Бас тақырып

Жұмыссыз қалдырмайтын қай мамандық?

Қоғамда жастардың мамандық таңдауына келгенде «әкім немесе прокурор болып, лауазымды орында отырғысы келеді» деу басым. Мойындаған жөн, үш дипломмен келсең де, есігін айқара ашып, жайлы орын дайындап отырған мекеме жоқ қазір.

Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар тізімі айқындалғалы, бәсекеге қабілетті ортада жұмысшы мен орта буын мамандарына сұраныс артты. Сәннен қалған заңгер, экономист болуға аса қызықпайтын жастар жеке кәсібін дөңгелетуде.

Мемлекет басшысы Жолдауында «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыру жалғасатынын жеткізген. «Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек» деген болатын.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Техникалық маманға қызығушылық басым

Бүгінде облыс колледждерінде білікті, кәсіптік маман даярлау оқу орындары арасындағы әлеуметтік әріптестікті арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Студенттердің техникалық мамандықтарды игеруге қызығушылығы артқан. Білім басқармасының мәліметінше, аймақта металлургтер, құрылыс және көлік мамандарына сұраныс жоғары. Сондықтан, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік және техникалық мамандықтарды қайта жаңғырту көзделген. Биыл облыста сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырысты ұлғайту мақсатында 300 кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істеу жоспарланған. Мемлекеттік тапсырыстың 60%-ы техникалық мамандықтарға (металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік және т.б.) қайта бағытталды.

2021 жылы өңірде техникалық және кәсіптік білім беру саласында талап етілмеген мамандықтар жабылды. Жаңадан автомобиль шиналарын шығару бойынша жоба іске асырылуына байланысты екі колледж базасында «Шиналар өндірісі», «Резеңке техникалық өндіріс», «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары ашылды.

Кейіннен мамандар зауытқа ауы­сып, Саран қаласында автобус­тар мен арнайы техника шығаратын зауыт іске қосылды.

Оқу-ағарту министрлігінің тех­­никалық және кәсіптік білім де­­партаментінің мәліметінше, биыл кәсіпорындардың өтінімі бо­йынша еліміздің оқу орындарына 10 мың студент қабылданған. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық тізімінде ақпараттық технологиялар, құрылыс және коммуналдық шаруашылық, геология, тау­-кен өнеркәсібі, энергетика, металлургия және машина жасау бар.

Министрлік ақпараты еліміз­дің колледждерінде барлығы 517 мың студент білім алатынын айғақтайды. Оның 312 мыңы тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтылған. Осыған орай биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы 50 мың орынға артқаны байқалды. Сондай­-ақ, жаңа оқу жылынан бастап колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға көбейді.

 

Нәтижелі жұмыспен қамтитын «Жас маман»

Техникалық білім беруде «Жас маман» жобасына қазіргі таңда об­лыстың 15 колледжі қатысуда. Аталған жоба аясында жоғары оқу орындарына сай сұранысқа ие 100 мамандық бойынша білікті маман даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу – жоспарда.

Осы орайда 2020 жылы 7 колледж заманауи жабдықталған бо­­латын. Қосымша 8 колледжді жаңа жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жүруде. Күн сайын студенттердің оқу сабақтарына қатысуына сараптама жүргізіліп, оқытушылар тарапы­нан талқылануда.

Бүгінгі таңда нәтижелі жұмыс­пен қамтуда жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы қарқынды жұмыс істеп тұр. Аталған жоба бойынша облыстың техникалық және кәсіптік білім беретін 28 оқу орнында 1780 адам білім алуда. (Қазақстан бойынша – 365 оқу орны, 52 901 адам оқиды). Студенттердің шамамен 46%-ы халықтың әлеуметтік осал топтарынан. Осы мақсатта облыс колледждері 2017 жылдан бастап модульдік білім беру бағдарламаларына көшкен болатын. Бұл түлектерге мамандықтар бойынша 3-4 біліктілік алуға мүмкіндік береді. Екі деңгейлі даярлау – техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету және сервис салалары мамандықтары бойынша жүреді.

Дуальды оқыту жүйесі өндіріске бағыттайды

Қазіргі таңда аймақтағы кә­сіптік және техникалық білім ошақтарында 42 колледжде дуальды оқыту жүйесі бар. Аталған жүйе 7000 адамды қамтып, 300-ге жуық кәсіпорынның қатысуымен енгізілді. Биыл жаңа қабылданған 3500-ге жуық студентті жобаға қатыстыру жоспарлануда. Бұл – мемлекеттік тапсырыс бойынша барлық білім алушының 25%-ы (өткен жылы 6425 білім алушы, бұл 8%-ға артық). Оған қоса өндірістегі тәлімгерлерге қосымша ақы төлеу бойынша шаралар қабылданды. Дуальды оқыту кезінде практикадан өту мерзімі студенттің еңбек өтіліне қоса есептеледі (6 айдан 1,5 жылға дейін).

Әлемнің озық елдерінде табысты қолданылып келе жатқан жүйе кәсіптік білім беру саласында да өзінің тиімділігін байқатқан. Басқарма мамандарының айтуынша, дуальды білімді дамытуда ма­мандардың кәсіптік жарамдылығы – өндірісте оқыту арқылы айқындалады. Кәсіптік білім алушылар өздерін жан-жақты көрсету барысында жұмысқа орналасуға жолдама алады. Маманға қойылатын талаптарды ескерген әрбір жас өзінің жұмысқа ынтасын, икем­ділігін жұмыс барысында байқата алады.

Мамандар сөзіне сүйенсек, дуальдық жүйе атауы қоғамға кеңінен таныс болғанымен, іс жүзінде көбісі түсіне бермейді. Жүйе еңбек нарығындағы өзгерістерге тез бейімделетін, бәсекеге қабілетті, білікті мамандар даярлауды көздейді. Ол жұмыс берушілер мен кәсіптік маман даярлайтын оқу орындары арасында жүзеге асады. Өндірістегі сабақтардың өткізілуін, студенттердің қауіпсіздігін топ жетекшісі қадағалайды. Дуальды оқыту жүйесіне жауапты колледждің өндірістік оқыту шебері және мекемеден белгіленген маманға жауапкершілік жүктеледі.

Қазіргі таңда колледждердің 60 пайызында WorldSkills стандарттары бойынша бағалау жүйесін енгізу де – күн тәртібіндегі мәселе. Бұл орайда облыс жастары жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру және колледж студенттерін дамыту мақсатында WorldSkills халықаралық шеберлік чемпионатына белсенді қатысып жүр. Биыл үш студент Қазақстанды Польшада өткен халықаралық турнирде өз жобаларын («Сантехника және жылыту», «Флористика» және «Электроника» құзыреттілігі бойынша) сәтті көрсетті.

Жалпы, кәсіптік және техникалық білім беру бойынша 2023-2024 оқу жылына қабылдау 8 144 орынды қамтыды (оның ішінде жергілікті бюджеттен – 7 144 орын). «Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен – 1 000 орын белгіленген.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button