Басты тақырып

Жәнібектің домбырасы

   Алаш ән өнерінің алыбы, аяулы Жәнібек КӘРМЕНОВТІҢ атақты қалақ домбырасы Арқадан табылды, ағайын! Жар салып, сүйіншілер-ақ жәдігер. Іздеп таппасақ та, Жәкеңнің әні мен жаны сіңген киелі домбыраны қазіргі иесі Шалқарбек Әубәкір редакциямызға өзі әкеп таныстырып, басшымыз Мағаш ағаның (Мағауия Сембай) алдында «Сұржекейді» шырқап кетті.

«Бәлі» дестік біз. Қоңыр домбырадан қоп-қою қоңыр дыбыс қотарылып жатқандай сезілді. Шалқарбек аға да әнді келістіріп салады екен. Енді бұл домбыра сонау Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда сабақ беріп жүрген Жәнібек Кәрменовтің қолынан мына тұрған Шет ауданы, төменгі Қайрақты ауылындағы Шалқарбек Әнуарбекұлының қолына қалай түсті дейсіз ғой? Оның баянын осыдан тура он жыл бұрын қазақ баспасөзінің белгілі өкілдерінің бірі – Мыңбай Ілес аталған ауылға келген сапарында Шәкеңнен естіп, жазып та кеткен екен. Әңгіме былай болған.

Жәкеңнің тері сіңген қасиетті домбыраның қазіргі иесі Шәкеңнің Саян атты жан досының туған жиені Саламат Қазақбаев екен. Саламат ағамыз – Жәнібек Кәрменовтен, Қайрат Байбосыновтан оқыған қазақ ән өнерінің жезтаңдайы екенін екінің бірі біле бермейді. Өмірден ерте озған әнші Алматыда консерваторияда оқып жүріп, бірде Жәнібек Кәрменовтің көзіне түсіп қалады. Сабақ арасындағы үзілісте аудиторияда тұрған Жәнібек ағасының домбырасын ала салып, біресе Жүсіпбек Елебеков болып «Жалғыз аршаны», біресе Манарбек Ержанов болып «Паравозды» құйқылжытып отырып, қызды-қыздымен Қайрат, Жәнібек ағаларының даусы мен қимыл-қозғалысын қатар салып, бір-бір ауыз әннен орындайды. Оны дәріс оқуға келген Жәкең есіктің ар жағынан біраз бақылап тұрып, дәрісханаға кірісімен «Қазақбаев, шық аудиториядан!» дегенде, Сәкең сөзге келмей шыға барады. Екінші, үшінші күні де сабаққа келген Жәкең бірден «Қазақбаев, шық аудиториядан!» деп шәкіртін шығарып жібереді. Іс аяғы насырға шауып бара жатқанын сезген Саламат аға жерлесі әрі ұстазы Қайрат Байбосыновқа барып жүгінеді. «Саламат, шыныңды айт! Одан басқа бірдеңе бүлдіріп қойған шығарсың?» дейді Қайрекең. «Бүлдіргенім жоқ» дейді ол. «Жарайды» деп Қайрекең інісін Жәнібектің алдына апарып, мән-жайды біледі ғой. Сөйтсе, Жәкең: «Бұл сабаз бәріміздің ұлағатты ұстазымыз Жүсекеңнен бастап, атақты әншілерімізді, сені мен мені де мазақ етіп, әжуа әндер салуға машықтанып алыпты. Тәртібі нашар. Сол себепті мен бұны дәрісіме қатыстырмаймын», – дейді.

Қайрат аға болса, Саламатқа «көрсетші, қане, «өнеріңді» дейді. Қазақбаев қайтсін? Бұрынғы әдетіне басып, үш-төрт әнді жеткізуші әншілердің орындау мәнерімен, дауыстарын да, бет-жүзінің құбылмалы күйін де айнытпай салып бере қояды. «Ал, енді мен болып салып көрші» дейді Қайрат аға. Саламат Қайрат ағаның мәнерімен Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі» мен «Қызыл асығын» шырқап береді. Қайрат Байбосынов сонда: «Жарайсың, Саламат! Мен ризамын. Мына өнеріңді өрге бастырып, дамыта бер. Қазақтың әншілік өнеріне мұндай көңілді жанр да керек», – деп әншінің маңдайынан сүйеді.

