Үздіктер бас қосты
Қалыптасқан дәстүр бойынша биыл мектеп бітірген үздік және белсенді түлектердің ХХ қалалық слеті өтті. Салтанатты сәт орталық алаңда жаппай вальс билеумен басталып, мектепті үздік аяқтаған, әртүрлі зияткерлік және пән сайысында топ жарған, қала мен мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан 270 түлек кеншілер сарайында бас қосты.
– Осы отырған өрендер арасында талантты әрі қабілетті жастар көп екеніне мен кәміл сенемін. Сендердің сондай тұлға болып қалыптасуларыңа ерен еңбек сіңірген ұстаздарға шексіз ризашылығымды білдіремін. Көздеген мақсатқа жеткізетін мамандық таңдауларыңа тілектеспін. Біз сендермен мақтанамыз, сендерге сенеміз, – деді қала басшысы Асқар Ыдырысов. Сосын 17 түлекке «Алтын белгі» төсбелгісін тапсырып, олардың алғашқы ұстаздарын Құрмет грамотасымен марапаттады.
Үздік білімімен дараланып, өнерімен тамсандырған, спорт саласында сан мәрте жүлде салған түлектерге құрмет көрсету мен сый-сияпат жасау рәсімі екі сағатқа созылды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков 15 түлекке үздік аттестат тапсырды. Бірнеше бала «Жас ғалым», «Жыл белсендісі», «Өнерлі өрен», «Жыл спортшысы» атанды.
Мектеп бітірушілер жүрекжарды лебізін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жеткізді.
Саңлақтар слеті «Түлектер» әнімен аяқталды.
Әлібек ӘБДІРАШ,
СӘТБАЕВ қаласы.