Жаңа Салық кодексі экономиканы ынталандыра ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мен бюджетке түсетін түсімдердің қажетті деңгейін ұстап тұру арасындағы ақылға қонымды теңгерімді қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті. Кәсіпкерлер қауымдыстығына ұсынылған жаңа Салық кодексінің жобасы экономиканың әртүрлі салалары үшін сараланған қосымша құн салығының мөлшерлемесін, «көлденең мониторинг» режимін енгізуді және арнайы салық режимдерін реформалауды көздейді.
Жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістерді түсіндіру үшін Қарағандыға Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева арнайы келді. Олар Достық үйінде кәсіпкерлермен кездесіп, жиынға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов қатысты. Конференция форматындағы жиынның өтуіне Жаңа Қазақстанның салық төлеушілер қауымдастығы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитеті ұйытқы болды.
– Облыс үшін көлеңкелі экономиканың өсуіне жол бермеу шартымен қатаң бюджеттік және салық тәртібін сақтай отырып, кәсіпкерлік субъектілері үшін салықтық әкімшілендірудің жаңа тетігін енгізу маңызды. Ал бүгінгі диалог алаңы – соның айғағы. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, біз бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту мақсатында заңнаманы жетілдіру бойынша 48 ұсыныс жолдадық. Оның барлығы дерлік зерттеліп, салық заңнамасын әзірлеу кезінде ескерілгеніне сенімдімін. Бұл конференция және пікір алмасу мүмкіндігі бизнес үшін әкімшілік жүктемені азайтуға, инвестицияны ынталандыруға, сонымен бірге, салық түсімдерінің ашықтығы мен тұрақтылығын арттыруға бірге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп үміттенемін! – деп сенім білдірді Ермек Алпысов.
Облыс әкімінің орынбасары конференция қатысушыларына Қарағанды мен қазына сөздерінің бірегейлігіне тағы бір көз жеткізді. Өйткені, кеншілер астанасы, агломерация өзегі, ірі өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени орталық екендігі мәлім. Мұнда шағын және орта кәсіпкерлігі дамыған кәсіби бизнес-қоғамдастық қалыптасқан. Облыста шағын және орта бизнесті дамытуға қажетті көңіл бөлінеді. Мәселен, 2025 жылға қарай орта бизнестің үлесін 3,4%-дан 7%-ға дейін екі есеге арттыру жоспары тұр. Ал, бұған салық заңнамасына тікелей тәуелді бизнес-климаттың жақсаруы тікелей ықпал етеді. Жаңа кодекс кәсіпкерлерге бизнесті ашық жүргізуге мүмкіндік беретін алдын алу шараларын енгізуді көздейді. Цифрландыруды дамытуға және есептілікті онлайн тапсыруға жағдай жасалмақ. Сондықтан, көлеңкелі экономиканың өсуіне жол бермеу жағдайында қатаң бюджеттік және салық тәртібін сақтай отырып, бизнестің әлеуетін арттыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілері үшін салықтық әкімшілендіру тетігінің өзгермелі жағдайларын енгізу облыс үшін терең маңызға ие. Бүгінгі таңда бизнеспен қарым-қатынастың жаңа деңгейіне көшу барысында барлық тараптардың мүдделері ескеріліп, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталуы тиіс. Мысалы, бөлшек салық мөлшерлемесін екі есеге, 4-тен 2%-ға дейін төмендету мүмкіндігі бойынша Қазақстан Республикасының Салық кодексіне енгізілген түзетулер бизнеске нақты қолдау болды.
Облыс республикада алғашқылардың бірі болып тиісті шешімдерді қабылдай отырып, нәтижесінде бөлшек салықтың арнайы режимін қолданатын облыстағы салық төлеушілердің саны өткен жылы 148-ден 1 282 субъектіге дейін ұлғайды. Дерек пен дәйек қамшы салдырмай тұр. Бұдан әрі бөлшек салықтың арнайы режимін қолдану үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін кеңейтудің 190-дан 364-ке дейін, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі секторын қоса алғанда, оң әсері күтілмек. Шикізаттық емес салалардың әлеуетін кеңейту үшін 50 жобаның пулы бар, оларды іске асыру өнім өндірісін 1,3 трлн-ға ұлғайтуға септеседі.
Әсіресе, салық заңнамасын жетілдіру өзекті. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жергілікті деңгейге қосымша салықтарды беру жөніндегі мәселе заңнамалық деңгейде қаралуда. Кезең-кезеңмен фискалдық орталықсыздандыру өңірлердің қаржылық тұрақтылығын және олардың қаржылық тәуелсіздігін нығайтуды қамтамасыз етеді.
Жиналған салықтар – бұл жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандары екендігі көпке аян. Облыс бюджетінің 80%-дан астамы әлеуметтік салаға және халық үшін қолайлы орта құруға бағытталған. Бұл – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының тұрақты жұмыс істеуі, тұрғын үй және жол инфрақұрылымының құрылысы. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа Салық кодексін тек фискалдық қызметкерлер ғана емес, сонымен бірге, бизнес өкілдерін тарта отырып, экономистер де әзірлеуі керек.
– Бізде айыппұл санкцияларын қабылдаудан гөрі салық төлеушілерге көмек көрсетуге баса назар аударылатын болады. Инновациялардың бірі қосылған құн салығының жаңа автоматтандырылған жүйесін енгізу болады, – деді Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов. – Есепке қоюдан бастап есептілікті толтыруға дейін форматты-логистикалық тексеру көзделетін болады. Яғни, кәсіпкер салық органынан алдын ала толтырылған нысан алады. Ол келіседі немесе түзетулер енгізе алады. Сонымен қатар, бұл есептерді тапсыру үдерісін жеңілдетеді, бухгалтер немесе қосымша кеңесші жалдаудың қажеті жоқ. Осыған байланысты, бізде камералдық бақылау рәсімі азаяды. Жаңа кодекстің жобасы жетекші әлемдік компаниялар мен дамыған елдердің үздік тәжірибелерін ескере отырып әзірленді, – деп қосты спикер.
Тағы бір жаңалық – салық төлеушілерге сенім принципін енгізу. Жаңа құжаттың негізгі мақсаты – бизнесмендерге салық төлеуді жеңілдету үшін көмек көрсету және оларға жәрдемдесу.
Сонымен, жаңа Салық Кодексін енгізу еліміздің салық жүйесін дамытудағы маңызды қадам деп түсінеміз. Бұл кодекс ескірген салық ережелерін жаңартып қана қоймай, әділ, тиімді және прогрессивті салық салу жүйесіне жол ашады. Ашықтық, экономикалық өсуді ынталандыру және кәсіпкерлікті қолдау қағидаттарына сүйене отырып, жаңа Салық кодексі қолайлы іскерлік ортаны құруға ықпал етеді және экономиканың әртүрлі секторларына құйылар инвестицияны ынталандырады.
Бұл кодекстің сәтті іске асырылуы оның мазмұнына ғана емес, сонымен қатар, тиімді практикалық іске асыруға, барабар бақылауға және тұрақты мониторингке байланысты екенін атап өткен жөн. Мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың және қоғамдық ұйымдардың бірлескен күш-жігерімен ғана жаңа салық жүйесінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ете аламыз. Жаңа Салық кодексі ережелер мен нормалардың жиынтығы ғана емес, ол экономика мен әлеуметтік үдерістерді басқару құралы. Сондықтан, оның ережелерін мұқият зерделеу, мүдделі тараптар арасындағы сындарлы диалог және үнемі жетілдіру салық саясатын табысты іске асырудың және қоғамымыздың өркендеуінің кепілі болмақ.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