«Жаңа күннің» жақсылығы
Наурыз парсы сөзі, қазақша мағынасы «Жаңа күн» дегенді білдіреді. Наурыздың 22-сі жыл басы – жаңа жыл, күн мен түннің теңелетін уақыты. Сондықтан да Наурыз тойын Ұлыстың ұлы күні деп атаған.
«Ұлыс» деген сөз мемлекет, ел деген мағынаны білдіреді. Жер беті бусанып, қардың еріп, көктің шыға бастайтын бұл уақытты «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» шағы деп текке айтпаған. Мал төлдеп, қыстан қиналып шыққан халықтың аузы аққа тиіп, бір жасап қалады.
Наурыз күнін жұрт бар жақсыларын киіп, үлкен қуанышпен қарсы алған. Бір-біріне өкпелі адамдар барлық реніштерін ұмытып, құшақтасып, төс қағысып, көрісетін болған. Бір-біріне жақсы, игі тілектер айтып, ақ ниетпен бата беріскен. Тіпті, осы наурыз күні Орта Азия билеушілері зындандағы тұтқындарына да бостандық берген деседі. «Самарқанның көк тасы да жібиді» деген сөз содан қалса керек.
Наурыз күні жеті түрлі тағам қосылған наурызкөже дайындалады. Әр үйдің дастарқаны бұл күні наурызкөжемен бірге ұлттық тағамдарға толады. Ойын-сауық ұйымдастырылып, түрлі мерекелік шаралар өткізіледі.
Қазақстан КСРО құрамында болған кезде Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салынған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ғана бұл мерекені тойлауға қол жеткіздік. Ұлыстың ұлы күні кейінгі жылдары бұқаралық сипатта аталып өтіп жүр. 20-шы жылдың аяғына дейін тойланып келген Ұлыстың ұлы күні сол кездегі қытымыр саясат салдарынан тұншықтырылды. Шүкір, үш-төрт ұрпақ көрмеген бұл тойды қайтадан қатарға қостық. Күн мен түн теңелген қасиетті күн – қазақ халқының исламға бойұсынған кезге дейін тойланған мерекесі екенін көпшілік хабардар. Бұрынғы наурыз қалай тойланған? Ел-жұрт мерекеге дайындалған тағамнан ауыз тимес бұрын өліге Құран оқып, бата берген екен. Сонымен бірге осы мерекеге аузы дуалы ақсақалдар ұрпаққа үлгі-өнеге айтуға таптырмайтын шақ болыпты. Жастар көже ішіп қана қоймай тарих тыңдап, батырлар ерлігіне қанығып, көсемдердің даналығына тәнті болып, рухани да байып қалған.
Келе жатқан жаңа жыл құтты болсын, Ұлыс оң болып, ақ мол болсын дегіміз келеді. Әр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Наурыз құтты болсын!
Гүлзина СМАҒҰЛОВА,
Жақып Ақбаев атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі.
ҚАРАҒАНДЫ