Медицина

Жүректі «қуаттаудың» жаңа әдісі

Қарағандыда жүрек ырғағын стимуляциялаудың жаңа әдісі енгізілуде. Жүректің өз ырғағы жеткіліксіз кезде оны қосымша стимуляциялау осыдан 50-60 жыл бұрын қолға алынған. Ал, бүгіндері бұл әдіс жаңарып, кең қолданысқа енді. Қарағанды қаласының №2 көпсалалы ауруханасында да бұл әдіс қолданылды.

 

– Жүректің табиғи ырғағын алмастыратын құрылғылар әуеліде адам жүрегі тоқтап қалмау үшін қысқа электрлі импульс беріп тұру мақсатында пайдаланылды. Уақыт өте келе, мақсат пен міндеттер өзгерді. Қазір басты міндет – жүректің өз ырғағына жасанды ырғақтарды қосу. Бүгін, міне, осындай емге зәру науқастарға ота жасалды, – дейді аурухананың аритмолог дәрігері Алексей Бокач.

Аталған технология жүректің жасанды ырғағын оның табиғи ырғағына барынша ұқсас етеді. Басқаша айтсақ, электрлі импульс­тарын жүректің өз жеткізуші жолдары арқылы тасымалдауға болады. Заманауи электродтар мен жеткізу жүйесі электрокардио­стимуляторды барынша тиімді орналастыруға мүмкіндік береді. Имплант орнатылған науқастардың 84%-ы еш алқынбай белсенді қозғалыста өмір сүреді.

– Электрокардиостимуляция­ның бұл түрін салу нәтижесі 93%-ды құрайды, – дейді Алексей Бокач. – Салынатын батарея 10-15 жыл жұмыс істейді. Қосымша қуаттау керек емес. Науқас онымен күнделікті өмір сүре береді. Ота жергілікті наркозбен жасалады, яғни, науқас есін біледі. Ота күрделі. Ол жүректің жағдайына қарай 1,5-3 сағатқа созылуы мүмкін.

Оның айтуынша, бұл әдіс 2020 жылы Астанада қолданыла бастаған.

– Ол уақытта бізге коронавирус кедергі келтірді. Бүгінгі таңда жаңа әдіс өңірлерде, оның ішінде, Қарағандыда да енгізілуде. Алдағы уақытта мұндай шараларды көбейтеміз, – дейді Алексей Юрьевич.

Польшадан келген кардиохирург, профессор Яцек Гаек жаңа әдісті қолдануды көрсетті.

Оның айтуынша, бүгінде бұл технологияға қызығушылық жоғары.

– Компаниялар жүректі стимуляциялайтын электродтарды көптеп шығаруда. Процедура әдеттегі имплантациядан қымбаттау болса да науқас үшін түпкі нәтиже анағұрлым жақсырақ. Мен 2014 жылдан бастап, бұл тақырыпты зерттей бастадым. 2019 жылдан стимуляцияны қолға алдым. Содан бері білгеніммен бөлісіп келемін, – дейді шетелдік маман.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button