Жаңалықтар

Жаңа тарих бастауы

Қазақстанның жаңа тарихы «Мемлекеттік егемендік туралы Декларациядан» бастау аларына дау жоқ. Тура 34 жыл бұрын қабылданған Декларациядан бері қазақ елі өзін әлем алдында сыртқы-ішкі саясатта мойындата білген біртұтас мемлекетке айналды. 25 қазан – Республика күні ретінде мерекеленіп келгені белгілі. Одан кейініректе мереке тізімінен шығарылды. Ал 2022 жылғы 16 шілдедегі Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Рес­публика күніне қайтаруды ұсынғаны және оның қолдау тапқаны мәлім.

Коллажды жасаған А.Коктаева

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті, шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Содан кейін қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына түзетулер енгізді.Ол түзетуге сәйкес Республика күні, 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал, Тәуелсіздік күні, 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.

Жалпы, Декларацияның мәні зор құжат екені даусыз. Бірақ, оны қабылдау бір күнде бола қалған іс емес. Оның әр сөйлемі түгілі әрбір сөзінің қаншама талқылаудан өтіп барып, таразыға тартылып барып, қабылданғанын бұл күнде бұқара біле бермейді. Өйткені ол құжатта Қазақстанның болашақ тағдыры тұрды. Онда егемен елдің ертеңі екшеп жазылды.

Декларация қабылданған сәтте Жоғарғы Кеңесте 360 халық депутаты болғандығын айтады ашық көздегі деректер. Ол деректерге сүйенсек, бұл қатарда еліміздің барлық аумағының өкілдері, ірі зауыттардың, кәсіпорындардың директорлары, танымал адамдар, саясат және қоғам қайраткерлері, жастар да болған.

Мемлекет қайраткері Бірғаным Әйтімова Декларацияны қабылдау процесі күрделі және жауапты болғанын айтады «Қазақпаратқа» берген сұхбатында. Оның күрделігінің басты себебін қайраткер Қазақстанның сол кезеңде Одақ құрамында тұрғанымен байланыс­тырады.

«Әрине, декларацияға енгізілген барлық норма сол кезеңнің ықпалы мен көрінісіне ие болды. Сондықтан нақты тармақтардың объективі арқылы еліміздің ұлттық мүддесін түгелдей қамту оңай болған жоқ. Сонымен бірге, жалпы атмосфераны ескеру қажет еді. Себебі, біз әлі толық мағынада тәуелсіз болған жоқпыз», – дейді ол аталған сұхбатында. Сонымен, қызу талқыдан соң Декларация қабылданғаны мәлім.

Бұл туралы 2010 жылы Алматы қаласындағы «Раритет» баспасынан жарық көрген «Қазіргі Қазақстан тарихынан» (Б.Аяған, Х.Әбжанов, Д.Махат) e-history.kz сайты мындай деректер келтіреді.

«Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны» 1990 жылы 25 қазан күні 18 сағат 55 минутта қабылдады. «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда» Қазақстан аумағынын біртұтастығы мен оған жат көзқарас, қарсы әрекеттер болмайтындығы бекітілді. Декларацияда аса маңызды мәселе – республиканың өз бюджетін қалыптастыратындығы айқындалды. Казақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация – еліміз Конституциясының негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі. Бұл құжатта Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет деп жарияланды. Декларация алғаш рет табиғи ресурстардың, экономикалык және ғылыми-техникалық әлеуетінің Қазақстан меншігінде болуының ерекше құқығын баянды етті. Егер егемендік қағидаттарына қайшы келетін болса, Қазақстан аумағында КСРО заңдарын тоқтату құқығын белгіледі. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігін жариялау – Қазақстан үшін өз дамуының жолын дербес анықтау мүмкіндігін ашқан тұңғыш акті болды».

Еліміз осы кезеңнен-ақ алдымен этнократиялық мемлекет құруға ұмтылды. Бұл өзгелердің басты ұлт – қазақтардың айналасына жиналу дегенді білдірді. Ол уақыттарда ұлттық құрылым құру процесі этнократиялық коннотация алған бірқатар заңнамалық құжаттар қабылданды. Ал, 1990 жылы 25 қазандағы «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» Қазақстанның түпкілікті мемлекеттік тәуелсіздікке ауысуын сипаттайтын құжат еді. Аталған Декларацияда тәуелсіз мемлекеттің, жаңа тәуелсіз қазақстандық мемлекеттің негізгі параметрлері белгіленді, мұның өзі бұл Декларацияның қыз­метін «бағдарламалық» ретінде анықтауға мүмкіндік берді.

– Демократиялық, құқықтық қазақстандық қоғам, Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени құрылымдардың қайта құрылуы туралы негізгі идеялар жинақталған Декларация­дан еліміздің Конституциясын дайындау басталды. Әйтсе де, біз алдымен мынаны айта кеткенді жөн санаймыз. Бұл Декларацияда қазақтар мемлекет құрушы ұлт болып саналды да, конституция­лық заң қазақ ұлтының өзін-өзі анықтау құқығын заңдастырды. Декларация негіз болған заңдар еркіндік, бірлік, тұрақтылық деген қағиданы арқау етті, – дейді заң ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Сейітқожин.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button