Медицина

Жаңа қоныс, жаңарған үрдіс

Облыстық балалар клиникалық ауруханасының ашылуы расымен де аймақтың денсаулық сақтау салысындағы жағымды жаңалық болды. Бұл ең әуелі бәленбай жыл ескі ғимаратта еңбек етіп келген дәрігерлерге, кішкентай пациенттер мен олардың ата-аналарына жасалған жақсылық деуге болар. Енді, жаңа орында, заманауи аппараттармен дәрігерлердің көмек көрсету мүмкіндігі артады, ал, емделушілер жайлы орында болады.

«Жер мен көктей»

Аурухана директорының орынбасары Жанат Елубаевпен қабылдау бөлімінің алдында кездестік. Аурухана ашылғаннан бастап операциялар жасалып, науқастардың орналастырыла бастағанын, ауруханаға енді үйреніп келе жатқандарын айтты. «Бұрынғы ғимаратпен салыс­тырғанда жер мек көктей» дейді белгілі хирург.

– Ол 1968 жылы салынған жатақхана ғимараты еді. Енді ойлаңыз, жатақхананың бір бөлмесі – «операционный». Тар, санитарлық режимдерге сәйкес келмейтін жерде жұмыс істедік. Дәрігерге де, пациентке де жағдай жасалмаған еді. Жаңа аурухана – заманауи. Барлық талаптарға жауап береді, – дейді Жанат Қуандықұлы.

Бұрынғы ауруханада жоспарлы нау­қастарға бір, шұғыл түскендерге бір операциялық зал болса, мұнда әр саланың операция жасайтын өз залы бар.

– Урологиялық, нейрохирургтарға бөлек, хирургиялық паталогия, лор бө­лімге арналған операциялық залдар бар. Және олардың есігі оқшауланған. Бұрынғыдай бір жақтан екінші жаққа тасымаймыз. Ешкім беталды кірмейді. Бұл инфекцияның алдын алады. Мұны аурухана ерекшелігінің бірі деуге келеді, – дейді хирург.

Заманауи жабдықтар – аурухананың тағы бір артықшылығы. Жанат Қуандықұлының айтуынша, мұнда облыста басқа емдеу орындарында жоқ аппаратуралар бар.

– Olympus 4К деген аппарат бар. Ол қан тамырларын анық көрсетеді. Қарасаңыз тамыр ішіндегі қан су сияқты болып ағып тұрады. Сондай-ақ, ол тереңдігі 7 мм болатын тамырды күйдіріп кесуге мүмкіндік береді. Бұрын болды. Бірақ, ол ондай қалың тамырды кесе алмайтын еді. Бұрын ашық түрде жіппен байлау арқылы ғана жасап жүрдік. Сонымен бірге С-дуга деген аппарат бар. Ол бүйректегі, қуықтағы тасты операция кезінде көруге мүмкіндік беретін. Ескі ғимаратта біз кескеннен кейін немесе операция үстінде УДЗ арқылы көретін едік, – дейді дәрігер.

 

Алға қойған жоспар көп

Жанат Қуандықұлының сөзінше ауруханада әлі де жасалуы тиіс жұмыс көп екен. Оның ең бастысы балалар паталогиясын бір жерге жинақтау. «Атында тұрғандай балаларға қатысты барлық аурулар осында болса» дейді ол.

– Қазір жарақат алған балаларды Х.Мақажанов атындағы клиникаға апарады. Біздің дәрігерлер сонда баруы керек болады. Мұның барлығы ыңғайсыз. Алдағы уақытта нейрохирургиялық бөлім орындарын көбейтсек. Қазір 8 орын бар. Ол аз. Күніне 5-6 бала бас ми жарақатымен түседі. Кейбірі ұзақ уақыт жатады. Терезеден құлаған, миы шайқалған, одан басқа, туа бітті аурулар да көбейді. Сондықтан, орын санын 20-дан асыру жоспары бар, – дейді дәрігер.

Оның айтуынша, қазіргі таңда балалар арасында өңеш жұтқыншақтың күйіп қалуы жиі кездеседі екен. Терең күйген балаларға жалпы өңешті тоқ ішегімен ауыстыру қажет болады. Бірақ, бізде мұндай операция жасалмайды екен.

