ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР – КҮН ТӘРТІБІНДЕ
Қарағандылық кәсіпкерлер үшін су тарифі төмендейді. Судың бір текше метріне 320 төлеп келген кәсіпкерлер енді 2018 жылдың қаңтарынан 248 теңге төлейтін болады. Бұл туралы кәсіпкерлік бойынша комиссияның отырысында облыс әкімінің орынбасары Алмас АЙДАРОВ мәлімдеді. Сонымен бірге, отырыста жолаушылар тасымалы да кеңінен сөз болды. Бұған дейін де бірнеше рет талқыға түскен жолаушы тасымалының түйткілі тағы да назарға алынды.
Жолаушы тасымалындағы түйіні томардай мәселелердің мән-жайын Қарағанды облысының автокөліктік кәсіпорындар қауымдастығының директоры Айнетдин Буралкин баяндады. Қауымдастық басшысының мәлімдеуінше, жолаушы тасымалына тұсау салған екі негізгі проблема бар. Біріншісі – шынайы бәсекелестіктің жоқтығы, яғни, жолаушыларды заңсыз тасымалдау, екінші – жолаушы тасымалының субсидияланбайтындығы. Бұл екі жайт – жолаушы тасымалының сапасына да ықпал етеді дейді А.Буралкин. Оның айтуынша, жалпы бүгінде елдегі автопарктің 68 пайызының тозығы жеткен. Жаңаруға зәру автопарктер жағдайының түзелмеуінің бір себебі де осында. Осыдан келіп, жолаушы тасымалында жүйесіздік орын алады.
– Бүгінде автобус парктерінің тозығы жеткен, жүргізушілер жетіспейді. Бұдан жолаушы тасымалының кестесі бұзылады. Қызмет көрсету деңгейі төмендейді. Жалпы, жолаушы тасымалында оны дамытудың стратегиясы жоқ. Жасырын экономикадағы заңсыз жолаушы тасымалының жолын жергілікті полиция қызметі және мемлекеттік кіріс департаментімен бірлесе кесу керек, – дейді А.Буралкин. Жүргізушілерге үзілісте жағдай жасайтын демалыс орнының жоқтығы, орталықтандырылған диспетчерлік қызметтің жолға қойылмауы да жолаушы тасымалындағы кемшіліктер. Жолаушы тасымалының ахуалын жайып салған қауымдастық басшысы бірқатар ұсыныстар да жасады. Оның ішінде, субсидиялау, облыстық автокөлікті дамыту бар.
Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, жолаушы тасымалындағы көлеңкелі экономикамен күресте электронды билет жүйесін енгізу тиімді тәсіл.
– Біз, шындығында, аудиттер жүргізіле ме, жоқ па, нақты білмейміз. Жолаушы тасымалдаушылардың есебінде мәліметтер бар. Бірақ, электронды жүйені енгізген соң нақты нәтижелерді шығару неғұрлым оңай болады деп ойлаймын. Бірыңғай диспетчерлік жүйені құруға байланысты жұмыстар жүргізудеміз, – дейді қала әкімі Н.Әубәкіров.
Облыс әкімі Ерлан Қошанов жолаушы тасымалының бұған дейін де бірнеше рет қарастырылғанын, бұл орайда жұмыстар қолға алынғанын еске салды. Сондай-ақ, жолаушы тасымалындағы заңсыздықтың жолын кесу үшін жергілікті полиция қызметі мен мемлекеттік кірістер департаментіне тапсырма берді және өзінің тікелей бақылауында болатынын жеткізді.
– Біз жолаушылар тасымалдау мәселесін бірінші рет талқылап отырған жоқпыз. Бұл бағытта жұмыстар атқарылуда. Қызмет көрсету және автобустар паркін жаңарту мәселелері шешімін табуда. Ең өзекті проблема – заңсыз жолаушы тасымалы. Мұны реттеп, шешу жолын анықтау – жергілікті полиция қызметіне және мемлекеттік кірістер департаментіне тапсырылады. Бұл мәселені өзім қадағалаймын, – деді аймақ басшысы.
Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»