Бас тақырып

Жаңа дәуірдің жарқын қадамы

Тынымсыз өзгеріп отыратын әлемдік экономикалық ландшафт жағдайында өндірісті өңір «төрт аяғын тең басқан» орнықты қалпымен болашаққа жорығын сенімді жалғастыруда. Соңғы онжылдықта тұтас ел өзінің экономикалық стратегиясын қайта ойластырып, сын-тегеуріндерді қабылдап, жаңа мүмкіндіктерге ден қойды. Өңір экономикасы ұзақ мерзімді әріптестікке ұмтылған инвесторлар үшін тартымды үлгі. Баламалы энергетика саласындағы жобалар, технологиялық инновациялар және инфрақұрылымды дамыту әлемдік бизнестің назарын аударады. Банк жүйесіндегі қаржылық реформалар елдің инвестициялық серіктес ретіндегі сенімділігін көрсетеді. Нақтылайық.

Суреттер: ҚР Президентінің баспасөз қызметінен

Логистика

Қазақстанның географиялық артықшылығы мен жүк тасымалының тұрақты өсімін ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистикалық әлеуетті дамытуды Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі ретінде баса белгіледі.

– Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан, көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс, – деді ел Президенті халыққа Жолдауында.

Республика аумағы арқылы жүк тасымалдаудың жалпы көлемі 895 млн. тоннаны құрады. Оның ішінде транзиттің үлесі 29 млн. тоннадан асып, 21%-ға өсті. Биыл теміржол көлігі саласында бірнеше ірі мегажоба жүзеге асырыла бастады. Облыс арқылы өтетін ұзындығы 272 шақырым болатын «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы басталды. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк айналымын қосымша 20 млн. тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Республикалық Бағытта 2024 жылы «Қарағанды – Жезқазған» (513 шақырым, оның 40 шақырымы 2024 жылы) жобасы бойынша жұмыстарды бастау жоспарлануда.

Өңдеу өнеркәсібі

Биыл еліміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған және халықтың өмірін жақсартуға бағытталған жаңа экономикалық модельге көшуді бастады. Ол үшін мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға баса маңыз берілген құрылымдық экономикалық реформалар баса белгіленді.

– Өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек, – делінген ел Президентінің халыққа Жолдауында.

Ел экономикасы үшін ең негізгі және маңызды жобалар қатарында қараша айында Қарағанды облысында арнайы кокс шығаратын ауқымды жоба техникалық түрде іске қосылды. Қуаттылығы жылына 400 мың тонна болатын кәсіпорында 184 жұмыс орны ашылды. Арнайы кокстан бөлек, зауытта жылына 72 мың тонна көмір шайыры мен көмір майын өндіру де жоспарланып отыр. Ал, Саран қаласының индустриялық аймағындағы Silk Road Electronics зауытында отандық тұрмыстық техника өндірісі қанат серпіді. Автоматтандырылған кәсіпорында Artel брендімен су жылытқыш, шаңсорғыш, ас үй плитасы, шағын пеш, ас үй ауасын тазартқыш, жартылай автоматты кір жуғыш машина мен теледидар сияқты жеті түрлі өнім шығарылады. Зауыт 2025 жылға қарай толық қуатына шыққанда жылына 1,1 млн. дана өнім шығаратын болады. Ашылған тағы бір маңызды жоба – қуаттылығы жылына 330 мың тонна өнімді құрайтын әк шығаратын зауыт. Импортты алмастыруға зор үлес қосатын кәсіпорынға «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау көрсетілді. Зауыт республиканың әктасқа қажеттілігін толық жабады деп күтілуде.