– Ондай науқастарды Астана мен Алматыға жібереміз. Өздері шет елдерге барады, ақша жинайды. Қазір мамандарды оқытып жатырмыз. Ондай отаны жасауға мүмкіндік бар. Жылына 5-6 бала осындай күрделі операцияны қажет етеді. Одан бөлек, ауыз қуысы, өңешке жетпеген күйік 20-30 балада кездеседі, – дейді дәрігер.

Урологиялық операциялардың 95 пайызын эндоскопиялық әдіспен жасау мақсаты тұр.

Аурухананың ашылуында аймақтың денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бибігүл Төлегенова мұнда бұрын болмаған жақ-бет хирургиясын ашылатынын айтқан еді. Ол жыл соңында немесе келер жылы ашылуы тиіс деп отыр Жанат Қуандықұлы да. Оның да себебі науқастар санының көбеюі.

– Мұның барлығын не үшін ашқымыз келеді? Біздің науқастарымыз басқа жаққа кетпеуі үшін. Барлығы өзімізде жасалғанын қалаймыз, – дейді ол

Қазіргі уақытта мұнда 128 педиатр, 136 медбике бар. Барлығы 430 адам жұмыс істейді. Мамандарға тапшылық жоқ. Тек, кіші персонал қажет екен.

– Жаңа айтқанымдай, бұрын екі операциялық зал еді, мында барлығын қосқанда сегіз операциялық зал бар. Оның барлығын жуып-тазалайтын адам керек. Орын көбейту мүмкіндігі бар, – дейді директордың орынбасары.

Бұрынғы ауруханаға 290 адамға дейін қабылданды. Бұл – 200 адамдық. Орын тапшылығы болмас үшін ескі ғимараттағы былтыр-алдыңғы жылы алынған төсек-орындар, тумба, операциялық үстелді көшіріпті.

– Қолданыс мерзімі өтпеген дүниелерді тастай алмаймыз. «Кедей болсаң көшіп көр» деген, біз де әлі көшіп жатырмыз. Жаңа ғимаратқа да әлі үйреніп жүрміз, – деп күледі дәрігер.

 

Шунгит, сенсор, «ЛФК»

Аурухананың жаңалығы мұнымен бітпейді. КТ мен МРТ үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жаңадан емдік денешынықтыру бөлмелері, тұзды, сенсорлы, тіпті, шунгитті бөлмелер ашылды. Зертханалық тексерістердің барлығы толығымен өздерінде жасалып келеді.

Одан бөлек, аурухана мамандары жылжымалы бригада құрамында тасымалдауға жатпайтын науқастарға барып, операция жасайды.

– Әдетте ол жаңа туған балалар. Ішек қуысы, тоқ ішегі жоқ сәбилер. Оларды ары-бері алып жүруге болмайды. Себебі, бала үшін арнайы орта жағдайы болуы керек. Сондықтан, хирург, анестезиолог, операциялық мебдике арнайы барады, – дейді Ж.Елубаев.

– Жапониядан арнайы әкелінген жеті төсек бар, – дейді дәрігер. – Ол күйік шалған балаларға арналған. Ондай балалар жиі түседі. Төсек баланың терісі мен сүйегі ойылмауына ыңғайланған әрі бактерияларды зарарсыздандырады. Науқас ауада қалықтап жатқандай сезіледі. Күймей-ақ қойсын балалар. Дегенмен, ол төсектер дайын.

Біз сөйлесіп тұрғанда 4-5 жасар бала келді. Жанат Қуандықұлы баланы бірден таныды. «Бұл баланың анасы батыр» деді сосын. Баланың туғанда ішектері сыртында болыпты.

– Анасы «сізге сенемін» деді. Басқа ештеңе айтқан жоқ. Төрт рет операция жасалды. Қазір шауып жүр, – дейді хирург.

Жанат Қуандықұлы ата-анасының сенімі, қабылдауы операцияның өтуіне де әсер етеді деген ойды айтты.

– Кейбір адамдар сенбей тұрады, күмәнданып тұрғаны бірден білінеді. Сондықтан, ата-ананың ниеті маңызды. Кейбір ата-аналар үнемі жазып, хабарласып, балаларының өсіп қалған суреттерін жіберіп тұрады. Кейде болады, көрсе де көрмегендей жүретіндері. Бірақ, біз өзіміз ота жасаған баланы қанша уақыт өтсе де жазбай танимыз. Баланың денесінде қолымыздың табы қалады себебі, – дейді дәрігер.

Жансая ОМАРБЕК,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ.
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button