Жаңа жыл жыр ордасында
Қарағандыда қара өлеңге құныққалы жексенбілетіп баратын «жекеменшік ордам» – Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы. Тәйірі, Арқаға ат басын байлаған ақын атаулы бір соқпай кетпес жыр жайлауы да осы болар. Таусылып келіп, тау суындай арқырап қайтатын жыр қайнарым да осында. Ес білгелі, Наурыз деп нар сойдырған ұлан-асыр тойды көрген емеспін. Мейрам күні алаңға шықсаң жер аяғы кеппеген не лай, не мүлде қар бораған Табиғат-Ананың тосын мінезін көргенің де тұрғаның. Туған топырағым Алтайда да солай. Дегенмен, Сарыарқаға сойым танылғалы наурыз мейрамы десе, әлгі кітапханаға тартатыным бар. Бұл жолы да солай…
Табалдырығынан аттаған беті амандық сұрасқан ақындар шоғыры алдымнан шықты. Жастық жігері, жастық максимализмі шиыршық атып тұрған жас шайырлар. Алты ай қыста арқамызға тоң қатып, құрышы жазылмаған құшағымызды ашып, бейне бір «ойдағы ел қырдағы елмен көріскендей» өзімізше көрісіп жатырмыз. Дастарқан жайып, дәм-тұзын ұсынған кітапханашылар тағы бар. Таңдайдан дәмі кетпес наурыз көженің бал татығаны да осында. Шіркін, қай кітапханашы әзірлейді екен. Бір сұрамаппын-ау…
Бұл жолы «Жыр-Жауһарлықтармен» қатар орыс ақындарының клуб мүшелері де шақырылыпты. Емен-жарқын отырыс, қазақ һәм орман елі ақындарының өлеңіне ұласты. Суырылып шығып, лек-легімен жыр оқиды. Кезек сұрақ-сауалға ойысты. Жүргізушілер наурыз мейрамына қатысты алуан түрлі сұрақ қойып, жұмбақ жасырды. Білгенімізді біз де айтып жатырмыз. Байқап отырсам, орыс ақындары да қалысар емес. Тіпті, үлкен экраннан қазақтың салт-дәстүрі, жөн-жоралғысы, байырғы тұрмыс-тіршілігі төңірегінде көрсетілген суреттерді де жазбай танып, «тұсау кесер» мен «үйлену тойын» да дөп басып айтады. Ендігі қызық – асық ату. Жігіттер жапа-тармағай асыққа ұмтылғанда, дастарқанның бос қалғанын көріп, бір күлісіп алдық. Ол-ол ма, егде тартқан орыс тілді ақындардың өзі асыққа жармассын келіп. Сұрай келе, бала күндерінде ауыл жастарымен бірге ойнап баққандарын білдім. Иірілген асықты, көздеп атады. «Бұрында қазақтар балаға асық аттыру арқылы адырнаны тартуға икемдеп, жебенің түзу ұшуына сеп еткен» дейді әлгі ақындардың бірі. Мереке соңы тағы да жырға ұласып, қос клуб мүшелері кезектесіп өлең оқыды. Ұлт пен ұлтты табыстырған төл мерекеміздің даңқы аспандап тұрғанын шағын шаңырақта отырып-ақ аңғарғаным сонда. Бәлкім, күн мен түнді теңестірген Наурыздың ұлыс пен ұлысты да табыстыруға қауқары жетер. Кім білсін…
Рауан ҚАБИДОЛДИН