ҚарқаралыТұлға

ЖҰЛДЫЗЫ ЖОҒАРЫ ӘБІКЕН

Биылғы қысталаң Қарқаралы жұртшылығына оңай тиген жоқ. Омбы қар ат тұсаулап, үйме қар сиырды «інге» кіргізді. Іле келген көктелең топан суын ала келді. Соны жол бойы көріп бардық. Әсіресе, Көктастың тұсы әлі буырқанып жатыр. Тегісшілдіктің суы лықылдап келіп жатыр. Арнасын таппаған қызыл су жүлгі салып, даланы жырып тастаған. Соның гүрілдеп ағып жатқанын көзіміз көрді. Мал да кетті, жан да шетінеді.

Кеткен тұяқты малдың орыны отар-отар болып оралсын деп тіледік. Шәйіт кеткен ұлықты ұлдарымыздың отбасы рулы елге айналсын деп тілек қостық.

Қарқаралы жұртшылығы бұл жолы да байбалам салған жоқ. Өз күштерін қоғамдады. Рухтарының биік екендіктерін көрсетті. Табиғат ананың сынағында сүзіліп кетпей қайтып бой тіктеді. Тіктегені сол өзекті жанның алтын діңгегі рухқа құрмет көрсетті.

Қарқаралының бір туар ұлы Әбікен Бақтыбайға тағзым ету арқылы осы топырақтан шыққан Мақсым Омарбек, Сапарғали Ләмбек, Әбжан Омарбай сынды Қарқаралының қаракесегіндей ұлдарын ұлықтады. Әлгіндей қиыншылықтарға қарамастан осындай кеш өткізген аудан басшылығына, ел ағаларының ісіне сүйсіндік, ақжарма алғысымызды айттық. Кеш Әбікен Бақтыбайға арналғанымен оның ортасын, айналасын айналып өтпейтініміз анық. Ал Әбекең сол аға ұрпақ пен осы келер ұрпақтың алтын көпірі іспетті еді.

Маған бұл ағалармен бірге қызмет істеу бақыты бұйырмады, алайда қатар жүргеніме шүкіршілік қыламын. Ол кісілердің рухы өзіміздің «Орталықтың» босағасында қалды. Сол кісілердің ізін шиырлағаныма шүкіршілік қыламын.

Әбекеңді білуім ертеден. Алпысыншы жылдардың басы білем. Менің туған жерім – Ақшатау өз алдына аудан болып жатты. Жаңаарқадан Нілді және Ақадыр станцияларының ауысқанын білемін. Біз пионер лагерінде едік. Әлгіндей аласапыран кез. Келімді кісілер көп. Бір күн тағы да сондай бір топ келген. Орыс-қазағы аралас. Соның ішінде дембелше келген ағамыз есімізде қатты қалды. Ең алдымен қайнап тұрған жазда шляпамен жүрді. Екіншіден, қазақ тілінде орыс сөзін қоспай таза сөйлеген сол кісі болды. Үшіншіден, сол кісі сойылған малдың шек-қарнының рәсуа болып жатқанын айтып, бізге қуырдақ жегізіп кетті. Төртіншіден, ол кісінің, тек Бақтыбаев екендігін сақтап қалдым. Өйткені, менің бөлем де Бақтыбаев болатын.

Сол Бақтыбаев текесімін өмір бойы өзіммен бірге алып келем.

Әбекеңнің кеші, әрине, ауданның Мәдениет үйінде өтті. Фойесінде кітап көрмесі ұйымдастырылған екен. Көретіндей, керек қылатындай біраз дүние бар болып шықты.

Жергілікті актерлердің қатысуымен Әбекеңнің өмір жолынан көрсетілген сценалар өзінің шынайлығымен елді баурап алды.

Кешті қысқаша құттықтау сөзбен аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әли ашты. Негізгі баяндаманы асыл ағамыздың шәкірті, қаламдас інісі, жергілікті газеттің редакторы Рымбек Смағұлов жасады. Жақсы істердің ұйытқысы болып жүретін Рымбала Кенжебалақызы апайымыз қашандағыдай ұтымды сөйлеп, асыл ағаның ел біле бермейтін қырларына тоқталды. Ел ағасы Мұрат Нұрақышев ағамыздың да айтары бар болып шықты. Ол кісі Әбекеңнің тегіндегі тектілік тініне тоқталды. Әбекеңнің үлкен қызы Дананың естелігі ешкімді бей-жай қалдармады деп ойлаймыз.

Асыл ағаның «Қарқаралыда осылай болған» деген еңбегі қолжазба күйінде қалған екен. Жылдар бойы тірнектеп жинаған деректі кітап. Соны ұрпағы өз алдына кітап қылып шығарыпты. Ел ол жинақты жылы қабылдады.

Кешті жүргізген белгілі режиссер Сламбек Жұмағали да ел алғысына бөленіп жатты.

Қайтар жолда тағы да Көктасты басып өттік. Кешегі жауған жауынның, бүгінгі жылт еткен күн жарықтықтың жылуынан Көктасымыз жайылма көл болып жатыр екен. Тағы да жансебіл тіршілікті көре алмадық. Әркім өз ісімен шұғылданып жүр. Мұндай елдің ертеңіне қалай сенбессің?!

Төрехан МАЙБАС

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button