Жүректерді тербеген вальс
Қарағандыдағы «Шалқыма» концерт залында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік «Вальстің ғажап үні» деп аталған вальс кешін өткізді. Бұл кеште қазақстандық және әлемдік классика болып мойындалған вальс әуендері орындалды. Залда ине шаншыр орын болмады.
Кештің шымылдығы Сыдық Мұхамеджановтың әйгілі «Айсұлу» операсындағы вальспен ашылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев дирижер болды. Оркестрмен орындалды.
Содан кейін Дмитрий Шостаковичтің «Первый эшелон» атты вальсі әуеледі. Бұл композиция 1955 жылы түсірілген «Первый эшелон» фильмінен алынған. Вальс әуені арқылы Қазақстандағы тың жерлерді игеруге келген еңбек жастарының махаббатын әлдилейді.
Гүлбану Серікова Алаштың ақсұңқар ақыны Серік Ақсұңқарұлының сөзіне жазылған Есжан Әміровтың «Қарағанды вальсін» шырқады. Бұл ән де тыңдарманға танылғалы қашан?! Қазақтың тойында, көңілді кештерде орындалып жүр. Талантты ақын мен талантты композитор жазған кеншілер шаһарының төл вальсі.
Оркестр Петр Чайковскийдің әйгілі «Лебединое озеро» балетіндегі вальсті де орындады. «Лебединое озеро» – 1876 жылы 4 актымен жазылған классикалық балет. Жер шарының музыка танитын өрелі тыңдарманы аса бағалайтын жауһар туынды.
Иоганн Штраустың «На прекрасном голубом Дунае» атты туындысы да «Шалқымаға» жиналған тыңдарманды қуантты.
Ян Тирсеннің әйгілі «Амели» фильміне жазылған «Амели» композициясы жастар арасында кеңінен танымал. Кеш бағдарламасы жастардың да қалауын қамтыған. Оркестр дирижері – халықаралық байқаулардың лауреаты Әбілқайыр Сағымбаев.
Стивен Флаэртидің «Анастасия» вальсін халықаралық байқаулардың лауреаты Рысты Рахымжан орындады. «Сегіз серінің» әйгілі «Гауһартасын» да шырқады.
Михаил Лермонтовтың «Бал-маскарад» повесіндегі вальс те оркестрдің репертуарына еніпті. Туынды – Арам Хачатуряндыкі.
Азамат Әбілқасымов пен Жамбыл Балтабаев «Осенний сон» вальсін дуэт болып шырқады.
Қазақстанның мәдениет саласының үздігі Ерлан Бақтыгерейдің дирижерлігімен «Уран хас» балетіндегі вальсі орындалды. Легардың «Над небом Парижа» деген атақты туындысы да тыңдарманға тарту етілді. Талантты әнші Дулат Аханов Ілия Жақановтың «Құрбыжан» әнін айтты.
Кештің нүктесі Шәмші әндерінің попурриімен қойылды.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz