Жаңа оқу жылының жаңа мазмұны
Қыркүйектен бастап аймақтағы 420 мектеп жұмысын бастайды. 172 мың оқушы білім алмақ. Оның 17 мыңға жуығы – бірінші сынып оқушылары. Бүлдіршіндерді «Күнгей» шағын ауданында 600 орындық және «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынған 2000 орындық жаңа мектеп күтеді.
Биыл оқушыларды оқулықпен қамту мәселесі де толығымен шешілді. Оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Білім деңгейін жасанды интеллект бағалауы мүмкін
Биыл 1-сыныптарда оқу мерзімі 33 оқу аптасын, 2-11-сыныптарда – 34 оқу аптасын құрайды. Жалпы оқу мерзімі 2 қыркүйекте басталып, 2025 жылдың 23 мамырында аяқталады. Шет тілдерін кезең-кезеңімен зерделеу мақсатында 3-сыныптан бастап оқыту бағдарламасына «Шет тілі» курсы енгізіледі. Сондай-ақ, 3-сыныпта «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері де оқытылмақ. Ал 4-сыныпта «Көркем еңбек» пәні қосылады.
Ауылдық тірек және шағын жинақты мектептерде жекелеген пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдері енгізілуде. Мәселен, «Цифрлық мұғалім» жобасын іске асыру шеңберінде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан білім алушылармен жұмыс жалғасады. Сол сияқты «ДосболLіke» бағдарламасын және «Менің бауырым» волонтерлік жобасын іске асыру аясында мектепте салауатты және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру жұмыстары жалғасады. Бұл бастамалар оқушыларды, ата-аналарды және педагогтерді өзара көмек пен қолдауды дамытуға бағытталған бірлескен іс-шараларға тартуды көздейді. Осыған орай оқыту мен бағалауда жасанды интеллектіні қолдану жандандырылуда. Цифрлық технологияны қолдана отырып, шағын жинақты ауылдық мектептердің әлеуетін дамытуға бағытталған пилоттық жобалар барысы әлі де пысықталуда…
Білім сапасы – бірінші кезекте
Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша аймақтағы білім сапасының көрсеткіші – 54,9%-ды құрады.
– Оқушыларымыздың жетістіктерін ерекше атап өткім келеді. Биылғы оқу жылында олар қазақстандық білім берудің жоғары халықаралық имиджін растап, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 26 медаль жеңіп алды. Бұл алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 8 медальге артық. Республикалық пәндік олимпиаданың қорытындысы бойынша облыс қоржынында 36 медаль, – деп атап өтті облыстың білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Ауыл мектептерінің жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау бойынша «Самғау» жобасы екінші жыл қатарынан іске асырылуда. Биыл 10-11 сыныптардың 7 224 оқушысы оқыды.
Облыстың 70 мектебінің «Мың мектеп» республикалық жобасына енуі – мектепішілік бақылау және білім беру процестерін бағалау арқылы білім беру сапасын арттыруға бағытталған.
101 шалғай елдімекенде мектеп жоқ
Бүгінде облыстағы 101 шалғай елдімекенде мектеп жоқ. Бүгінгі таңда 1 231 оқушыны 58 мектепке күнделікті тасымалдау жоспарланған. Оның ішінде, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет аудандары және Теміртау қаласына күнделікті тасымалдау қамтамасыз етілмек.
Ал, 176 оқушы 10 мектеп жанындағы интернатта тұрып, оқитын болады.
– Тасымалдауды ұйымдастыруға 76 көлік бар. Шағын автобустар да белгіленген. Оның ішінде, жеткізушілерді тарту есебінен 40 бірлік автокөлік және мектеп балансындағы 36 бірлік автокөлік бар, – деді Гүлбақыт Серікжанқызы.
2021 жылы білім беру ұйымдарында жүргізілген кешенді мониторинг кезінде Бұқар жырау ауданының Т.Елгезеков мектебі «апатты» жағдайда екені анықталған. Биыл жаңа мектептің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі. Сол сияқты жаңа оқу жылында Қарағанды қаласында Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейіндегі «үш ауысымдылық» мәселесін шешу бойынша «Жайлы мектеп» жобасымен салынып жатқан жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріледі.
– Жалпы қазіргі уақытта облысымызда оқушы орнының тапшылығы, апатты, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу бойынша республикалық бюджет есебіндегі «Жайлы мектеп» жобасымен – 9, жергілікті бюджеттен – 2 мектеп (Қарағанды қаласы – 1 («Күнгей» шағын ауданы, Қарқаралы ауданы – 1 (Талды ауылы «апатты мектеп» орнына)) құрылысы жүруде.
Сонымен қатар облыс бойынша үш мектепте спорт зал жоқ-тын. Оның біреуі 2022 жылы спорт залы құлап, жарамсыз деп танылған Қарағандының мектебі. Биыл спорт зал салуға қаражат бөлініп, ғимарат құрылысының жұмыстары басталды. Қалған екеуі шағын жинақталған мектеп болғандықтан, оқу кабинеттерін спорт зал ретінде бейімдеп жабдықтады, – деді облыстың білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Шынар Акпарова.
