ЖаңалықтарМәселе

Жаңа экологиялық кодекс не дейді?

«Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, өңірдегі экологиялық ахуал турасында айтуға келгенде, Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің өкілдері керісінше шаршамайды, талмайды. Бұл жолы ведомство басшысының орынбасары Дархан Исжанов журналистерге берген сұхбат барысында жаңа экологиялық кодекстің мазмұнына тоқталды. Спикердің сөзінше бұл кодекс қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа қағидаттарын қамтиды.

«Ластаушы төлейді әрі түзетеді». Басты қағидат – осы. Тұжырым алғаш рет Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының сарапшылары тарапынан 1972 жылы әзірленген. Тұжырымдама ластанудың алдын алу және бақылау шараларын, сонымен қатар, қоршаған ортаға зиян келтіруден қалпына келтіру жауапкершілігін білдірді. Аталмыш принцип іс-қимыл жоспарына енгізіле салысымен-ақ 1973 жылы Еуропалық Одақ елдері қоршаған ортаны қорғау жөніндегі алғашқы оң нәтижелерге қол жеткізді.

Мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұлдар төлеуден гөрі қоршаған ортаға теріс әсер етудің алдын алу бойынша барлық шараларды қабылдау тиімдірек болатын жағдайлар жасауға тиіс. Осы қағидатқа сүйене отырып, кодексте ең жақсы қолжетімді технологияларды енгізу негізінде кешенді рұқсаттар, экологиялық заңнаманы бұзған кезде шараларды қатаңдату көзделген.

– Ескі экологиялық кодексте зиянды шығарындыларды экономикалық бағалаудың тікелей және жанама әдістері қарастырылған. Алайда, табиғатты пайдаланудың бұл тетігі қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге айтарлықтай ынталандыра қоймады. Өз кезегінде бұл мәселе жаңа қағидат енгізуді талап етті, – деп мәлімдейді Дархан Ерғалиұлы.

Салыстырмалы түрде қарастырсақ, облыста 2019 жылы қоршаған ортаға эмиссиялар үшін бюджетке түсетін түсімдер шамамен 16,7 млрд. теңгені, 2020 жылы 18,5 млрд. теңгені, 2021 жылы 18,3 млрд. теңгені құраған. Жаңа кодекске сәйкес, 2022 жылдан бастап аталған соманың барлығын дерлік жергілікті атқарушы органдар өңірдің табиғатты қорғау іс-шараларына жұмсауға тиіс.

Экологиялық заңнаманы бұзу жағдайларын талдау барысында табиғат пайдаланушылар экологиялық заңнаманы жүйелі түрде бұзады деген қорытындыға келдік. Өйткені, олар үшін қоршаған ортаның ластануына жол бермеу шараларын қолдану экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Ірі кәсіпорындар ұдайы өндірістерін жаңартуға инвестиция салуға мүдделі емес. Ендігіде қайсыбір залал келтірген адам экологиялық тәртіп бұзғаны үшін өз есебінен өтеуге міндетті. Сонымен қатар, әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату бойынша бірқатар нормалар қарастырылған. Осы тұрғыда тәуелсіз сарапшы Олег Гусев спикерге бірқатар сауал жолдады. «АрселорМиттал Теміртау» сынды алпауыттың зиянды қалдықтары тұтас қала тұрғындарының басын ауыртып, кеңсірігін ашытып отыр емес пе? «Бақылау өз деңгейінде қашан жүргізіледі», – деген сыни сұрағына департамент өкілі былай деді.

– Бұл орайда зиянды шығарындыларды бақылаудың автоматтандырылған жүйесі қалыптасуда. Кәсіпорындар қызметінің ашықтық деңгейін арттыруға, деректердің объективтілігін және уақытылы ден қоюды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. I санаттағы нысандар үшін деректерді уәкілетті органға бере отырып, өндірістік экологиялық мониторингті міндетті автоматтандыру жолға қойылуда.

Жаңа жүйені енгізу эмиссиялар көрсеткіштерін онлайн режимде қадағалауға, заң бұзушылықтарға уақытылы ден қоюға, халықты сенімді және уақытылы ақпаратпен қамтамасыз етуге, мемлекеттік экологиялық бақылау кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмауға мүмкіндік бермек. Жалпы алғанда, жаңа экологиялық кодекстің дегенін іске асыру елдегі экологиялық ахуалды түбегейлі жақсартпақ.

P.S.: Санасы серпілмеген жұрттың табиғатты аялауға шамасы да жетіңкіремей жатқанын көзіміз көріп тұр-ау. Дегенмен, өңірдегі эко-белсенділер мен амбассадорлардың қарқыны тегеурінді. Облыстық, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері де «Экология болашағы – өз қолымызда» деп қана қоймай, экомәдениетті сіңіруде өлшеусіз үлес қосуда. Жаңа экологиялық кодекс бұқпантайлақ пиғылдағыларды бұлтартпайтын экология қарауылына айналады деген сенім бар, әзірге…

Ерқанат КЕҢЕСБЕК.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button