«Жұмбақ соғыс» жауынгерлері ардақталды
Қарағанды қаласы, Әлихан Бөкейхан ауданындағы №95 гимназияда бір кездері осында білім алған, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш тақта КСРО маршалы Сергей Бирюзов атындағы мектептің жауынгерлік даңқ мұражайында орналасқан.
Естелік белгінің ашылу салтанатына Ауған соғысының ардагерлері мен ауған жерінде қаза тапқан ержүрек жауынгерлердің туыстары, ұстаздар қауымы, мектеп мұражайының қызметкерлері мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Еңселі білім ордасы үшін бұл есте қаларлық оқиғаның маңызы зор.
– 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толады. Жауынгерлер өмір мен өлімнің арасында, үйден, жақындарынан алыста әскери антқа, әскери және адами борышқа адал болды. Ауғанстанда 15 мыңнан астам Кеңес сарбаздары қаза тапты. Олардың арасында біздің мектептің түлектері де бар. Атап айтсақ, мектебіміз орналасқан шағын ауданда тұратын Федор Галич, Александр Чепурин және Валерий Мамай. Біз қаза тапқан сарбаздарды есімізде мәңгі сақтаймыз және құрметтейміз. Олардың құрметіне мұражайда фотосуреттері мен құнды құжаттары қойылып, есімдері ескерткіш тақтаға жазылды, – деді №95 гимназия директоры Александр Маленко.
Аталған ескерткіш тақтаның жобасы мектепте жасалып, кейіннен Ауған соғысы ардагерлері ұйымымен келісілген. Балалар осы мектепте оқыған, мектеп парталарында отырған, Ауған соғысында қаза тапқан сарбаздар туралы естеліктерді саналарына тоқып, сондай батыр ағаларымен мақтанатынын жеткізді.
– Өкінішке орай, қаза тапқан сарбаздардың туыстарының көбі бұл өмірде жоқ. Ал, кейбірі шетелде тұрады, – деп бөлісті гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Елена Самченко.
Ескерткіш тақтаның ашылуына келген «жұмбақ соғыстың» 14 ардагері мен басқа да қонақтарды балалар дәлізде тік тұрып, қарсы алды. Мұражайға жиналып, алдымен ержүрек ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткіш тақтаны ашып, гүл шоқтарын қойды.
Кейін мәжіліс залында қонақтар мен жоғары сынып оқушыларының кездесуі және шағын концерт өтті. Ардагерлер басынан кешкен оқиғаларымен бөлісті. Балалардың қойған сауалына жауап берді. Сонымен қатар, қонақтар мұражайға Ауған соғысы ардагерлері туралы мақалалар жарияланған газет-журналдарды, каска, сарбаз дипломатын, гитарасын және басқа да жеке заттарды табыс етті.
– Сондай-ақ, Әлихан Бөкейхан ауданынан Ауған соғысына шақырылғандардың суреті мен жауынгерлік жолының тарихы да мұражайға жиналған. Мұражай қоры әлі толықтырылуда және мұндағы басты міндет – мүмкіндігінше балалар тарихымызды, оның ішінде, Ауған соғысы туралы көбірек білуі және оларды ұмытпауы, – деп атап өтті Елена Самченко.
Тағы бір айта кетерлегі, енді №95 гимназиясы кеншілер шаһарының мерейтойына орай дайындықты бастайды. Мектепті безендіріп, түрлі форматтағы шаралар өткізбек.
– Мектебімізде осындай ескерткіш тақтаның орнатылуы үлкен тарихи оқиға болды. Біз бұрын ауған соғысы туралы аса көп мәлімет білмейтінбіз. Мұражайға қойылған ескерткіш тақтадан ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан батыр ағаларымыздың есімін оқып, қатты толқыдық. Олар осы мектепте білім алған екен. Енді біз мектеп мұражайына табысталған жауынгерлердің бұйымдары арқылы көп нәрсе біле аламыз. Бізге осындай мүмкіндік жасап жатқан мектеп басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді мектеп оқушылары.
Өз тілшімізден.