Бас тақырып

Жаңа жыл келді, жаңа күн келді!

Наурыздың артибуты – тек қана ұлттық киім, киіз үй және ішіп-жем емес. Әуелде олай болмаған және болмақ та емес. Оның психологиялық һәм философиялық мәні бар. Ол тым-тым тереңде. Бір күнмен өлшеп, бірер сағаттық шарамен шектеп тастап, ашық күнде адасқан тағы өзіміз. Енді еске алып, етек-жеңді жиып жатқан жайымыз бар. Әлбетте, «ештен кеш жақсы». Жоғымызды түгендейтін күн әлдеқашан туса да, соған желке жар бермеген құлықсыздық ұлттық құндылықтың қас жауы екенін аңғартып та, аңдатып та үлгертті әйтеуір уақыт. Содан өзге елдер секілді отыз күн болмаса да, онкүндік Наурызнама көкірек көздегі шелді ысырып, көңілдегі кірбіңді сейілтуге кірісті. Рас, Наурыз туралы күні бүгінге дейін аз айтылған жоқ. Кем жазылған жоқ. Әйтсе де, әлі де сіз бен бізге беймәлім сырлары бары хақ. Соның бірі – 22 наурыз күннің нөл градуста экваторға тура тіке түсетін жалғыз күн екендігі…

Сурет: kazakhstan3.com сайтынан

Табиғаттың тылсымы, әлде Құдайдың құдіреті дейміз бе? Күн мен түн жыл он екі айда екі рет теңеледі. Оның бірі – осы 21 наурыздан 22-сіне қараған түн, екіншісі қыркүйектің 22-інен 23-іне ауған шақ. Бір ғажабы – 22 наурыздағы теңелуде күннің ауытқуы 0°-қа тең. Мұны аспан денелерін зерттеушілер айтады. Бұл туралы әлемге әйгілі National Geographic қоғамы да атап отыр. Яғни, Күн жарықтық экваторға тікелей түсетін жалғыз күн осы – 22 наурыз екен. Одан соң күн солтүстікте, я оңтүстікке қарай жылжиды. Ғажап құбылыс. Ендеше бұл 0° градус нені меңзейді?

Әркімге уақыт деген патша өлшеп берген мерзім бар. Қысқа әлде ұзақ? Ол тағы бізге беймәлім. Бірақ соның мәнді-мәнсіздігі адамның әрекетінде. Ал мына жаңа күн әр адамға жаңа қадам, жаңа қаракет қылуға меңзейді. Төрт құбыласын түгендеп, тазарып, рухани жаңаруды еске салады.

Адамзаттың қауашағынан қағаз-қалам деген дүние тумай тұрғанда-ақ бабаларымыз жаңару мен тазарудың басы осы наурыз екенін болжапты. Математикадағы сан әлемі нөлден басталады. Адамның да ғұмыры сол нөлден бастау алады. Күн – нөлде. Демек, табиғаттың өзі де жаңарады. Тіршілік атаулының көбіне жан кіреді. Жаңа бір ғұмыры басталады. Келте түссе де. Фольклортаншуы Берік Жүсіповтің балпақ туралы айтқаны соның бір айғағы. Еске түскенде, таң қалмасқа қоймайды.

Зерттеушінің айтуынша, 13 наурызда балпақ ұйқысынан шырт оянып, үрім-бұтағымен інінен шығып, інін тазалайды екен. Содан соң қыстан аман шыққанына болар сірә, бір-бірімен адамша көрісетін көрінеді.

«Бір қызығы, әлгі мақұлық жыл он екі ай тіршілігінің тоғыз айға жуығын жер астында, қалың ұйқының құшағында өткізеді. Құм шыжғырған шілде айының ішінде әуелгі жазғы ұйқыға кеткеннен күздік, қыстық ұйқысын қандырып, қыс күрмелер күні, яғни 13 наурызда бір-ақ оянады. Соған қарағанда жыл мезгілінің ауысуына байланысты табиғатта болып жататын ерекше өзгерістерді бірінші осы тышқан тұқымы сезетін болса керек. Қысқы ұйқыдан алдымен еркегі, сосын ұрғашысы, соңынан барып балпанақтары тұрады. Сөйтіп, сол күні табиғаттың қандай мінез танытып тұрғанына қарамастан, қыстай жатқан індерінің аузын, ішін толайым тазалап алып, бір-бірімен кісі сияқты көріседі. Егер күн райы жылы болса, сол сәттен бастап тіршілігін жалғастырады. Ал ауаның әліде болса қытымыр екенін байқаса, балпақ қалыпты әдетімен күн жылынғанша қайтадан көз шырымын алуға кіріседі» деп жазған-ды зерттеуші. Құдайдың құдіреті. Көз алдыңызға жүректі лүп еткізер көрініс келеді. Жан, жүректі елжіретіп қоя береді.

Осы арада қазақтың «жер аяғы кеңісін», «өлмегенге шықты жаз» дейтін тұрақты тіркесі ойға оралады. Байырғы бабаларымыз да көктемнен көп үміт күткен екен. Көп затты көктемге тірепті. Ұлыстың ұлы күнін күтіпті асыға.

Содан да, көшпенділер көкжиектен көтерілген жаңа күнді көруге ұмтылған. Онысы – жаңа жылға, жаңа күнге үміт артқаны болар. Қыс күрмелгенде, көктемде көгеріп, жазда жадырап, күзде соның жемісін жиярына сенімділігі шығар. Сол сенім, сол үміт бүгінге жеткізді. Соның баяны бұйырыпты бұл күнгі ұрпаққа. Демек, Сіз де жаңарыңыз! Тазарыңыз! Үмітіңізге үкі тағыңыз! Ертеңіңіздің баянды болуы үшін.

Жаңа жыл келді!
Жаңа күн келеді!
Күніңізді бұлт шалмасын!
Ұлыс оң болсын!

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button