Жаңалықтар

Жаңа кодексте жаңалық көп

    Бейсенбі күні облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жанна СЕЙДАЛИНАНЫҢ төрағалығымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау аясында азаматтық процессуалдық кодексті жүзеге асыру жылы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

   Дөңгелек үстелге заңнамалық тұлғалар, кәсіпкерлік өкілдері, облыстың нотариалдық палатасының төрағасы, банк, БАҚ өкілдері, судьялар, жоғары оқу орындарының өкілдері, адвокаттар қатысты.

Шара барысында негізінен жаңа азаматтық процессуалдық кодекстің қолданылуы мен азаматтардың құқығын қорғау кезінде қаншалықты тиімді болғаны сөз болды. Сонымен бірге, сот алқасы мен процеске қатысушылар тәжірибесінде жаңа азаматтық процессуалдық заңнамалардың нормаларын қолдануда туындайтын сұрақтар талқыға түсті. Биылғы 1 қаңтардан бері өз күшіне енген тың кодекске қатысты ойлар ортаға салынды.

Жаңа процессуалдық кодекс ескі АПК кезінде орын алған көптеген қарама-қайшылықтарды ығыстырды. Менің ойымша, аталған процессуалдық кодексті күн сайын қолданатын сот алқасы үшін өзінің айтарлықтай жеңілдігін ала келді. Кейбір мәселе күн тәртібінен түсті. Ең бастысы – сот жүйесіне келген адамдар облыстық сотта неліктен екі инстанция барын түсінбей дал болатын. Сондықтан, азаматтық процессуалдық кодексті жобалау кезінде сот жүйесі құрылымын өзгертуді көздеген болатын. Сәйкесінше, азаматтық процессуалдық заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін, қатарласа өзге де заңнамалық актілерге өзгерту жасалды. Соның ішінде, «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі» туралы Заңға да түзетулер жасалды. Сөйтіп, теорияшылар мен тәжірибешілердің айтуынша сот жүйесі ақыры оңтайландырылған секілді. Қазіргі күні облыстық сотта жалғыз – апелляциялық инстанция ғана қалды. Кассациялық инстанция – жоғарғы сотқа берілді. Бұрын осы екі инстанция бір ғимаратта жұмыс жасады. Мекемеде бірыңғай облыстық соттың судьялары ғана болғанымен, жұмыстары әр түрлі еді. Әрине, қарапайым азамат үшін мұның мағынасын түсіну қиын болатын. Ал, енді, азаматтық процессуалдық кодексті қабылдай отырып, біз бұл жағдайды өзгерттік. Сондықтан, қазіргі сот жүйесі өмірлік талаптарға барынша жауап бере алады, – деді Жанна Сейдалина.

Сонымен бірге, жаңа азаматтық процессуалдық кодекс сот ісін жүргізуді жеңілдетті. Яғни, оңтайландырылған жазба түріндегі сот ісін жүргізу пайда болды. Бұл – жазбаша түріндегі құжаттармен жұмыс. Оның артықшылығы неде? Айта кетейік, құжаттармен жұмыс жасағанда сотқа барудың, сот отырысына қатысудың қажеттілігі жоқ. Яғни, құжаттарды сотқа тапсырып, шығарылған шешімін ғана күтуге болады. Алайда, келіспеушілік болған жағдайда осы оңтайландырылған сот жұмысының да қайта қаралуы мүмкін. Сөйтіп, құжаттар сот отырысында қаралады.

Азамттық процессуалдық кодексте өкілеттік институтын да өзгертуге тырысты. Бұдан былай жоғары заңгерлік білімі бар тұлға ғана өкіл бола алады.

Шара барысында облыстық соттың судьялары Марат Азбанбаев пен Дмитрий Крюков, Абай аудандық №2 сотының судьясы Айгүл Бұлғақбаева, Қарағанды қаласының Октябрь аудандық сотының судьясы Инна Демидова баяндама жасап, дөңгелек үстел тақырыбын тарқатуға тырысты.

Рауан Қабидолдин

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button