«Жәнібек» депті сонда Қайрат. «Мен Қазақбаев бір нәрсені бүлдіріп қойған екен десем, бұл біздің ән өнеріміздің тамаша бір жаңа жанрына жан бітіріп жүрген болып шықты ғой. Әдебиеттегі эпиграмма, суреттегі шарж, достық әзіл болатыны сияқты, саз өнерінде де ән-әзіл, ән-әжуа жанры болуы қажет. Бұл сабаздың өнері – әншілердің өзіндік ерекше орындау қабілетін, сен ойлап қалғандай мазақ ету емес, қайта мадақ ету ғой. Мұны саз өнерін насихаттаудың бір түрі, жай ғана емес, есте қаларлық әсерлі түрі, жақсы бір жанры ретінде қабылдағанымыз жөн емес пе?» – дейді.

Сонда ойланып қалған Жәнібек: «Шынында да солай екен-ау!» – деп әріптесінің пікірін қуаттапты. «Ал, енді Жәнібек болып көрші?» деген ғой Қайрат аға.

Сәкең Жәкеңнің мақамына салып, Ақселеу Сейдімбектің «Дәурен-айы» мен «Ақылбайдың әнін» шырқап шығыпты. Сол сәтте Саламатқа риза болған Жәнібек оған домбырасын сыйға тартыпты. Қазір Жәнібек те, Саламат та жоқ бұл дүниеде. Алаштың аспанында әнге айналып кеткелі қашан?! Екеуінен елге қалған ортақ дүние болса, сол – осы домбыра. Екі бірдей әншінің киесі сіңген домбыраны Шалқарбек аға әуелі 1992 жылы нағашысы Саянға келіп жүрген Саламат әншінің қолынан көреді. Үніне қызығып жүреді. Содан кейін де Саламат елге келген бір сапарында жігіттермен аңға шығады. Саятшылық құмармен жүріп ол Алматыға қайтар уақыты болып қалғаны есіне кеш түсіп, жақын арадағы темір жол бекетінен пойызға мініп кетеді. Домбыра нағашысы Жомарт Малтабарұлының үйінде қалады. Ол үйде ешкім домбыра ұстамайды екен. Бір жиында диванда жатқан домбыраның үстіне жуантық келген келіншек отыра кетіп, екі-үшке бөліп түсіреді. Іске алғысыз күйі қалады аспап. Бірде сол үйге барған Шалқар аға әлгі домбыраның сынып жатқанын көріп, қояр да қоймай сынған бөлшектерін жинап-теріп әкетеді. Ақмола, Қарағандының талай шеберлеріне көрсетеді. Болмайды. Қарағандының бір шебері бәлен уақыт ұстап, ретке келтіріп берген екен, домбыра сөйлемей қалыпты. Содан сандала-сандала, ақыры бір күндері Ақадырда домбыра жасап сататын Берік Кешубаевқа апарып көрсетеді. «Қалдырып кет, қолдан келгенше көрейік» деп алып қалған шебер бір-екі айдан соң сәлем айтып жіберіпті Шәкеңе. Шалқар аға барса, «домбыра баяғы, Саламат ұстап ән салып жүрген қалпындағы үнін қайта тапқан екен. Шанақ пен мойынның сынығы бірнеше жыл жатқан, әбден кептірілген сынамалармен бекітіліп, желімделіп, бүтінделген. Бұрынғы бет тақтайы қайта салынған, бірақ, ескі жарығынан із де қалмаған. Сөйлеп тұр» дейді Шалқарбек Әнуарбекұлы ағамыз. Қуанышы қойнына сыймай, шебердің қол ақысын беріп жөніне жөнелген Шалқар аға бүгінде домбыраға қылау түсірмей ұстап отыр. Өзі де өнерге жақын, ән салатын даусы болғандықтан, аялап ұстайды да зейнет­кер қартың. Тек жұдырықтай жүрегінің өкінішін қағазға түсіріп қоса әкеліпті. Оны осы жазба соңына тіркегенді жөн көрдік. Енді Шет ауданы, төменгі Қайрақты ауылының тумасы, ішкі істер саласының зейнеткері Шалқарбек Әубәкірге құлақ түрсек…