Qarmet

Биылғы елеулі жетістіктердің бірі – Qarmet комбинатының Қазақстан меншігіне қайтарылуы. Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасындағы келісімді еліміз үшін айрықша маңызға ие мега-мәміле деп атауға болады. Меншік иесінің ауысуымен кәсіпорынға бірінші кезеңде шамамен $1,3 млрд. жеке инвестиция салынады. Бұл қаражат құрал-жабдықтарды жаңғыртуға, заманауи өндірістік технологияларды енгізуге және өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын жақсартуға бағытталады. Ел Үкіметі шартты бұзған жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттары мен лицензияларын қайта қарау жұмыстарын жүргізуде. Биыл 54 келісімшарт тоқтатылып, қатты пайдалы қазбаларды барлауға берілген 96 лицензия қайтарылды. Міндеттемелерді бұзғаны үшін 6,4 млрд, теңге айыппұл салынды. Нәтижесінде алтын, көмір, темір, мыс, көмірсутек, боксит, полиметалл және т. б. кен орындары мемлекеттік қорға қайтарылды, олар кейіннен жаңа инвесторларға беру үшін ашық аукционға қойылады. Бұл жер қойнауын пайдалану секторына қосымша инвестиция ағынын қамтамасыз етеді. 2023 жылы өткізілген аукциондардың қорытындысы бойынша ел бюджетіне 4,3 млрд. теңге көлемінде қол қою бонусы төленді. Бұл ретте көмірсутек шикізатын геологиялық барлауға тартылған жаңа инвестициялар көлемі шамамен 23 млрд. теңгені құрайды.

Экспортқа бағдарланған экономика

Қазақстанның жаңа өнеркәсіптік саясаты өнімділігі жоғары, экспортқа бағдарланған экономиканы құруға және шикізаттан өңдеуші өнеркәсіпке көшуге итермелеп отыр. Осы мақсатта биыл мемлекеттік ынталандырудың қаржылық және қаржылық емес шараларын қамтамасыз ету механизмдері қосылған «Өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Өткен жылы және биыл даму институттары өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыруға 620 млрд. теңгеден астам қаражат бөлді. Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіпке 3%-бен, тұрмыстық техника сияқты терең өңделген өнім өндірушілерге 9%-бен несие беріледі. Шағын және орта бизнестің 2 млрд-тан 7 млрд. теңгеге дейінгі жобалары үшін 8%- бен несие беру қарастырылған. Өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Алюминий, мыс және қорғасын үш маңызды металл ретінде анықталды. Қазіргі уақытта металдарды ішкі тұтыну үлесі: алюминий – 17%, қорғасын – 19%, мыс – 1,5%. Қазір олардың отандық қайта өңдеушілерге арналған бағасы нарық бағасынан 5%-ға дейін төмен. Атап айтқанда, бұл жыл соңына дейін алюминий өңдеуді шамамен екі есеге – 31 мың тоннадан 51 мың тоннаға, мысты 7 мыңнан 9 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша заңнамалық міндеттемелерді іске асыру үшін түзетулер пакеті әзірленді. Бұл 2029 жылға қарай металдарды ішкі өңдеу көлемін, яғни алюминийді 5 есеге – 166 мың тоннаға, қорғасынды 4 есеге – 81 мың тоннаға, мысты 13 есеге – 91 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Темірқазық

Алайда, көңіл көншітер толайым жетістіктерге қарамастан, ел алдында жаңа сын-қатерлер тұр. Жаһандық үрдістерге бейімделу, экономикалық тұрақтылықты сақтау және инклюзивті өсуді қамтамасыз ету қабілеті – Қазақстан алдында тұрған негізгі міндеттер. Әлемдік нарықтардың өзара байланысы мен технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында ел инновация мен тұрақтылық түйінді сөзге айналатын Жаңа шындықта өз жолын белсенді түрде қалыптастыруда. Қарағанды облысы да өзінің бірегейлігі мен мәдени мұрасын сақтай отырып, экономикалық тиімділікке деген ұмтылысын жалғастыруда. Осы тұрғыда Қазақстан экономикасының болашағы қызықты әрі серпінді болуға, ал оның дамуы – өңір елдері мен одан тыс жерлер үшін шабыт көзі болуға уәде береді

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button