Жаңа автобус, жаңа желі, жаңа мүмкіндік
Құрыш қаланың маңдайалды көрнекі жәдігеріндей болған трамвай паркі қайта жаңартылмақ. Аталған парктің өзі 1959 жылы іске қосылған. Қала тұрғындары трамвайсыз қаланы айналып өту қиынға соғатыны туралы толассыз шағымданатын бертінге дейін. Трамвай қозғалысын қалпына келтіруді экобелсенділер де қолдады. Облыс аумағындағы жолаушылар тасымалы саласындағы ағымдағы ахуал туралы аппараттық кеңесте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов кеңірек баяндады.
Облыста қоғамдық көлікті цифрландыру сәтті жалғасуда деуге боларлық. ONAY! жол ақысын төлеу жүйесіне биыл Теміртау мен Шахтинск қалаларының да қоғамдық көліктері көшірілу үстінде. Демек, алдағы күндері Теміртау және Шахтинск автобустарында төлем жүйесі өзгертілмек. –
Теміртауда трамвай қатынасы қалпына келтірілмек. Бұл бағытта Qarmet тарапынан түсіністік бар. Ал, біз өз тарапымыздан барынша жәрдем көрсетуіміз керек, бұл – қала үшін маңызды міндет, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ, ол қалалар мен аудандардың әкімдеріне ең сұранысқа ие ауданішілік және кентішілік маршруттар бойынша тасымалдауды ұйымдастыру бойынша жұмысты жандандыруды әрі қоғамдық көлікті жаңартуды жалғастыруды қадап тапсырды.
Соңғы төрт жылда облыс тасымалдаушылары 400-ге жуық жаңа автобус сатып алды.
– Кейінгі 10 жылда алғаш рет серіктес қалалармен қалааралық маршруттардың жылжымалы құрамын ауыстыру үшін 44 жаңа автобус сатып алынды. Нәтижесінде Қарағанды маңына қызмет көрсететін автобустардың шамамен 50 пайызы жаңартылды. Облыс орталығында автобустардың орташа пайдалану мерзімін 11 жылдан 6,5 жылға дейін төмендетуге мүмкіндік туды. Автобустар отандық «QazTehna» автоөндірушісінен сатып алынды, – деді Мақсат Қожанов.
Ал, аудан орталықтарының ішінде маршруттық желіні дамыту жаңа қарқын алды. Ботақара мен Нұрада автобустар іске қосылса, Қарқаралы қаласында қалаішілік маршрут ашу жоспарлануда.
– Соңғы жылдары жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Бұл – автобус паркін жаңарту, электронды билет жүйесін енгізу, 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға облыс орталығында тегін жол жүру мүмкіндігі. Бірақ, кешенді шешімді қажет ететін түйткілді мәселелер де бар. Тұрғындардан кешкі уақытта автобустардың жұмыс кестесін ұзарту туралы өтініштер келіп түсуде. Қарағанды әкімі мен жолаушылар көлігі басқармасы қалалық және ауданаралық маршруттар бойынша, атап айтқанда, таңертеңгі, кешкі қарбалас уақытта автобустар қозғалысының жүйелілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдасын. Автобустардың қозғалыс уақытын сағат 22:00-ге дейін ұзартуды ескере отырып, қаланың шалғай бөліктері мен қала маңындағы бағыттар бойынша кезекшілік кестесін ұйымдастыру бойынша ұсыныс енгізу қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz