Жұптық бәсекеде бағы жанды
Қарағандыда алғаш рет әйелдер арасындағы ITF World Tennis Tour W25 халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Аталмыш турнирде 17 елдің үздік теннисшілері бақ сынасты. Ақтық сында қазақстандық Жібек ҚҰЛАМБАЕВА польшалық Мартын КУБКАМЕН дуэт ойын барысында Сербия мен Эстония спортшыларын 7: 5 және 6: 4 есебімен жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілді.
Жұптық бәсекеде нәтижелі ойын көрсеткен қос елдің теннисшілері бұл көрсеткішке дән риза. Қос спортшы алғашқы ойында 1:3 есебімен қарсыластарға есе жіберіп, кейін ойын тізгінін қолға алды. Кез-келген ойынды бір демде өзгерту, жеңіс үшін берілген мүмкіндіктерді мүлт жібермеу ойыншыға байланысты дейді польшалық теннисші.
– 25-ші титулды өз жерімде жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Бізде енді бұл жеңістің де жүлдесі бар. Сонымен қатар байқау бойы селбесе әрекет етіп, жеңуімізге себепкер болған Мартинаға алғысым шексіз. Біз бір -бірімізді жақсы түсініп кеттік. Бұл бірлесе ұтқан осымен үшінші титулымыз, – деді Ж.Құламбаева.
Сондай-ақ, жұптық ойын бойынша II орынды сербиялық Тамара Курович пен Елена Малыгина (Эстония) иеленді. Осылайша, Жібек Құламбаева маусымның сегізінші жұптық мансабында 13-ші титулын жеңіп алды. Ал, жекелей сында, Беларусь республикасынан келген Юлия Хатука жеңімпаз атанды. Екінші орын ресейлік Екатерина Казионоваға бұйырды.
Өз тілшімізден.