АймақБас тақырыпЖаңаарқа

Жаңаарқалықтардың жанайқайы

Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінің тұрғындары темір жолдаң жебір жолға айналғанын айтып, дабыл қағуда. Өйткені соңғы жылдары өткелі жоқ жолдан өтуге талпынған тұрғындардың арасында пойыз астына түсіп қаза тапқандар мен мүгедектер арбасына таңылғандар көбейген.

Темір жолдың бойында рельс арқылы өтетін екі бірдей жаяу жүргіншілерге арналған өткел бар екен. Алайда оларды үнемі пойыз жауып тастап, адам арғы бетке өту үшін өз беттерінше әрекет етулері тиіс. Әсіресе мектеп оқушылары сабаққа бару үшін өмірлерін қатерге тігіп, пойыздардың астымен өтуге мәжбүр. Ал оның салдарынан кейде қайғылы оқиға орын алуда.

Осыдан үш жыл бұрын 15 жастағы ер бала өзінің қарындасымен бірге темір жолдан өтіп бара   поездың келіп қалғанын байқамай қалады. Сын сағатта ағасы қарындасын жолдың шетіне итеріп жіберіп, өзі поездың астына түседі. Осылайша айдың-күннің аманында екі аяғынан айырылып, сал болып қалады.  Мұндай оқиғалардың айтылмағаны қаншама.

Ашынған тұрғындар аудан әкімдігінен темір жолды кесіп өтетін, жаяу жүргіншілерге арналған көпір салуларын сұрағалы қай заман. Алайда олардың жанайқайына құлақ асар пенде табылмай тұр.

Атасу кентінің әкімі Рахымберлі Түсіпов  abctv.kz порталының сауалына көпір салудың жобада бар екенін, бірақ оны салуға “Қазақстан Темір жолы” ұлттық компаниясы жауапты екендігін айтып отыр. Станция басшысы Нұржан Бошанов та шарасыздық танытып, бас кеңсеге хат жолданғанын, одан басқа қолынан еш қайыр келмейтіндіктерін айтуда. Ал  «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі  «Көпір салу жергілікті атқарушы биліктің құзырында» деп қысқа қайырды.  

Шенеуніктер көпірдің жайын бір-біріне сілтеп әлек. Ал зардабын шегетін қарапайым халық. Бұл қашанға дейін жалғаспақ?

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button