Жаңалықтар

Жұмыссыздықты жою жолында

Елімізде жылдан жылға жалғасып келе жатқан өзекті мәселе – жұмыссыздық. Сол жөнінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің «Жұмыссыздықты, соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек» деген талабы бар. Міне, осы орайда Саран қаласында жұмыссыздықпен күрес жүйелі жүргізіліп, жандана түскенін айтқанымыз жөн. Мұнда оның деңгейі облыстық көрсеткіштен төмен. Егер, ол облыста 4,2 пайыз болса, Саран мен оның аумағына кіретін Ақтас кентінде тұратын 43 мың 785 адамды қоса есептегенде, ол 4,1 пайызды құрайды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Бұл, бір жағынан, кейінгі екі-үш жылда қаланың бұрынғы Резина-техникалық бұйымдар зауыты аймағында үш бірдей кәсіпорынның – Шина жасау, Автобус құрас­тыру, Тұрмыстық техникалар зауыттарының ашылуымен байланысты болса, екіншіден, «Саран қаласының мансап орталығы» КММ (бұрынғы Жұмыспен қамту орталығы) жүйелі жұмысының нәтижесі.

Осы мекеменің директоры Татьяна Сергеевна Черкасова бізбен әңгімесінде:

– Бүгінде біз республикамыз­да қабылданған Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде әрекет етудеміз. Сол бойынша жыл басынан бізде жұмыссыз ретінде тіркелген 399 адамды жыл біткенше жұмыспен толық қамтуды көздеп отырмыз. Ол қазір бірнеше бағытта жүзеге асырылуда, – дейді.

Яғни, біріншіден, жұмыс берушілерден түскен өтінімге қарай 28 адам қысқа мерзімді курстарда оқытылып, одан әрі олар алған жұмысшы мамандықтарымен жұмысқа орналастырылмақ. Өткен жылы осындай курстарды тәмамдаған 35 адам қалауынша кәсібін қылып, нәпақасын айыруда.

Екіншіден, әлеуметтік жұмыс орындары бағыты бойынша 21 жұмыссызды Саран қаласындағы ЖШС мен жекеменшік кәсіпорындарға жұмысқа тұрғызу жоспарланса, соның тоғызы ендігі орналасып та алған. Былтыр да осындай 21 адам жаңа жұмыс орындарын тапқан. Олардың жалақысының 35 пайызын мемлекет субсидиялайды.

Ал «Күміс жас» санатына жататын 51 адам қала кәсіпорындарына жұмысқа қабылданса, енді 14 адам өз кезегін күтуде.

Келесі «Жастар практикасы» бағыты соңғы 5 жылда орта және жоғары оқу орындарын бітірген 35 жасқа дейінгі жас мамандарға арналып, ол 12 айға созылып, ай сайын оларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақы төленеді екен. Жыл басынан бері осы мақсатта 40 маманның тоғызы мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырылған. Ал, былтыр мұндай қолдау 38 маманға көрсетіліпті. Ал, Қоғамдық жұмыс­тарға 117 адам тартылды.

Алайда елдің бәрі оқып тумайды ғой. Оң-солын енді танып, ересек өмірге жаңа ғана қадам басқан жастарымызды да мемлекет қамқорлықсыз қалдырмайды. Оларды дербес өмірге дайындап, тәжірибе жинап, нақты табыс табуы үшін «Тұңғыш жұмыс орны» бағыты бар. Бұл жұмыс орындары қала кәсіпорындары мен ұйымдарында құрылып, онда 18 айға дейінгі мерзімге жіберілген қыз-жігіттерге ай сайын 110 мың 780 теңге төленетін болады. Соны пайдаланып, жоспарланған 30 жастың 9-ы алғашқы жұмысына кіріскен. Өткен жылы осылайша 35 жастың томағасы сыпырылған.

Егер өткен жылы Саран аймағында 1633 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылса, ал, биыл кешегі күнге дейін 194 адам «екі қолға бір күрек» тауыпты.

– Енді біздің алдымызда жыл аяқталғанша қалған 172 адамның жұмыссыздық мәселесін шешу міндеті тұр. Әлбетте, оған мүмкіндігіміз мол. Өйткені, қазірдің өзінде қаламыздың кәсіпорындары бізге 400 бос жұмыс орнын мәлім етіп, өтінім түсірді. Бұған дейін осы бос жұмыс орындарының 2 жәрмеңкесін өткізсек, таяу арада оны тағы ұйымдастырып, тіпті, сырттан келіп, жұмыс іздегендердің де жолын кесіп, меселін қайтармаймыз, – дейді тағы да ­Татьяна Черкасова.

Бұдан бөлек, Еңбек нарығын дамытудың тұжырымдамасы бойынша жұмыссыздарға да 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант беру көзделген. Қаланың мансап орталығы солардың ішінен биыл 10 адамға грант беруді қарастыруда.

Бір атап өтерлігі, соңғы үш жылда Саран қаласы жұмыс берушілерінің жұмыссыздықты жою жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қатысуы 3 есе өскен. Мұның өзі қалалық Мансап орталығының оң жұмысы мен азаматтардың мемлекетке сенімі арта түскенін көрсеткендей.

Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button