Жаңа Заң жауапкершілікті арттырады
Мәжіліс биыл «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасына сәйкес жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беріліп, келісімді рәсімдеу мерзімі едәуір қысқартылмақ. Заң жобасы аясында сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру көзделген. Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алу рәсімдері автоматтандырылып, сатып алудың бірыңғай платформасы құрылады. Аймаққа келген Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жаңа заңның жаңашылдықтары туралы баяндады.
Дәурен Кеңбейілдің айтуынша, электронды сатып алу порталы кез келген пайдаланушыға адами факторды қоспағанда, сатып алудың барлық кезеңдерін қадағалауға мүмкіндік береді.
– Заң жобасы негізінде «Мемлекеттік сатып алудың қоғамдық мониторингі» ұғымы енгізіледі және ол бойынша нормалар регламенттеледі. Әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілерді ескере отырып, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға негізделген «Тұрақты мемлекеттік сатып алу» институты енгізілетін болады. Әлеуетті өнім берушілердің рейтингі жасалады, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдерін, мемлекеттік сатып алудың негізгі қағидаттарын және әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары бекітіледі, – деді вице-министр.
Сатып алудың кез келген түрінде сапаны арттыру үшін өтінім беруші туралы барынша толымды ақпарат жинақталады. Ол үшін әртүрлі дерек базалары пайдаланылады. Мәселен, енді конкурсқа қатысушының кредиттік тарихы, сот процестеріне қатысуы да қаралады. Бұл сатып алудың барлық түрлері бойынша, баға мен сапа өлшемшарттарын үйлестіре отырып, өнім берушілерді автоматты түрде таңдауға мүмкіндік береді.
– Құрылысқа байланысты жұмыстар бойынша қоғамдық мониторинг енгізілді. Шарттың тиісінше орындалуын бақылау – құрылыс сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі. Осы ретте, жұмыстарды орындау кестесі, шарттардың орындалуы бойынша есеп көпшілікке қолжетімді болмақ. Яғни, кез келген адам мердігердің жұмысын бақылай алады. Мәселен, осынша мерзімде нысанның бірінші қабатын бітіріп немесе төбесін жабуы керек делінсе, ал, ол жұмыс көрсетілген мерзімде орындалмаса, шағым айта алады, – деп түсіндірді спикер.
Сатып алу рәсімдерін оңайлату – жаңа заңның жаңашылдықтарының бірі. Ол бойынша шағымдарды қараудың жаңа тетігі енгізіліп, бақылаушы органның рөлі қайта қаралды.
– Қазіргі уақытта конкурсты өткізу мерзімі шамамен екі айды құрайды. Бұл қайта қаралып, конкурсты өткізу мерзімі бір айға қысқартылады. Қазір біз арнайы жүйені енгіздік. Қазір оны жаңа заң аясында кеңейтіп жатырмыз. Бұл – мердігерді конкурстық комиссиясыз, адамдарсыз, жүйенің өзі анықтайтын рейтингтік-балдық жүйе. Біз ол жүйені құрылыс-монтаждау жұмыстарын сатып алуға, жобалау және техникалық қадағалау бойынша қызметтерді сатып алуға енгіздік. Бұл егер шағым түспеген жағдайда. Конкурстың ұйымдастырылуына шағымдану тәсілдерін де өзгертеміз. Егер қазір сатып алу қорытындысына өнім берушілер мемлекеттік аудит органдарына шағымданса, қызметкердің бұл конкурстың күшін жоюға құқығы бар. Содан кейін бұл шешім Астанаға Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жіберіледі. Егер мәселе шешілмесе, онда олар апелляциялық бөлімге барады, содан кейін олар сотқа жүгінеді. Бұл бірнеше айға, кейде, тіпті, жылдарға созылып, жұмысты жүзеге асыруға кедергі келтіретінін білесіздер. Енді бұл жүйе өзгереді. Конкурсты ұйымдастырушының өзі шағымды 3 күн ішінде қарайды. Егер жеткізушілер әкімдіктің шешімімен келіспесе, олар сотқа арызданады. Бұл ретте жеткізушілер сотқа жүгінсе де, сатып алу рәсімі тоқтамайтынын, яғни, судья осындай шешім қабылдамаса, ол жүре беретінін атап өту маңызды. Мысалы, қазір бізде сот жүріп жатса, шарттың орындалуы тоқтатылады. Сондықтан да, мектептердің құрылыстары тоқтайды. Яғни, жеткізуші жеңіп алса да, сот шешімі бір жылдан кейін ғана шығарылады, ол іс барлық кезеңдерден өтіп болғанша құрылыс тоқтап тұрады. Жаңа заң бойынша шарттың орындалуы жалғаса береді, – деді Дәурен Маратұлы.
Жалпы, мемлекеттік сатып алу жүйесінде рейтингтік-балдық жүйе 2022 жылдан қолданыста. Бұл кезде жеңімпазды анықтау процесіне конкурстық комиссия қатыспайды. Осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды. Жеңімпаз мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде автоматты түрде анықталғандықтан, сатып алу қорытындылары шағымдануға жатпайды. Былтырдан бастап, аталған тәсіл құрылыс-монтаждау мен жобалау жұмыстары бағытында өткізілетін конкурстарда қолданылады. Жалпы, сатып алуларды барынша рейтингтік-балдық жүйе конкурсына көшіру жоспарлануда.
Сонымен қатар, ол енді бір жоба бойынша бір ғана жеткізуші болатынын да атап өтті. Мысалы, көпір салу керек болса, оны жобалауды, құрылысын жүргізуді және қолданысқа беруді бір ғана жеткізуші жүзеге асырады. Ал, техникалық қамтуды басқа жеткізуші орындайды.
– Сонымен бірге, заң жобасы аясында мерзімінен кешіккен және жұмыстарды тиісті сапада орындамағаны үшін өнім берушілердің жауапкершілігі күшейтіледі. Ал отандық өндірушілерге офтейк-келісімшарттар арқылы қолдау көрсетіледі, – деді Дәурен Кеңбейіл.
Қаржы вице-министрі «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң жобасы аса маңызды құжат екенін, осы мәселені реттеуге Мемлекет басшысы тікелей тапсырма бергенін және осы жоба аясында тапсырманың толық ескерілгенін атап өтті.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz