Рухани жаңғыру

Жұлдызың жарқырай берсін, Жұлдыз!

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жерлесіміз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, еліміздің мәдени мұрасына үлес қосып жүрген ақын, журналист Жұлдыз ТОЙБЕКТІҢ туған ауылында «Қаратау ауылы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Ауылдың әр үйінің төрінен табылған кітапта туған жерін сағынған жаны нәзік, талғамы биік ақын қыздың елге деген сүйіспеншілігі, ата-анасының көзін көрген асыл жандарға деген құрмет бар.

Кітабының тұсаукесеріне келген қыздарын жерлестері ыстық ықыласпен қарсы алды. Ақын қызбен бірге келген ұлағатты ұстазы Бақыт Маханқызын, Қарқаралы ауданы руханиятының жанашыры Раушан Рашидқызын, Қарағанды облыстық «SARYARQA» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің редакторы Сейітқали Исатайұлын ауыл тұрғындары шашумен қарсы алды. Ауылдасы, сырнайшы Думан Мағзұмовтың сүйемелдеуімен клуб меңгерушісі Мәрия Момынбекова, замандасы, ұлағатты ұстаз Алтынай Кәкенова, Әсемгүл Сыздықова, Қарлығаш Жұмашева әнмен әлдиледі. Кешті Өсібай ауылының кітапханашысы Гүлназ Ибраева жүргізді. Кітаптың тұсаукесерін Н.Нұрмақов атындағы ауыл округі әкімі Талғатбек Билялов, құрметті қария Мұрат Мұздыбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Раушан Жылтыбаева және ұстазы, құрметті зейнеткер Бақыт Хасенова жасады. Кітап жазу – қиын іс. Ол үшін фактімен қатар, еңбек керек. Бұл ауылдың тарихы терең. Балқантаудың тасынан, тауынан күш алып, ой алып, қаламыңды қайрай түс, қарындасым, – деп жүрекжарды тілегін жеткізді Мұрат Мұздыбаев.

Ал, кітап авторы Жұлдыз Тойбек болса: «Асыр салып өскен ауылым Қаратауға – 60 жыл. Туған жеріме қандай сый тарту етсем деп біраз ойландым. Егіндібұлақ ауданына қараған «Қаратау» совхозы бір кездері дүрілдеген шаруашылық болды. Қойнауы төрт түлік мал еді. Кезінде осы топырақ – тартып қалса түгінен май шығатын ауыл болғанын, онда керемет қажырлы адамдар еңбек еткенін кейінгі ұрпақ қайдан білсін?! Қаратау ауылының халқы балапан басына, тұрымтай тұсына көше бастады. Орта мектеп бастауыш мектепке айналып, ауылда оқушы қалмауға айналды. Кейінгі ұрпағымызға бір кездері қойнауы құтқа толған, шаруашылығы шалқыған ауыл болғанын қалай дәлелдейсің? Осы ауылдың іргетасын қалағандардың көбі өмірден өтті. Бұл киелі топырақта аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов, Қазақстанның Халық әртістері Жүсіпбек Елебеков, Нұғыман Әбішев дүниеге келген. Осындай қасиетті туған топырақ қалайша иесіз мекен болып, көз алдымызда жоғалып кетпек?! Сөйтіп, тәуекелге бел буып, ауылымды мәңгілік есте қалдыру үшін ауылым туралы анықтамалық энциклопе[1]дия жаздым. Бұл – менің перзенттік парызым!» деп толғана сөйледі. Жұлдыз Қаратау тауының етегіндегі Өсібай ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіргеннен соң, Қарағанды облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып, мәдениет, өнер, тіл, білім, денсаулық салалары бойынша мақалалар жазды. Ақындар айтысының, бірқатар жазба ақындар мүшәйрасының жүлдегері, облыс әкімінің мемлекеттік тілді насихаттаған «Тіл жанашыры», журналистерге берілетін «Алтын Сұңқар» сыйлығының иегері, бірнеше кітаптың авторы. Жұлдыздың қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қосқан еңбегін ерекше атап өту керек. Алғашқылардың бірі болып Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімін беруде бастама көтерді. Жұлдыз Райымбекқызы елордамыздағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Еуразия – ақпарат» орталығының қызметкері, журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы болып абыройлы қызмет етті. Қазір Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде белді қызметкер. Ерлерден қалыспай журналистика саласында жүрген жерлесіміз – екі ұл өсіріп, немере сүйіп отырған аяулы ана, ардақты әже.

Гүлназ ИБРАЕВА, Н.Нұрмақов атындағы ауылдық округ кітапханашысы.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button