Тұлға

ҮЗЕҢГІДЕ КЕТКЕН АЯҒЫ

Ол кісі жөнінде байқап жазу керектігін аңғардым.

Өйткені, ол кісі жөнінде көркем суреттеме жазам деп сол кездегі қаламы көкке шапшып тұрған, қазіргі Бас редакторым Мағауия Сланбекұлы жұмыстан шығып қала жаздапты

♦ ♦ ♦

Әңгіме мынада. Мағауия Сланбек­ұлының ҚазМУды жаңа бітіріп, 1976 жылы газетке «литсотрудник» болып орналасқан беті екен. Ондай «литсотрудниктер» тақырып талғамайды, әдетте. Совет құрылысы бөлімінің сол кездегі меңгерушісі Тоқан Әбуғалиев ағай кезекті еңбек демалысына кетеді де, орнында «и.оболып қалған Мағауға алда келе жатқан Милиция күніне орай бір очерк жазуды тапсырады.

Бірінші көркем туындысы болған соң ышқынады ғой Мағау. Сәті келіп, кейіпкері де табыла кетеді. Анаумынау емес, капитан. Ол кездің капитаны қазіргінің полковнигін жолда қалдыратын.

Суреттеменің ұзынырғасы мынадай: түн ішінде біреу кісі қағып кетіп, ізін жасырады. Әлдебіреу көлік нөмірінің екі цифрын есте сақтап қалады. Жайшылықта мұндай қылмыстар ашылмайды дейді. Алайда, соның өзі қылмыскерді тұзақтауға жеткілікті болыпты. Облыстық автоинспекцияның капитаны Кәртай Дүйсенбаев жер түбіне кіріп кеткендей болған әлгіні құрықтайды. «Әлгіміз» анаумынау емес, ет комбинаты директорының ұлы көрінеді.

Тапшылық жайлаған сол заманда ет комбинатының директоры болу «Құдайдың құлағын» ұстағанмен бірдей болатын.

Одан кейінгі оқиғалар жылдам өтеді. Кәртай ағамыз қылмыстық іс қозғап жібереді. Алайда, өзінің басына да қара бұлт үйіріледі. Бастықтары оны ретін келтіріп, «төмендеу» басқа жұмысқа ауыстырып үлгереді.

Мұнан Мағау хабарсыз. «Жұмбақ нөмір» деген очеркі газет бетінде жарқ ете қалады. Материал «летучкада» мақталады. Тіпті, мақтаулы материал ретінде «қызыл тақтаға» ілінеді.

Ертеңінде аттанойбай басталады. Айтып отырған автоинспекцияның бастығы, облыстық ішкі істер, облыстық насихат бөлімдерінің басшымеңгерушілері бүргедей жабылады. Мәселе ушығып обкомға дейін барады. Қоятын кінәлары «қызметі ауысқан, жұмысында кемшілігі бар адамды дәріптеді» деген желеу.

Енді Мағаудың басы шырғалаңға түседі. Оның ісі редколлегияда қаралады. Жұмыстан шығару жөнінде де ұсыныс түседі. Сонда Бас редактор Рамазан Сағымбеков: «әлі жас ғой, қанатын қырықпайық» деп алып қалыпты. Алайда, ол да «төмендеп» секретариатқа барады

Бұл айтып отырғанымыз Кәртай аға ашқан талай қылмыстың бірі ғана.

Ол кезде қазақ баласының орденмедальға ілігіп жүруі сирек оқиға. Соған қарамастан Кәртай аға «Ішкі істер органындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталады. Бұл награда сол заманда милиционерлер үшін медальдардың медалі болатын.

Айтып отырған ағамыз Кәртай Дүйсенбаев мынау қазіргі Шет ауданының Айғыржал ауылының тумасы. Төлқұжатында 37-ші жылы туды дегенмен негізі бір жыл бұрын туыпты. Текесімі Дүйсенбаев болғанымен кәдімгі Әшілаевтармен бірге туады. Сопыжан, Қамажан, Қалқажан, Кәрімжан, Төлеген

Кәрімжанымызосы Кәртайымыз. Кәртайғанда туды деп Әшілай әкеміз Кәртай атап кетіпті. Барша баладан әкешешесіне жақыны осы баласы болыпты. Соған орай үлкендерге қарайлап жүріп қалады. Екі мүшеліне шыққанда он сегіз жасар айдай ару Аманбала жеңгемізге үйленеді.

