Спорт

Жаңа бас бапкер – бұрынғы капитан

Футболдан Қазақстан Бірінші-Лига ойындары басталды. Биылғы маусымда 14 команда бақ сынап, Премьер-Лигаға берілетін екі жолдаманы сарапқа салмақ. Ал, жаңа маусым алдында «Шахтер» футбол клубының бас бапкерлікке тағайындалғанына көп болмаған Дмитрий Огай қызметінен кетіп, орнына клубтың аңызы Андрей Финонченко келді. Сонымен қатар, клубтың жаттықтырушылар құрамы да жаңарды. Әрі клуб тарихында тұңғыш рет оның құрылымында Қазақстан Премьер-Лигасында өнер көрсететін әйелдер командасы жасақталды.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Клуб басшылығы бапкерге зор ықыласын білдіріп, құрметпен шығарып салды.

– Қарағандылық «Шахтер» футбол клубына бапкер болу – мен үшін үлкен мәртебе. Әрі клуб басшылығы нақты мақсат қойып, қолдау көрсеткенде менің де қызығушылығым одан бетер артты. Әрі маған жүктелген зор жауапкершілік еді. Мұндай жағдайда «Жоқ» деп айта алмадым. Осы жауапкершілікті толық түсініп, мен бұл күрделі жұмысқа бар күш-жігеріммен кірістім. Мықты бапкерлер штабын жасақтадық. Маусым алдындағы дайындықты тиімді өткіздік. Алға қойылған турнирлік міндеттерді орындауға қабілетті команда құрдық. Әсіресе, құрамда көптеген дарынды жас қазақстандық футболшылардың өнер көрсететіні мен үшін мақтаныш, – деді Дмитрий Огай.

Андрей Финонченко – ойыншы ретінде де, бапкер ретінде де бар ғұмырын бір ғана клубқа арнаған тұлға. Бапкерлік жолын да осы клубтың жасөспірімдер және жастар командасының жаттықтырушысы болып бастаған. Жуырда ғана Швейцарияның Ньон қаласында UEFA PRO лицензиясын алу бойынша оқу курсынан өтіп, біліктілігін жаңа деңгейге көтерді. Осылайша, клуб аңызы бапкер ретінде де өзінің сүйікті клубына қайта оралды.

– Клуб алдында айқын мақсаттар мен ауқымды міндет тұр. Біз дұрыс таңдалған бағыт, жүйелі жұмыс, қатаң тәртіп арқылы көздеген нәтижеге жете аламыз деп сенеміз. Бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде басталып кетті. «Шахтердің» даңқын қайтару үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді клубтың жаңа бапкері Андрей Финонченко.

Жалпы, биыл «Шахтер» сапында қорғаушылардан Марк Богачев, Шахсұлтан Зубайдилда сынды өткен маусымда өнер көрсеткен тәжірибелі ойыншылар қалған. Ал, жартылай қорғаушылардан Роман Асылбаев, Рафаиль Оспанов, Даулет Зайнетдинов тағы бір жыл клуб сапында доп тебеді. Шабуылшыларға келер болсақ, Артем Литош, Максим Галкин, Арман Нүсіп, Ален Айманов та келісімшарт мерзімін созған. Қақпашылардан команда капитаны Игорь Шацкий мен Нуралы Нұрғалиев өз орнында. Бүгінде команда сапына клубтың жастар және жасөспірімдер командасы сапынан үздік ойыншыларды іріктеп, негізгі құрамды жастармен жасақтаған.

Маусымаралық кезеңде клуб басшылығы бірқатар ойыншылармен келісімшарт мерзімін ұзартпады. Атап айтсақ, Богдан Савкив, Уалихан Мұхамеджанов, Тимур Рудосельский және Диас Калыбаев сынды футболшылар командамен қош айтысты. Енді жерлестер Бірінші-Лигадағы бірінші ойынын 3 сәуірде сырт алаңда алматылық «Қайрат» жастар клубымен өткізеді.

Әйелдер командасына келер болсақ, негізгі құрам 2005-2010 жылы туған жергілікті тәрбиеленушілерден жасақтаған. Клуб жүйесінде шыңдалып, ересектер деңгейінде өз мүмкіндіктерін көрсетуге толық дайын талантты футболшылар. Құрамды күшейту мақсатында ұжымға Астанадан екі ойыншы қосылыпты. Команда алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізіп, физикалық және тактикалық тұрғыда дайындық жұмыстарын жасап та үлгерген. Қазіргі таңда клуб сәуір айының ортасына жоспарланған екінші жиынға тыңғылықты дайындық жүргізіп жатыр. Маусымның шымылдығы Қарағандыда түріледі. «Шахтердің» алғашқы қарсыласы – семейлік «Елімай» командасы. Олай болса, жерлестерге сәттілік тілейміз!

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button