Ауыл мектептерін дамыту мақсатында мектеп тәжірибесін жетілдіру, материалдық-техникалық базасын нығайту және мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін арттыру арқылы «Ауыл мектебі» жобасы жүзеге асырылуда.
– Сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 128 магниттік мектепті біріктіретін 32 негізгі мектеп құрылды. Олардың негізінде жақын маңдағы шағын жинақы мектеп білім беру ресурстары қысқа мерзімді сессиялық сабақтар мен оқушыларды аралық және қорытынды аттестаттау үшін біріктірілген, – дейді Гүлбақыт Жүнісова.
Ауыл мектептеріне әдістемелік және практикалық көмек көрсету бағытындағы жұмыстарды сапалы ұйымдастыру көзделген. Ауыл мектептерінің кәсіби біліктілігін арттыруда облыстағы ауыл мектептері облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттарына бекітілген.
Жаңа жобалар жалғасын таппақ
Биыл облыста жасанды интеллектіні қолдану арқылы математиканы жеке оқытудың сандық платформасы – Digital matematika жобасы жалғасуда.
Жоба аясында оқушылар тақырыптарды өз бетінше оқып, практикалық тапсырмаларды орындауға мүмкіндік алады. Жүйеде математика, алгебра және геометрия бойынша материалдар, интерактивті сабақтар, практикалық есептер, мұғалімдер мен оқушыларға арналған ішкі оқу аналитикасы бар. Бұл жоба өткен оқу жылында облыстың 180 мектебінде пилоттық режимде сынақтан өтті.
Ал, «BilimTest» жобасы заманауи оқушылар мен студенттердің қажеттіліктерін ескере отырып жасалған. Бұл – ҰБТ секілді тестілеулерге дайындалуға арналған мобильді қосымша. Қолданба пайдалы оқу материалдарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тестілеуден өту нәтижесінде оқушылар жеке ұсыныстары бар талдау картасын алады.
– Жоба осы жылдың сәуір айында іске қосылды. Қолданба ақылы және ата-аналар балаларына нәтижелерді жақсарту үшін сапалы дайындық пен жекелеген ұсыныстарды қамтамасыз ету үшін өз қалауы бойынша жазыла алады. Жаңа оқу жылында біз ELSkills жаңа жобасын бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл – мұғалімдердің басқалардың эмоцияларын тануға және өз эмоцияларын басқаруға үйрету платформасы. Бұл жоба ұйым директорларына сауатты және құзыретті басшылықты қамтамасыз етуге, қызметкерлерге тиімдірек әсер етуге мүмкіндік береді. Педагогтер әртүрлі санаттағы азаматтармен тиімді қарым-қатынас орната алады, – дейді басқарманың бас маманы Гүлдана Нұрсұлтан.
Жаңа оқу жылынан бастап, ауыл мектептерінің түлектері мен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан түлектер үшін ҰБТ-ға онлайн-дайындық ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектеп құралдарын алуға көмек беріледі. Жалпыға бірдей білім беру қорынан 12 мың оқушы мектеп формасымен және кеңсе тауарларымен қамтылмақ.
Облыстағы барлық мектептерде бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады. 77 мыңнан астам бала, оның ішінде, 6 мыңға жуық әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға жалпыға бірдей білім беру қорынан төленеді.
«Мектепке жол»
Қыркүйекте «Мектепке жол» республикалық акциясы биылғы жұмысын аяқтайды. Қазіргі таңда бекітілген өңірлік іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыс мектептерінде «Балаларға жақсылық жаса!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасына көмектеседі: баланы мектепке жинаймыз!» қайырымдылық акциялары өтуде.
– Акция барысында балаларға көмек көрсету бойынша түрлі іс-шаралар өтуде. «Жұмыспен қамту», «Түнгі қаладағы балалар», «Қамқор» рейдтерін өткізу, мектеп тауарларын төмендетілген бағамен сату үшін кәсіпкерлермен бірлесе отырып мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады.
Жаңа оқу жылы қарсаңында жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен әртүрлі санаттағы балаларға материалдық көмек көрсету бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл көмек атаулы әлеуметтік көмек алатын балаларға, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көрсетіледі. Сонымен қатар, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасының балаларына көрсетіледі. Оларға көмек мектептің қамқоршылық кеңесінің шешімімен бөлінеді. Қаражат мектеп формасын, аяқ киім және кеңсе тауарларын өз бетінше сатып алу үшін ата-аналардың карточкалық шотына аударылады. Биыл ақшалай көмек мөлшері 43 407 теңгені құрайды, – дейді Гүлдана Нұрсұлтан.
Колледжге қатысты талап өзгерген жоқ
Биыл колледжге құжаттар қабылдау «Электрондық үкімет» порталы арқылы және тікелей колледжде 26 тамызға дейін жүргізілді. Әрбір талапкер 4 мамандық пен 4 колледжге дейін таңдады. Бұл таңдауды үш рет өзгертуге мүмкіндік берілді.
Байқауға қатысуға 7 мыңнан астам өтінім қабылданған.
Биыл техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтарына 9244 грант бөлінген. Бұл орайда орта буын мамандарын және бакалавр даярлауға – 4 499 орын, жұмысшыларды оқытуға – 3601 орын, медициналық мамандықтар бойынша мамандарды даярлауға – 1144 орын бөлінген.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