Зейнетақы қорындағы 184 млрд. теңге вагон алуға жұмсалады
Көлік министрі Марат Қарабаев БЖЗҚ қаражаты есебінен жаңа вогондар сатып алынатынын айтты. Ал, жаңа вогондар Қазақстанда өндіріледі, деп хабарлайды Ortalyq.kz kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
– Зейнетақы қорынан вагондарды сатып алуға қаржы бөлінеді деген мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр. Шынында да зейнетақы қорынан «Бәйтерек» холдингі қаржы алды. Соның ішінде вагондарға 184 млрд теңге жұмсалып отыр. Оған жолаушыларды тасымалдайтын 100 вагон, сондай-ақ жүк тасымалдайтын үш мың вагон алынып жатыр. Зейнетақы қорында қаражаты жұмсалған азаматтарға бұл міндетті түрде пайда әкеледі. Бұл ретте, бірінші мәселе халықтың сол жақтағы ақшасы елге, жұртқа пайда әкеледі. Өйткені бұл нарықтық пайызбен алынған ақша, яғни «Бәйтерекке» жеңілдетілген ақша берілген емес. Екіншіден, басқарушы холдинг мемлекеттің меншігінде. Сондықтан ол ақшаны қайта қорға айналып келіп түсуіне мемлекет толық кепілдік береді. Үшіншіден, вагондар отандық зауыттардан сатып алынады, – деді М.Қарабаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда министр вагондар ел игілігіне пайдаланылатынын айтты. Жолаушыларды тасымалдайтын вагондарды Петропавлдағы ЗИКСТО компаниясы жасайды. Сондай-ақ жүк вагондарын Екібастұздағы компаниядан алу жоспарланған.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.