Сол тұста Қарағандыда милиция мектебі ашыла қалады. Ағамыз осы мектептің алғашқы түлегі. Төрт жыл сонда оқиды. Осы оқу орнының жолдамасымен облыстық автоинспекцияға орналасады.

Мұнда өзін ешкім күтіп отырмағанды. Елдің бәрі бұл жұмысты майлы жілік деп біледі. Расында да солай. Алайда, оның да өз қиыншылықтары жетіп жатыр. Туа бітті болмысымен жұмысын адал атқаруға ұмтылады. Құдай берген мінезінен қайтып құтылысын, айтар жерде сөзден іркілмейтін. Мұның өзі біреуге жақса, біреуге жақпай жүреді.

Ауыл баласының техникаға жақын жүретіні белгілі. Соған орай ол да кез келген техниканың маркасын даусына қарап айыра беретін. Сол дауысына қарап, мотордың қай жерінде ақау барлығын да дөп басатын. Ал бұл қасиеттер автоинспекторларға ауадай қажет болатын.

Көре алмаушылық деген болмашы нәрседен басталады ғой. Кәртай ағамызды да көре алмаушылар пайда болады. Ағамыз соның біріне қарамайды. Пара да алмайды, пара да бермейді.

Алайда, қашанда текесімі бірінші аталатын болады. Отставкаға майор шенінде кетеді. Бұл ол тұста генерал шенімен бірдей болатын. Оның ішінде қазақ баласына. 92-ші жылы құрметті еңбек демалысына шығады.

Қалған ғұмырында имандылық жолына түседі. Ел әлі мешіттің есігінің қайда екендігін білмей жүргенде қажылыққа жүреді.

Отбасының тәрбиесімен айналысады. Балаларын әлеумет атына кір келтірмейтіндей қылып өсіреді. Үлкені Нұрланы политехты бітіреді. Бүгінде кәсіпкер. Әкесінің жолымен жүр десе де болады. Қолдан келгенше жоқ-жітіктерге көмектесіп тұрады.

Гүлнәрі әке жолын қуды. Бүгінде бір кездері әкесі оқыған заң академиясында басшының орынбасары. Шені – полковник. Заң ғылымдарының кандидаты. Атасының жолын қуған немере-жиендері де бар.

Осы тірліктің, ауызбіршіліктің ұйытқысы – Аманбала жеңгеміз бүгінде бақуатты. Немересін әлдилеген бақытты әжелердің бірі. Алқаулы жиындардың төрінен жиі көреміз. Қалалық Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелерінің бірі. “Семей-Невада” қозғалысының мүшесі ретінде де көп шаруа тындырып жүр. Жеңгемізді де балалар үйінен жиі көруге болады.

Соның барлығы табиғатынан. Имандылық жолында жүргендігінен.

Бүгінде бабалар салған жолмен құдайы қосағына дұға бағыштап, құдайы дәм беріп жатыр.

Марқұмның жылында Аманбала жеңгеміз жоқтау айтыпты:

Әділдіктің туын ұстап жоғары,

Қиянат пен өтірікке бармадың.

Сені ойласақ ішке қайғы

толады,

Көп еді ғой мақсатың мен

арманың.

Түзу жүріп һақтық адал

жолында,

Сапар шегіп қайтып едің

Меккеге.

Бүгін бізге білінеді жоғың да,

Асыл бейнең мәңгі естен

кете ме?!

Асыл ағамыздың қайтқанына жиырма жыл болыпты.

♦ ♦ ♦

Қазақ атам жоқтаушысы, іздеушісі бар адамды «аяғы үзеңгіде кетті» деп отырушы еді. Солай болар. Сүйегі топыраққа айналса да рухы өлмей келеді. Өлтірмей келе жатқаны өзінің жиған иманы болар. Аманбала жеңгеміз бастаған тірілердің де құдайшылығын, аруақшылдығын айта жүргеніміз абзал болар.

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button