«1985 жылдың жаз айы болатын. Алматыда тұратын сәулетші Әбілдә Сыздық баласы Төлеген ағайдың үйлену тойына шақырып, бардым. Сонда Гүлжайна жеңгеймен танысып, құдаларды күттік. Бас құда Мыңбай Ілес аға – журналист, «Ара» журналында істейді дегенді естідім (кейінірек «Егемен Қазақстанда» жауапты хатшы болды). Онда жақын танысудың реті келмеді, уақыт тығыз болды. Арада жылдар өткенде, Мыңбай ағаның біздің елге тойға келетін сәті түсті. Алматыдан Төлеген ағаның ата-енесі келе жатыр деген хабарды ести сала, Ақадыр кентінен пойыздан күтіп алдым. Мыңбай аға мен Клара құдағиды қарсы алып, құрметтеу менің құзырыма тигеніне қуаныштымын.

Ертеңіне тойда Мыңкең бастаған біздер жаңа құдаларды қарсы алып, тойды дүркіретіп өткіздік. Сол тойда менің қолымда «Қалақтай қызыл домбыра» (Мыңкеңнің тақырыбы) болды. Осы домбырамен мен тойда ән орындап жүргенімде, Мыңбай ағаның көзі түсіп, назары ауған екен. Ертесіне той тарқағасын туысқандар өзара отырыс жасадық. Сол отырыста Мыңкең «Шалқарбек, мына сен ұстап жүрген домбыраға кешеден көзім түсіп жүр. Тегін емес» деді асқан сезімталдықпен. Мен ол кісіге домбыра тарихын кеңірек отырып айту керектігін сездім. Сол кезде арамыздағы Серікбай Смағұлұлы (жездем) бізді көлігіне мінгізіп, көрпе-жастығы мен той сарқытын алып, ауыл сыртындағы Итазудың биігіне шығарып, дастарқан жайды. Сол жерде бұл домбыра менің қолыма қалай тигені жөнінде кеңінен баяндап бердім. Бұл – 2007 жыл, Мыңбай ағамен соңғы кездесуім екен. 2008 жылы дүние салды. Көзіме жас алдым. Сондағы домбыраның баяны жөніндегі әңгімеге «Қалақтай қызыл домбыра» деп айдар тағып, «Мәдениет» журналының желтоқсандағы №12 санында жариялап, маған ескерткіш қылып кеткен сияқты. Журналдың біреуін маған салып та жіберіпті. Арқада сөзге шешен, әділетті Жанқұтты би – «Жақсы Жәкең» болған. Сол «Жақсы Жәкең» тіршілігінде атақты Құнанбаймен сыйласып өтіпті. Бір жылдары би Меккеге барып, қыжылық сапарында өмірден озыпты деген хабар жеткенде, Құнанбай өкінішпен «Жанқұттының тіршілігінде менен артықшылығы көрініп тұрушы еді, енді өлгенде де менен асып кетті ғой» деген екен. Менің де айтарым сол. Сіздің тіршілігіңізде жазып қалдырған дүниелеріңіз, әдебиет пен мәдениетке, аударма саласындағы еңбектеріңіз мемлекет тарапынан бағаланып, биікте болдыңыз. Клара құдағимен өшпес махаббаттарыңыз, ағайынға деген қамқорлықтарыңыз, бала тәрбиесіндегі педагогикалық іліміңіз, атақты әріптестеріңіз бен шәкірттеріңізге қылған жақсылықтарыңыз аңыз боп қалды. Соған сай күйеу балаларыңыз Төлеген мен Қалдыбай аманатыңызды орындап, киелі Отырар жеріндегі абыз жандардың қасынан тыным таптыңыз. Араға бірер жыл салып Клара құдағи да жаныңызға барып жай тапты. Сондағы айтпағым, Құнанбайдың жоғарыдағы сөзіндей: сіздер өмірден озғанда да ерекше жандар екендеріңізді дәлелдеп кеттіңіздер».

Жәнібек ӘЛИМАН

СУРЕТТЕ: Жәнібек Кәрменовтің домбырасымен Шалқар Әубәкір.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button