Жұмыссызға жәрдем мол
Президент бастамасымен қолға алынған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы өңірлердегі жұмыссыздық мәселесін жоюға айтарлықтай серпін бермек. Бүгінде аталмыш бағдарлама Приозерск қаласында белсенділікпен жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламаға қатысуға ниеттілер қарасы қалың.
Шағын шаһар билігі жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, инженерлік-көлік инфрақұрылымды жақсартып, әлеуметтік-мәдени нысандарды жөндеуге, елді мекендерді абаттандыруға мүмкіндік беретін бағдарламаны жүзеге асыруға кірісіп кетті. Биыл қалада халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында жалпы сомасы 893300 мың теңгеге 10 жоба іске асырылады. Оның ішінде, қайта жаңарту мен жөндеу жұмыстарына басымдық беріліп отыр. Бұл туралы Приозерск қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Рахима Ахметова мәлімдеді.
– Өңірде биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 224 жұмыс орны құрылмақ. Тұрғындар әлеуметтік нысандарды жөндеуге, елді мекендерді абаттандыруға, өзге де құрылыс жұмыстарына тартылып жатыр. Мұнда 1 мәдени-әлеуметтік нысанды жаңғырту жобасы, 5 тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығын жөндеу жобасы, 1 инженерліккөліктік инфрақұрылымы жобасы, 3 елдімекенді абаттандыру жобасы қамтылған, – дейді Рахима Есенаманқызы.
Директордың айтуынша, жұмыспен қамту орталықтары арқылы 111 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Он жобаның қатарында Приозерск қаласының орталық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін 51 691 мың теңге қаржы қарастырылып отыр. Бағдарламаның шарттарына сәйкес, жұмыскерлердің жартысы халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмылдырылады. Жұмысқа алу кезінде жастарға басымдық беріледі. Сонымен қатар, бағдарламаға қатысушылардың жалақы мөлшері 85 мың теңгеден төмен болмайды.
Бүгінде жұмыс күшін көптеп тарту мақсатында қалада рекруттік пункт құрылған. Бұл мамандар қаланы аралап, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы туралы тұрғындарға кеңірек ақпарат беруде.
ПРИОЗЕРСК қаласы.
Нұрдос КӘРІМ