Жаңа қоныс қуанышы
Абай ауданының «Южный» кентінде мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға кезекте тұрған үш отбасы пәтер алды. Жаңа қоныстанушыларға кілттерді жергілікті әкім Исламбек ЖҰМАЛДИНОВ табыс етті.
– Үш отбасы да «көп балалы отбасылар», «толық емес отбасылар» және «I және II топтағы мүгедектер» санаттары бойынша мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға кезекте тұрған еді. Оларға екі қабатты үйлерден екі бөлмелі пәтерлер берілді. Бұл пәтерлер биыл бюджет қаражаты есебінен жөндеуден өтті, – деді Исламбек Сайлаубекұлы.
Гүлбағираш Омарова 2008 жылы жұбайымен және балаларымен бірге «Южный» кентіне көшіп келген. Сол кезден осы күнге дейін отбасы пәтер жалдап тұрды. Г.Омарова мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға үш жыл бұрын кезекке тұрған еді. Сондықтан, осындай қысқа мерзімде баспаналы боламын, деген үш ұйықтаса түсіне кірмегенін айтады.
– Бұл біз үшін өте қуанышты және күтпеген оқиға. Өткен жылы мен күйеуімнен айырылдым, балаларыммен пәтер жалдап тұру қиын болды. Ең кіші балам жеті жаста. Біздің жаңа пәтерімізге бәрінен де ерекше сол қуанып жүр, – деді Гүлбағираш Омарова.
Өз тілшімізден.