Бұқар жырау

Жаңа алаң – жаңа қадам

Бұқар жырау ауданы Петровка кенті жастарының спортқа деген құлшынысы таң қалдырды. Олар ұлттық ойынымыз көкпардан бастап, өзге спорт түрлерін де жақсы меңгерген. Соның ішінде, ауылдық өрендер Street Workout-қа назарды кеңінен аударған. Осы бір спорт түрінің ауылда дамуы мен жаңадан салынған жазғы алаңдағы жаттығуды көру мақсатында БАҚ өкілдері кентке барып қайтқан болатын.

Халықпен сауатты жұмыс жүргізуді ұйымдастыру және спорт инфрақұрылымын тиімді пайдалану мақсатында Қарағанды облысында 2019 жылы облыс әкімдігінің қолдауы аясында Дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен қалалар мен аудандард спорт нұсқаушылары институтын енгізу бойынша жоба іске қосылған болатын. Сол кезде 50 штатқа қаражат бөлінді.

Бүгінгі таңда аймақта 339 нұсқаушы жұмыс істейді. Оның 98-і ауылдық жерлерде. Бұл аймақ тұрғындарын белсенді және салауатты өмір салтына баулуға бағытталған. Мамандардың осы санатын арттыру үшін 2021 жылы 70 миллион теңгеден астам қаражат бөлудің арқасында мүмкін болды.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегi «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: iс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтылған тапсырмасы шеңберiнде балалар мен жасөспiрiмдердiң шығармашылық әлеуетiн дамыту мақсатында елімізде балалар үйiрмелерiнiң, қызметiн жаңарту бойынша, оның iшiнде ауылдық елдi мекендердегі спорт алаңдары мен шағын үйірмелерді жандандыру мақсатында белсендi жұмыстар жүргiзіліп жатыр.

– Ауылда ішімдікке, нашақорлыққа, шылымға әуестік жоқтың қасы. Жастар спортқа түбегейлі бет бұрды. Қолдары қалт етсе, ауылдағы мұз алаңына барып жаттығады. Волейболдан ауылдық қыздар құрамасы да бар. Бүгінгі таңда Street Workout алаңы салынды. Алаңқай салынғалы жаттығуға ағылған жас жеткіншектер легі толастар емес. Небәрі бір айдың ішінде темірге тартылуға еркін машықтанып алды десем, артық емес. Бұл орайда жаттықтырушы Виктор Кисилевтің еңбегін атап өту керек. Десек те, алаңқай жазғы болғандықтан, алда жаттығулар тоқтауы мүмкін. Қылышын сүйретіп қыс келеді. Жаттығудың тоқтауына себеп – жабық алаңның жоқтығы. Балалар күн суығанда мектепке кіріп дайындалуға болар еді. Оған мектеп оқушылары бар және мектеп спорт залы 9,18 шаршы метр ғана. Өте тар. Бұл мәселе жергілікті әкімдік назарында. Алда осы спорт түрінен көк туды көкке көтерер чемпиондар шығаруға мемлекет көмегін аямайды деген ниеттеміз, – дейді аудандық спорт бөлімінің басшысы Олег Цыганков.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button