Бас тақырыпКөзқарас

Жаңа жылды неге жек көреміз?

Кеңес Одағының көйлегін киіп, отын оттағандар ұмытқан жоқ. Кезінде Жаңа жыл ғажап-тын. Көкке өрлеп, төске шапқан көңіл күйді айтсаңызшы әуелі! Әкеміз базарлап келгендей. Жұрт жаппай мәре-сәре. Дүркін-дүркін құттықтау. Құшақ-құшақ сыйлық. Күнделікті күйбең ұмыт. Ертеңге ұмтылыс. Сондай бір сиқыры бар-тын. Тамырымыздағы қан тулап, шырша құрғысы келетін. Әлі күнге солай. Шыршаның хош иісі жүрегіңізді, жаныңызды жылытып ала жөнелетін. Сөйтсек… тегін емес екен. Оның бәрі генімізде жазылып қойыпты. Түркіден жалғасқан гендік кодымыз мынау уақыттың бұйрығына бағынбай, шыршаны әспеттегісі, желтоқсанда Жаңа жылды асыға күткісі келетіні содан екен. Өйткені, бағзы баба, түбі – түркі аталар көк пен жерді, о дүние мен бұ дүниені жалғап тұрған мәңгі жасыл ағаш – шырша депті. Оны «Иол», яғни, «жол» десіпті. Орыстың бүгінгі «ель» деген сөзі сол түркіден шықса керек-ті. Одан соң сол желтоқсанның 21-інде, кейде 25-інде күннің ұзарып, түннің қысқарғанын, ақтың (күннің) молайып, қараның (түннің қысқарғанын) кемігенін тойлап, Үлкен ата (кей жазбада Өлген атадан) – бүгінгіше Аяз атадан тілек тілеген. Оның киген киімі де қазіргі қызыл шапан тектес десіпті. Жағалы болыпты-мыс. Мұны ашық ресурстағы деректер тұрмақ, Венгрияның антропологы Андраш Биро да жазған. Бізге нанбауыңыз мүмкін. Ұлты бөлек біреу айтса, күмәніңіз сейілер, сірә. Андраш айтқанына үңілсек…

Сонымен, Мажарстанның антропологі, түркі халықтарын зерттеп, венгрдің шығу түбі – түркі дейтін Андраш Жолт Биро мырза не дейді? Көне түркілердің 21 желтоқсанда Жаңа жыл тойлағанын айтады. Өйткені, бұл күні қысқы күн ұзарған. Қара, яки, түн азайып, ақ, яки, күн ұзарған. Оны қойыңызшы, тіпті, осы күні Мажарстанның халқы бұл ежелгі мерекені зерделеп, қайта қалпына келтіруге тырысып жатса керек.

«Ертедегі көшпелі халықтарда, ғұндарда, венгрлерде, түріктерде, сондай-ақ, қазақтардың ата-бабаларының өмірінде табиғат құбылыстары мен оларға байланысты наным-сенім аса маңызды рөл атқарған. Себебі, көшпенділер күнделікті өмірінде табиғаттағы тәртіпті бағдар еткен. Сондықтан да, табиғаттың заңымен өмір сүрді. Табиғат-ананы сыйлады. Өйткені, олар осынау үлкен жүйенің өздері бір бөлшегі екенін білді. Өмірді басқаратын Жаратқан, Рух кейбір табиғи құбылыстарда ғана көрініс табады, тек оны солай ғана көру мүмкіндігі болды. Көшпенділердің басты символдарына адам өміріне әсер ететін ғаламшарлар (Күн, Ай, жұлдыздар), таулар, өзендер, ормандар, көлдер жатады. Көшпенділер үлкен, кәрі, ерекше ағаштарды құрмет тұтқан. Олар сол ағаштар арқылы Жан Жер мен Көктің арасында жүреді деген нанымда. «Өмір Ағашы» көптеген түркі халықтарында бар» дейді Андраш Биро. Осы арада ойға шырша түседі. Шырша туралы жазылғандарға жүгінсек, Биро бүйректен сирақ шығарып отырған жоқ. Шыршаның көкке шаншылған ұшын – сол жаққа жеткізетін жолға ұқсатқан бабалар.

Венгрлік ғалымға дейін де, кейін де шыршаны түркілердің кие санағаны туралы жазбалар жарық көрді. Оны қалай безендіріп, не үшін құрметтегені де осы айтылғандармен өте үндес. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы Амантай Шәріп те жазған еді. Мұнда да ғалым шыршаның безендірілуін түркіге апарып тіреген.

Қазір ше? Шырша десе, төбе шашымыз тік тұрады. Жаңа жыл десе, кіржіңдейміз. Біріміз біліп, біріміз білмей. «Көп айтты, көнді..» (Абай). Көбінің көңіл түкпірінде «Совет Одағынан қалған, орыстың мерекесі» деген ой.

Шындығында, солай ма? Кеңес Үкіметінің өзі шыршаны жоқ қып жіберді. I Петрге қатысты болған соң. (Ресей аумағында І Петр 1700 жылы 1 қаңтарда Жаңа жылды шыршамен тойлау дәстүрін ең алғаш рет енгізгені белгілі). Жаңылмасақ, отызыншы жылдардың ортасында қайта әкелді. Қызылдар оны дінмен байланыстырған. Шыршаның дінде шатағы жоқ. Бұнда әр ұлттың наным-сенімі жатыр.

Иса пайғамбардың да шыршамен байланысын іздейді. Рас, ол туралы деректер де баршылық. Иса пайғамбар дүниеге келгенде шыршаға көктен жұлдыз жаудырып, оны әсем безендіріп тастаған. Содан бері балаларды қуантатын, осы күннің (Рождество) белгісі ретінде атауды бұйырған деген әпсана бар. Алайда, Иса пайғамбар дүниеге келген Вифлеемнің климатында шырша өспейтіні және шын. Бұл ағашқа ол жақтың климаты тән емес екен. Оның үстіне, Иса пайғамбарға қатысты өсімдік, орман ағаштарының тізімінде шыршаның атауын тағы көре алмадық. Соған қарағанда, басқа аңыздан гөрі шыршаның түркімен тамырластығы шындыққа жуықтайды.

Көп дерек шыршаны қастерлеу, шыршаны әспеттеу, оны безендіру өзге емес, өзіміздің түркіге тән екенін көрсетеді. Шыршаның емдік қасиетінің өзі – бөлек бір әңгіме. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, солай. Осы күні көк түркінің сол дәстүрін білместік бар. Білмеген у ішеді. Біздің кеп – сол. У ішкенмен пара-пар. Не заттың тамырына үңілмеу – ұр да жық пікірге ұрындырады. Шыршадан шошытып, Жаңа жылды жек көргізген сондай пікірлер, біздіңше. Оның үстіне, дүние жүзі күнтізбесін 1 қаңтардан бастағанда, біз әлемнен қалыс қала алмаймыз ғой.

Бұл – Наурызды жоққа шығару емес. Кейде «Жаңа жылды тойламаймыз. Наурызды ғана атап өтуіміз керек» деген біржақты пікірлерге осылай демеске лажымыз жоқ.

Әрине, Наурыз – ұлттың ұлық мерекесі. Оны да ерекше атап өтейік. Кім қой дейді бізге?! Айдаһарының киімін киіп, көшеге шығып жататын құжынаған қытайға тек дегенді көргеміз жоқ. Мереке көптігінің несі жаман?!

Әлбетте, біреуге бұйрық бере алмаймыз. Біздікі реті келгенде айтылған көзқарас. Қабылдауға да, қабылдамауға да еріктісіз!

Айтпақшы, Жаңа жылыңызбен!

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button