Жаңа дизайндағы банкнота айналымға шығарылады
Қазақстан Ұлттық банкі (ҚҰБ) 2025 жылғы 28 наурыздан бастап жаңа дизайндағы номиналы 1 000 теңгелік банкноталарды айналымға шығарады.

Бұл «Сақ стилі» сериясымен шыққан төртінші жаңа банкнота. Ол қазақы ою-өрнектің түп негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.
– Дегенмен, банкноталар жаппай қолданысқа 2025 жылдың екінші жартысында беріле бастайды. Себебі оларды еліміздің барлық аймағына жеткізу үшін және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық техникалар) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет, – делінген хабарламада.
Банкноталардың түсі – қоңыр және ашық қоңыр.
Банкнотаның бет жағында:
– көкте қалықтап ұшқан құспен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б. з. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);
– ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;
– артефакт – төс айыл (тартпа) элементі бұралған жыртқыш формасымен беріктік пен төзімділіктің символы ретінде (Бесоба қорғаны, б. з. д. 6-4 ғғ., Орал өңірі, Батыс Қазақстан).
Банкнотаның артқы жағында:
– ою-өрнекпен стильденген қалқан фонында Төбет пен Тазы тұқымдас иттер;
– дөңгелек қазақ халқының ою-өрнегі, «қалқан» бейнесі – құндылықтарды қорғау нышаны, ежелгі символ – төрт тарап, ортасындағы күн белгісі – жасампаздық энергиясы мен өмір нышаны.
Сондай-ақ, банкнотаның сырт жағында артефакт, төс айыл (тартпа) элементі бұралған жыртқыш формасымен беріктік пен төзімділіктің символын (Қырық-Оба қорғаны, б. з. д. 7-6 ғғ., Батыс Қазақстан) көрсетеді. Банкнотаның ортасында фон ретінде ою-өрнек стилінде бейнеленген шексіздік символына тән Қазақстанның дала жоталары берілген.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА