Руханият

Жүректерге жеткен «Сабыр»

«Сабыр» қысқаметражды фильмі шетелдік көрермен көңілінен шығып, Cineshort қысқаметражды фильмдерінің әлемдік платформасында көшбасшылардың біріне айналды. Картина Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Фильмде оқып, жаза алмайтын екінші сынып оқушысы Сабыржанның оқиғасы баяндалады. Анасы мен мұғалімдері оны түсіне алмайды. Балада дислексия дерті бар екенін білмей, жиі сөгеді. Ал, бұл – үлкендер тарапынан түсіністікті қажет ететін ерекшелік. Фильм маңызды әлеуметтік тақырыпты көтереді және көрерменге мектептегі балалардың қиындықтарына мұқият қарау қажеттігін жеткізеді.

Фильмнің режиссерлері – Марина Зиберт пен Дамир Таңатов. Жоба ұлттық және халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. «Сабыр» VIII халықаралық BAIQONYR кинофестивалінің ұлттық байқауында «Үздік фильм» жүлдесінің иегері атанды. Ал, басты рөлді ойнаған жас актер Салих Бейсенбай рөлін үздік сомдағаны үшін марапатталды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, фильм UMUT халықаралық кинофорумында «Үздік режиссер» сыйлығын жеңіп алды. Фильм Торонтодағы Peaks Central Asian Film Festival аясында Солтүстік Америка премьерасында ұсынылды.

Cineshort – бұл дәстүрлі жанрдағы авторлық және фестивальге арналған фильмдерді ұсынатын Халықаралық қысқаметражды фильмдер платформасы.

«Сабыр» көрермендер рейтингінде үздіктер қатарына кіріп, халықаралық аудиторияның қызығушылығын тудырды.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button