Жаңару мен жаңғыру
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» деген еді. Соған орай, елімізде биылғы жылы да Наурыз мейрамын жаңаша атап өтуге ерекше көңіл бөлінді.
Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы қызметкерлері де Наурыз мерекесін жаңа форматта, яғни, қаламыздың жоғары оқу орны, колледж студенттері мен мектеп оқушылары арасында өткізді. Мереке бірнеше күндерге белгіленіп, ерекше тақырыпта атап өтілді. Ұсынылған мерекелік бағдарлама тақырыптары әртүрлі бағытты қамтыды. Ұлық мерекені тойлау 14 наурыз – Көрісу күнімен басталды. Наурыз мейрамы – көне дәстүр сабақтастығының белгісі саналатын, ұлттық мәдениетіміздің қайта түлеген ерекше мерекесі. Халық арасында бұл мереке ұлттық таным бойынша үйге жыл бойы молшылық пен сәттілік әкеледі деген сенім бар. Сол себепті, жыл басын ерекше қарсы алуға баса көңіл аударылды.
Бірінші күні Теміртау қаласының мектеп оқушыларымен «Шежіре күні» атты музей сабағы өтті. Ал, екінші күні «Қош келдің, әз Наурыз мейрамы!» атты тақырыппен Көрісу рәсімі ұйымдастырылды. Үшінші күні орталықтағы Наурыз тойы концерттік бағдарламаға ұласты.
Қазақстанда Наурызды тойлау дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен таныстыру мақсатында өткен музей сабағы аясында қолөнер шеберлерімен кездесу қарастырылып, бірнеше ауылға бөлініп, орталық қызметкерлері шеберлік сабақтар өткізді. Олар «Дәстүрлер ауылы» – Наурыз меркесіндегі салт-дәстүрлер, «Шеберлер ауылы» – қолөнершілердің шеберлік сабағы, «Шымырлар ауылы» – ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, «Наурыз-думан» – мерекелік салтанатты концерттік бағдарлама болды. Төртінші күні «Игілікті іс» атты қайырымдылық шарасымен жалғасты.
Орталық қызметкерлері наурыз көже, бауырсақ пісіріп, келушілерді ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Наурыз көженің жасалу жолын қаламыздың аналар алқасы көрсетіп, қыздар мен ұлдар өз қолдарымен әшекей бұйымдар мен торсықтың жасалу жолдарын көріп, қызығушылық танытты.
Қызметкерлерінің көмегімен азық-түлік қоржыны жиналып, қаламыздың екі отбасына тарту жасалды. Мерекелік салтанаттан кейін қаламыздың ақсақалдар алқасы баталарын беріп, келушілерге ерекше ықыластарын білдірді. Ақсақалдар «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!» – деп бата берді. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп болды.
Ләззат ДИХАНБАЕВА,
Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері.