АймақБалқаш

Жұмыртқа неге қымбаттады?

«Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» деп жұмбақ қылып жасыратын жұмыртқа бағасының жұмбақ күйде өскені байқалады. Былтырдан бері біртіндеп қымбаттай бастаған жұмыртқаның бағасы қаңтар айында шарықтау шегіне жеткен сияқты.

Сурет: caravan.kz сайтынан

Бір дана жұмыртқаның нарықтағы ресми құны 60 теңгеден өсіп, 65 теңгеге дейін жетті. Яғни, 10 дана жұмыртқаны бір жыл бұрын 600 теңгеге сатып алған тұтынушы енді оған 650 теңге төлейді. Демек, ішкі нарықта жұмыртқа бағасы 10 пайызға дейін қымбаттады. Мамандар мау­сымдық өзгерістің салдарынан дейді. Сатушы Ольга Рыбакова «жұмыр­тқа бағасының өзгеруі – м­аусымаралық құбылыс» дейді.

– Саралай қарасаңыздар, жыл сайын жазда жеміс-жидек пен көкөністер көбейіп, жұмыртқаға сұраныс азайғандықтан баға арзандайды. Күз бен қыста сұраныс көбейгенде, баға өз қалпына келеді. Әрине, бұған дейін жұмыр­тқа арзандау болған. 530-570 теңгеден жұмыртқа сатып алушы едік. Үстіне тек 20 теңге қосып сатып жүрдік. Шамамен 600 теңге көлемінде сатылды. Ал, қазір қыс мезгіліне қымбаттауына байланысты жұмыртқаны 630 теңгеден алып, 650 теңгеге сатып отыр­мыз, – дейді Ольга Рыбакова.

Тамақтану институтының мәліметінше, орташа есеппен алғанда әр қазақстандық 3 күнде 2 дана ғана жұмыртқа жейді екен. Бұл, яғни, жұмыртқаға сұраныс­тың барлығын көрсетеді.

Мамандардың айтуынша, құс шаруашылығын субсидиялауға қатысты бірізділіктің болмауы да өнімнің бағасына ықпал ететін көрінеді. Сонымен қатар, құс еті мен жұмыртқа экспорттайтын компания өкілі елден шығатын өнім көлемі ішкі сұраныстың тепе-теңдігін бұзуға әсер етуде деген пікірде. Өйткені, сыртқы нарыққа шығатын өнім кедергісіз жөнелтілуде екен. Салыстыру үшін алсақ, былтыр Қазақстандағы құс шаруашылығының дайын өнімі 96,6 пайызға жеткен, ал, мұның 4,2 пайызы шекара асқан көрінеді. Қолымыздағы деректерге сүйенсек, жұмыртқаның 247 миллионы – Ауғанстанға, 212 – миллионы Ресейге жіберілген.

Балқаш қаласында жұмыр­тқаның қымбаттауынан тұтыну тапшылық тудыратындай деңгейге жетпеген.

– Баға қымбаттауы өңіріміз бойынша байқалады. Әрине, бұның басты себебі өзіміздің өндіріс болмағандықтан басқа жерлерден тапсырыс беруге мәжбүрміз. Ал, қазіргі қымбатшылық бұл маусымдық сатылым, – дейді Балқаш қалалық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Әнуар Баймбетов.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button