уақтылы аударылып отыруына жауап береді. Егер салымшы зейнетақы жарналарын 35 жыл бойы жылына кемінде 10 реттен аударып отыратын болса, зейнет жасына жеткенде ай сайын өз жалақысының кемінде 40 пайызын құрайтын зейнетақыға үміт арта алады. Бұл әлемдік стандартқа сәйкес келеді. Зейнетақы сомасын ерікті зейнетақы жарналары және басқа да жақсы ойластырылған инвестиция есебінен ұлғайтуға болады.

– Зейнетақы жинақтарының сақталуына қандай да бір кепілдік бар ма? Жиған-тергеніміздің сақталатындығына сенімді болғымыз келеді…

– Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілетін бірегей жүйе қалыптастырылған.

«Қазақстанда зейнетақымен қамзсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет зейнеткерлік жасқа толған алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi.

Мемлекеттік кепілдік бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы мен инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары сомасы арасындағы айырма сомасын есептеу және төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (КЕАҚ) филиалы (бұрынғы Зейнетақы төлемдері жөніндегі мемлекеттік орталық) жүзеге асырады. Зейнетақы жинақтары бойынша бір жолғы төлемді алу үшін осы ұйымға жүгініп, тиісті өтінішті толтыру қажет.

Басқаша айтқанда, Мемлекеттік корпорация инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген барлық зейнетақы жарналарының сомасын салымшының зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарымен салыстырады. Белгіленген күнге зейнетақы жинақтарының сомасы туралы ақпаратты БЖЗҚ ұсынады.

Егер зейнетақы жинақтарының қалдығы инфляцияны ескере отырып, есептелген жарналардың сомасынан төмен болса, мемлекет айырма сомасын өтейді. Демек, салымшылардың зейнетақы жинақтары сенімді қорғалған және бұл қаржы нарығындағы ахуалдар мен инвестициялық табысқа қатысты жағдайларға тәуелді емес. Зейнетақы жинақтарының БЖЗҚ-да шоғырланғандығы, жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі екендігі, зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сенімгерлікпен басқаратындығы да зейнетақы жинақтарының сақталуына септігін тигізеді.

– Қазіргі таңда зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы қандай? Қанша қазақстандық азамат жеке зейнетақы шотын ашқан?

– 2017 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,4 трлн. теңгеден асты. Шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,1 млн. бірлік, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 9,63 млн. бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 432 мың бірлікті құрады.

Айта кетелік, зиянды еңбек жағдайлары бар барлық ірі мемлекеттік өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ұйымдар осы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлейді.

Бұл жерден біз жұмыс берушілердің өз жұмыскерлерімен бірге зейнетақымен қамсыздандыру бойынша жауапкершілікті теңдей бөлісетінін көріп отырмыз.

Ерікті зейнетақы жарналары бойынша жағдай көп жылдан бері өзгеріссіз қалуда.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша осы жарналар бойынша зейнетақы шоттарының жалпы саны 40 мыңдай бірлікті құрады. Дегенмен, ерікті зейнетақы жарналары зейнетақы жинақтарын толықтырудың бір жолы.

Сонымен қатар салымшылар үшін маңызды көрсеткіштердің бірі, ол – инвестициялық табыс. 2017 жылдың басынан бері салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 398,57 млрд. теңге болды.

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі  жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы жыл басынан бері 5,78 пайызды құрады. Бұл инфляция деңгейінен 1,9 пайызға жоғары (инфляция 3,9% болды).

2017 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қарағанды облысы бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 788,3 мың бірлікті құрады. Олардағы жинақталған зейнетқы жинақтарының жалпы сомасы 561,5 миллиард теңгеге жетті.

Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары есебінен жеке зейнетақы шоттарының саны 719,4 мың бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 67,2 мың бірлікті құраса,  ерікті зейнетақы жарналары бойынша 1,7 мың бірлік болды.

– Әрине бұл статистикалық көрсеткіштер жақсы әсер қалдырады. Бірақ, салымшының шотында қанша ақша жиналғанын қалай білуге болады?

– Әрине, бұл салымшы үшін басты ақпарат. Бүгінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинақтарының көлемі, жай-күйі туралы ақпарат берудің бірнеше тәсілін ұсынады.

Олар:

– БЖЗҚ кеңсесіне келіп өтініш жасау, (республика бойынша Қордың 231 дербес қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, ал біздің өңірде 13 бөлімше бар);

– электрондық тәсіл – бұл ретте, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат салымшының ЖЗШ ашу туралы өтінішінде немесе хабарлау тәсілін өзгерту туралы келісімге қол қою кезінде көрсеткен электрондық поштасына жолданады;

– пайдаланушының логині ретінде тіркелген жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен құпия сөзі (пароль) немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып интернет арқылы алу;

– ҚР электрондық үкіметі порталында (www.egov.kz) тіркеліп, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алған жағдайда осы сайттың «Әлеуметтік қамтамасыз ету» – «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» бөлімдеріне кіріп алу, бұл үшін электрондық үкімет порталын тіркеліп, электрондық цифрлық қолтаңа алу керек;

– пошта байланысы арқылы алу.

Қазіргі таңда жеке зейнетақы шоты туралы ақпарат алудың ең қарапайым, ыңғайлы және үнемді тәсілі ол – ақпаратты интернет арқылы алу.

2017 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша шамамен 3,57 миллион адам Қордың ресми сайтын немесе әртүрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасын пайдалану мүмкіндігіне ие. Олар зейнетақы жинақтарының жай-күйін кез келген уақытта кез келген жерде бақылай алады.

 

– БЖЗҚ-ның онлайн тәртібінде көрсететін тағы қандай қызметтері бар?

– Зейнетақы қоры көрсетілетін қызметтерді жаңғырту және оңтайландыру жолында салымшылдар мен алушыларға жаңа, заманауи қызметтер ұсынады. Олар салымшыларды уақыт шығындап Қорға келіп құжат толтырудан құтқарады.

2017 жылдың маусымында Қор бірқатар жаңа сервистерді іске қосты. Оларды атап айтар болсақ: қор кеңсесіне келмей-ақ, сайттағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша зейнетақы шотын ашу және зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беру, сондай-ақ сол өтініштердің орындалу барысын қадағалау мүмкіндігі.

Зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру үшін электрондық цифрлық қолтаңбадан басқа 20 саннан тұратын банктік шот туралы мәлімет және банктің деректемелері керек. Теңгелік шотты екінші деңгейдегі банкте немесе «Қазпошта» бөлімшесінде ашуға болады.  Бұл ретте өтінішке ұялы телефон нөмірі көрсетілген жағдайда, Қор салымшыға өтінішінің орындалу барысы жөнінде СМС-хабарлама жіберіп отырады.

Қазіргі таңда аталған қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2017 жылдың тамыз айында жаңа электрондық сервис – салымшының (алушының) деректемелеріне, дәлірек айтқанда, оның жеке басын куәландыратын құжаттың деректеріне, пошта және (немесе) электрондық мекенжайға, (үй, жұмыс, ұялы) телефон  нөмірлеріне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қызметі қолжетімді болды. Бұл қызметті пайдалану үшін салымшыда (алушыда) электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) маңызды кілті, сондай-ақ Қордың дерекқорында ашылған жеке зейнетақы шоты болуы керек. Осылайша, БЖЗҚ салымшыға (алушыға) жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған бүкіл кезеңі ішінде – жеке зейнетақы шотын ашқаннан бастап зейнетақы төлемдерін алғанға дейін оған қолдау көрсетіп, ілеспе қызмет көрсетуге дайын.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button