«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»Бас тақырып

Жұмыссызға қолдау бар

Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай АЛТЫНСАРИННІҢ «Әке мен бала» әңгімесін оқып өстік. Мұны неге айтып отырмын?! Ескі таға үшін иілмеген бала әкесінің жерге тастаған шиесін алу үшін бірнеше рет еңкейеді. Демек, ештеңенің оңайлықпен келмейтіні белгілі. Жұмысқа келгенде де осы жағдай. Бірден жұмсақ орынға топ етіп отырып, жақсы жалақы алу мүмкін емес. Бұл өз алдына. Ал, жұмыс істеймін деп талпынғанынан жұмыс берушінің тәжірибе талап ететіні басқа бір проблеманың құлағын қылтитады. Сонда қайтпек керек? Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін жағдай қандай? Біз осы мәселенің жауабын табуға тырыстық…

ТӘЖІРИБЕСІ ЖОҚ ҚАЙТПЕК?

Облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың І тоқсанындағы деректер бойынша жұмыссыз жастардың саны – 5,8 мың адам. Ал, өткен жылдың І тоқсанында 4,8 мың адам болған. Соның салдарынан жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 0,8 пайыздық тармаққа өсіп, 5,2%-ға жеткен. Мәселен, жыл басынан бері Қарағанды қаласындағы жұмыспен қамту орталықтарында тұрақты жұмыс орындарына – 1270, уақытша жұмыс орындарына – 672 адам тартылған. Ал, бос жұмыс орындарының саны – 2578, уақытша бос жұмыс орындарының саны – 329-ды құрап отыр.

Жұмыссыз жүрген жастар «Жұмысқа орналасу кезіндегі ең басты қиындық – жұмыс тәжірибесінің жоқтығы» дейді. Одан бөлек, жоғары оқу орындары мен кәсіптік оқу орнында алған мамандық бойынша орналасудың қиын екенін де алға тартады. Қарағандылық Серік Абайұлы да дәл осының кебін киген.

– Осыдан 2 жыл бұрын жоғары оқу орнын бітірдім. Бірақ, отбасылық жағдайыма байланысты оқу ақысын төлей алмай, қатарластарымнан бір жылға қалып қойдым. Бір жылдың әрі-берісі жоқ. Қолыма құжатымды алып, мамандық бойынша жұмысқа тұрайын десем, ең кемі 3 жыл еңбек өтілім керек екен. Оқуды енді бітірген менде ол қайдан болсын? Егер еңбек өтілінсіз жұмысқа кіретін болсам, ең төменгі жалақымен орналасады екем. Ал, ер-азамат болған соң ондай жалақы жеткіліксіз. Ақыры өзім қалаған мамандық бойынша жұмыс таба алмай, жарты жылдан соң вахталық жұмысқа тұрдым, – дейді ол.

Ия, оқуын енді тәмамдаған, тәжірибесі жоқ жасты жұмысқа қабылдаған кез келген жұмыс беруші жоғары айлық бермейтіні анық.

Мемлекет тарапынан ұсынылған «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» сынды жоғарғы оқу орны және колледж түлектеріне арналған бастапқы тәжірибеден өтуге бағытталған жобалар бар. «Алғашқы жұмыс орны» – жасы 29-дан аспаған жастар үшін бірінші жұмыс орнында кәсіби білім мен дағдыларды көрсетуге арналған. Жалақысы 20 АЕК, теңгемен шаққанда 61 260-ды құрайды. Әлбетте, нарық қысқанда бұл жалақының төмен екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Ал, жастар өз мамандығы бойынша қашан жұмысқа орналасады? Осы сұраққа келгенде тосылатынымыз рас…

Бұл – бір. Екіншіден, жұмыссыз жүрген жастармен тілдесе қалсаңыз: «Түйіндеме тапсырсаң, хабарласатындарын айтып, шығарып салады. Одан кейін үміттеніп хабар күтіп отырғаның», «Жұмыс табу үшін таныс керек» деген сынды түрлі пікірлер айтады. Жоқ, әлде, жастардың іскерлік қарым-қатынас орната алмауы, еңбек нарығы мен жұмыс іздеу әдістері туралы ақпаратының аздығы аяққа тұсау ма екен?..

КӘСІПКЕРЛІК ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАРАДЫ

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларға – 385 және халықтың әлеуметтік осал топтарына – 370 грант бөлінді. Сонымен қатар, 10 мың жас жұмыспен қамтылады.

Жастар кәсіпкерлігін дамыту мен қолдауға облыстық бюджеттен 100 млн. теңге көлемінде 50 грант қарастырылған. Яғни, бір гранттың сомасы – 2 млн. теңге. Ал, қала мен аудан деңгейіндегі жобаға 138,4 млн. теңге бөлінді.

«БІРІНШІ ЖҰМЫС ОРНЫ»

Сонымен қатар, 2022 жылы жас мамандарға арналған «Қарағанды жастары» өңірлік ипотекалық бағдарламасы іске қосылғанын да айта кеткен жөн. Оған облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге, «Отбасы банк» АҚ тарапынан 500 млн. теңге бөлінді. Бағдарлама аясында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің кешенді жоспарына сәйкес 669 пәтер берілмек.

Ағымдағы жылы «Еңбек» бағдарламасы іске асыруды аяқтады. Алайда, халықты жұмыспен қамту жөніндегі шаралар 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын болмақ, онда 41 мың адамды жұмыспен қамту көзделген. Оның 10 мыңы – жастар.

– Алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, жұмыссыздар, халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелгеніне қарамастан, 29 жастан аспаған жастар, оның ішінде NEET санатындағы, жұмыс тәжірибесі жоқ жастар «бірінші жұмыс орны» жобасына қатыса алады. «Бірінші жұмыс орны» жобасына қатысу ұзақтығы 12 айдан 18 айға дейін ұлғайды. Жалақысы – 20 АЕК-тен (76575 тг.) 30 АЕК-ке дейін (91 890 тг.) өсті. Аталмыш жобаға биыл 238 жас жолданды. Ал, «Жастар практикасы» жобасы бойынша 248 адам жіберілді. Зейнеткерлік жасқа толған жұмыс істеп жүрген жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыру үшін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы әзірленген болатын. Жұмысқа орналасу үшін үміткерлер жұмыспен қамту орталығына немесе электрондық еңбек биржасына жүгінеді. Биыл аталмыш жобаға 14 адам тартылды. Жоспар бойынша 34 адам еді. Бүгінгі таңда жұмыстар үздіксіз жүргізілуде, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Мұхтар Төлеу.

Қарағанды қаласының халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналасу мәселесі бойынша өтініш білдірген Ақбота Нұрғали есімді жас маман «Бірінші жұмыс орны» жобасы аясында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Ол биыл А.Құнанбайұлы атындағы Саран Жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал, Ұлжан Бекболат Қарағанды технология және сервис колледжін «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша бітірген. Жұмыспен қамту орталығының мамандарына жүгінген оған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу үшін «Ұрпақтар келісімшарты» бағытына қатысу ұсынылыпты. Ұлжан «Дедал» ЖШС-не жіберіліп, жоба бойынша тігінші болып жұмысқа орналасты.

– Оқуымды бітірген уақытта жұмысқа орналасу екіталай болды. Тәжірибем де жоқ. Содан жұмыспен қамту орталығындағы мамандардың қызметіне жүгіндім. Өзім соңғы курсты «Дедалдан» іс-тәжірибеден өткен болатынмын. Сөйтіп, өзім үйренген, білетін жерге келдім. Жұмысқа тұрғаныма 2-3 күн ғана болды. Жұмысым өзіме ұнайды – дейді Ұлжан.

Мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар жасалып, мәселенің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Еңбек етемін деген жанға – жұмыс жетерлік. Тек, тәжірибең мен біліктілігіңді арттыру үшін уақыт керек…

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button