Жаңалықтар

«Өзге тілдің бәрін біл…»

   Жуырда «Достық» үйінде облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Жұпар БАЗАРОВАНЫҢ төрағалығымен Халықаралық ана тілі күніне орай «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының ашылуына арналған дөңгелек үстел өтті.

1999 жылы ЮНЕСКО 21 ақпанды Халықаралық ана тілі күні деп жариялаған еді. Мұндағы мақсат – тілдердің әртүрлілігі мен көптілді білімге ықпал етіп, ана тілінің маңызын арттыру. Соған байланысты, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен өзге ұлт өкілдерінің балаларына мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Мың бала» жобасы пайда болған еді. Бүгінгі таңда бұл жоба Қазақстанның барлық өңірінде қолға алынуда.

Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді үйрету арқылы қазақстандық бірегейлікті қа­лып­тастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту.

Шараға қатысушылар қатарында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Әсем Сағатова, №39 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, «Тіл мектебі» қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламасы бойынша жобаның өткен жылғы жеңімпазы Орден Сұраған, №52 орта мектебінің мұғалімі, облыстық Тарас Шевченко атындағы «Ридне слово» украин тілі серіктестігінің жексенбілік мектебінің оқытушысы Ирина Скокова, «Вайнах» шешен-ингуш облыстық этно-мәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әлихан Муцольгов болып, тіл мәселесіне қатысты тың мағлұмат жеткізді. №38 гимназияның оқушысы, жоба жеңімпазы Кристина Хван қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін білдіріп, алған әсерімен бөлісті.

Өткен жылы осы жоба аясында облысымызда 5 мыңнан аса балалар мен жастар қатысқан 260 шара өткізілді. Атап айтқанда, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті, қазақстандық патриотизмді, мемлекеттік тілдің маңыздылығын насихаттайтын шаралар, авторлық курстар, шешендік өнерді дамыту тренингтері, ұлттық спорттық ойындар, байқаулар мен викториналар, дөңгелек үстелдер мен отырыстар өтті. Сондай-ақ, жоба 109 мың 453 баланың мемлекеттік тілді сапалы түрде оқып, меңгеруіне ықпал етті. Нәтижесінде, 5000-ға жуық бала мемлекеттік тілді сапалы түрде оқып, меңгерді. Жоба бағдарламасы «мәдени-тілдік бой үйрету» халықаралық тәжірибесінің озық нәтижелерін ескере отырып құрылғандықтан, барлық қатысушылардың мәдени және тілдік ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді. Осы ретте айта кетейін, биылғы жылдың маусым айында Жезқазған қаласының Қоғамдық келісім кеңесімен бірлесіп, Ұлытау ауданында тілдік лагерь ұйымдастырғалы отырмыз, – деді «Қоғамдық келісім» мекемесінің маманы Динара Жұмагелдина.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button